04 Сәуір, 2015

Отты жылдарға оралсақ...

253 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_9920 Шалғайдағы Қазталов ауданы жұрт­шылығы Жеңістің 70 жылдығын лайықты қарсы алуға ерте бастан қам жасады. Өңірде бұл бағыттағы арнайы  ұйымдастыру комиссиясы өткен жылы құрылған. Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова газет тілшісіне осынау қастерлі мерекені қарсылай отырып, сонымен бір мезгілде жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді дамыту мен патриоттық тәрбие бағытындағы сан алуан іс-шаралар қатар атқарылып келе жатқанын айтып берді. Осы арада атап өтерлік мәселе КСРО аумағында 4 жылдан астам уақытқа созылған соғыс кезінде қазақ жерінде әскери іс-қимылар мен шайқастар өтпегенімен, еліміздің батыс өңіріндегі Бөкей Орда, Жәнібек аудандары Сталинград майданының шебіне кірді. Осы қатарға Жәнібекпен көршілес қоныстанған Қазталов ауданын да қосуға болады. Сталинград – қазақ даласының аталған өңірлеріне өте жақын тұрды. Мысалы, Жәнібектен Волгоград қаласына автокөлікпен баруға үш-төрт сағат қана уақыт кетеді екен. Жоғарыда айтылғандай Сталинград Қазақ­станға ең жақын орналасқан майдан болғандықтан, бұл шайқасқа қазақ­стан­дықтардың қатысу үлесі де басқа майдандармен салыстыра қарағанда көбірек болғанына көз жеткізу қиын емес. Қазталов ауданында Жеңіс мерекесі қарсаңында жүргізіліп жатқан тәрбие және патриоттық жұмыстарының бір тармағы дәл осы тұстан тамыр тартады. Сталинград майданына қарасты даңқты №62 армияның құрамында төрт мыңға жуық қазақ болған екен. Сталинград түбіндегі ұрыстар кезінде 112 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, оның төртеуі қазақстандық екенін де біле жүргеннің артықшылығы жоқ. Олар – ұшқыш  Н.Әбдіров, полк командирі Т.Позолотин, взвод командирі Г.Рамаев және минометші Т.Сыпатаев. Бұған қосарымыз Сталинград шайқасына қатысып көз жұмғандар Жеңістің болатынына кәміл сенгенін олардың Мамай қорғаны қабырғасына жазып кеткен сөздерінен байқауға болады. Олар қателескен жоқ еді. Өйткені, Сталинград шайқасы Ұлы Отан соғысының барысына күрт бетбұрыс әкеліп, ең алғаш рет Жеңіске деген сенімді жақындата түскені тарихтан белгілі. Сталинград шайқасы кезінде қазақтар ерліктің тамаша үлгілерін көрсеткен. Олардың жүрекжұтқандығы мен батылдығына, жаумен арыстанша арпалысқан шалт іс-қимылдарына сталинградтықтар да дән риза болған екен. Сталинград-Волгоград қаласының бір көшесіне қазақ атауының берілуі олардың біздің ата-ағаларымызға деген сүйіспеншілігі мен ризашылығының бір көрінісі. – Таяуда Қазталов және Жәнібек аудандарының өкілдері қаһарман қала Волгоградқа барып қайтты. Мұны алғашқы ізашар деп бағалаған орынды. Өйткені, басты сапар алдымыздағы сәуір айына жоспарланған. Бұл үлкен делегацияның негізгі құрамын Сталинград шайқасына аталған аудандардан қатысқан майдангерлердің кейінгі ұрпақтары құрайды. Осы арқылы кешегі сұрапыл соғыста шейіт кеткен боздақтар мен аға ұрпақты рухына тағзым еткенді ойластырып отырмыз, – дейді Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова. Жуырда облыс орталығында «Қазталов отты жылдарда» атты деректі бейнетүсірілімнің тұсаукесер рәсімі өткізілді. Оның соңы «Ерлік жыры – елдіктің ескерткіші» атты тақырыптық концертке ұласты. Бұл шалғайдағы Қазталов ауданында биылғы жылдың басында басталған «Ұлы ерлікке – мәңгілік тағзым» атты мекеме-кәсіпорын ұжымдары қойған фестивальдың қорытындысындай әсер қалдырды. Түйіп айтқанда, біз Жеңістің 70 жылдығын атап өтуді мазмұнды да мағыналы, тәлімді де тәрбиелі істер арнасына бағыттай білген Қазталов ауданы әкімдігі мен жұртшылығының тастүйін әзірліктерін оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы. Суретте: Жеңіс мерекесіне әзірлік сәті­нен көрініс.