Өткен жылдар беттері парақталып, жылдар кейін шегінгенімен, оның көкжиегі бүгінімізбен, болашағымызбен тығыз байланысты. Өйткені, «Өткенсіз – бүгін жоқ, бүгінсіз – ертең жоқ», «Тарихы жоқтың болашағы жоқ» дейді дана халқымыз. Иә, бүгінде тәуелсіз еліміздің ауызбіршілігін сақтауға ұйытқы болған қарияларымыз – біздің асыл қазынамыз, тірі тарихымыз. Олар өздері бейнетін де, зейнетін де көрген соңғы жүз жылдың басты оқиғаларының ңағыз куәгерлері. Сондықтан да, олардың кешегі және бүгінгі, ертеңгі болашақ жайлы, адамдық құндылықтар туралы өміршең ой толғамдары, ұлымызды ұлағатты, қызымызды әдепті етіп өсіру жолындағы аналық, аталық жанашыр лебіздері баршамыз үшін зор ғанибет. Кешегі ата дәстүріміз бен бүгінгі заман талаптарын өзара үйлестіре отырып, балаларын, немерелерін тәрбиелеу барысында адамгершілік пен мейірімділіктің ғажайып үлгілерін көрсетіп, көненің көзіндей тәрбиеге толы тағылымымен айналасына үлгі болған, ел үшін, жер үшін қан майданда ерлік көрсеткен жандардың бірі Шолпанқұл Қарашев ата туралы сыр шерткім келеді. Ол кісі 1925 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Қарапайым отбасынан шыққан Шолпанқұл атаның жастық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Сол кезде небәрі 18 жастағы өрімдей жас жігіт Іле аудандық әскери комиссариатынан шақыру қағазын алып, 1943 жылы қан майданға аттанады. Ұлы Отан соғысында №205 атқыштар полкінде бөлімше командирі, кіші сержант шенінде II Украина майданында соғысқа кіреді. Батыс Украинаны фашистерден азат етуге қатысқан. Сол жолда талай қиыншылықты бастан кешірген бұлардың полкі жау қоршауында қалады. Қоршаудағы әскерде тамақ та таусылады. Басынан өткен қиыншылықтарға қарамастан, аш-жалаңаш жүріп, қоршауды бұзып, тұрақты армияға қосылды. Сол Батыс Украинада Елтушки деген деревняны азат ету кезінде оң аяғынан ауыр жарақатпен қоса контузия алып, дәрігерлердің талабы бойынша майданнан Жетіген ауылына қайтқан. Майданнан алған ауыр жарақатына қарамастан, 40 жыл теміржолшы болып жұмыс істеген. Еңбекте озат болғандығын әйгілеп, Темір жол министрлігінің Құрмет тақтасында үзбей суреті ілініп тұратын. Шолпанқұл атамыз Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін көптеген медаль, орденмен марапатталған. Бірінші-екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, Жеңістің 20, 30, 40 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталған. 1959 жылы Жетіген ауылдық округінде депутат болып сайланған. Жары Күлшара Әлменбетова екеуі 10 бала тәрбиелеп, өсірген. Күлшара апа да Ұлы Отан соғысында тылда аянбай еңбек етіп, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қазіргі уақытта үлкен ұлы Болат – отставкадағы офицер. Тасболат «СК Базис» компаниясының бас директоры, Мұрат осы компанияда бригадир болып еңбек етеді. Әкесінің жолын қуып, теміржолшы болған Бекболат 2012 жылы желтоқсан айында аяқ астынан дүние салды. Талғат, Қайрат, Самат деген ұлдары құрылыс саласында, қарашаңырақ иесі Кенжебек – жеке кәсіпкер. Екі қыздың үлкені Батиха – зейнеткер. Әлия ЖҚТ «Алматы газ тармағында» қызмет етеді. Осыншама ақылдарына көркі сай тәрбиелі балаларды өсірген атамыз бен апамыз 54 жыл тату-тәтті бірге өмір сүрген. 24 немере сүйіп, өмірден озған. Екеуі де абыройлы, елге сыйлы, өте еңбекқор, адал жандар еді. Қарашевтар отбасының ерекшелігі: артында қалған ұл, қыздары қазіргі уақытқа дейін Ұлы Жеңіс күнін аса құрметпен атап өтетіні және барлығы қарашаңыраққа жиналып, әке-шешесін еске алып, қадір тұтатындығы. Туып-өскен Іле ауданында 40 жылдан аса адал еңбек етіп, жастарға үлгі болған Шолпанқұл ата 2000 жылы дүниеден озса да, есімі ұмыт болмай Жетіген ауылы халқының зердесінде құрметпен сақталуға тиіс деп ойлаймын.
Риза САУЫРБАЕВА, Жетіген ауылындағы № 3 орта мектеп мұғалімі. Алматы облысы.