28 Шілде, 2010

Елорданың әлеуметтік әлеуеті

691 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Халқымыз әлмисақтан мұқтаж жандарға көмек қолын созып, зәрулерге қамқорлық көрсетуді адами парыздың басты белгісі санаған. Тәуелсіз Қазақстанның жылдан-жылға экономикасы артып, әлеуеті нығайған сайын Мемлекет басшысы осы бір дәстүрлі қағидаға басымдық беріп, қоғамымыздың аз қамтамасыз етілген топтарына әлеуметтік қамқорлық жасауды жүйелі түрде мемлекеттік деңгейге көтеріп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында “Алда тұрған онжылдықтың аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту”, деп атап көрсеткен болатын. Бұл орайда еліміздің бас қаласында да жасалып жатқан ізгі қадамдар мен игі істер баршылық. Осы жайды білу мақсатымен Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Қуандыққызы АЛТЫБАЕВАҒА жолығып, әңгімеге тартқан едік. – Алма Қуандыққызы, кедейлерін жебеп, кемтарларына шынайы қамқорлық көрсету толыққанды мемлекеттіліктің белгісі. Астана қаласында тұр­ғын­дарды әлеуметтік қорғау және кедейлікті жою мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Аз қамтамасыз етілген топтарды қолдау жөнінде қандай бағдар­ламалар жұмыс істейді? – Егемен еліміз өркениет биігіне өрлеп, экономикалық әлеуетін нығайтқан сайын қоғамымыздағы аз қамтамасыз етілген топтарға жан-жақты қамқорлық жасауды мем­ле­кет­тік деңгейдегі мәселе ретінде күн тәртібіне қойып келеді. Тұрғындардың өмірін ұзарту мәселесі тұңғыш Прези-ден­ті­міздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі уақыт­та қарт адамдардың, мүге­дек-тердің құқығын қорғайтын тиісті мемлекеттік және қоғамдық институттар құрыл­ған, әлеуметтік заңнамалар жетілдіріліп жатыр. Халықтың аз қамтамасыз етіл­ген топтарын әлеуметтік қолдаудың бірнеше түрі тәжіри­беге енгізілген. Атап айтқанда, оларға бюджет есебінен қаржы бөлініп, қайырымдылық және демеушілік көмектер көрсеті­леді. Бюджет тарапынан тұр­ғындарға көрсетілетін әлеу­меттік көмек негізінен үш бағыт бойынша жүзеге асыры­ла­ды. Үстіміздегі жылы Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бюджеті 3417,5 млн. теңгені құрап отыр. Оның 699 млн. теңгесі респуб­ли­калық, ал 2718,5 млн. теңгесі жергілікті бюджеттің қар­жы­ла­рынан құралған. Мемлекет та­ра­пынан тұрғындарға көр­сетілетін әлеуметтік көмектің бі­р­інші бағыты халықты жұмыспен қамтуды жүзеге асыру болып табылады. Бұл мақсатқа қалалық басқарма тарапынан биылғы жылы 461,9 млн. теңге қаржы бөлінсе, қала тұрғындарына әлеуметтік тө­лемдер төлеу үшін 2333 млн. теңге қаржы қарастырылған. Қоғамымыздағы көмекке зәру әрбір жанға қамқорлық пен көмек көрсету біздің әлеуметтік сала мекемелерінің басты міндеті. Осы орайда елордада қазір 60 мыңнан астам адам әртүрлі әлеуметтік көмек түрлерімен қамтылған. Оның ішінде 43852 зейнеткер, 13205 мүгедек жандар (оның 1585-і балалар), сонымен бірге 2424 көп балалы отбасылар бар. Сондай-ақ 1282 адамға мем­ле­кеттік атаулы әлеуметтік көмек жасалса, 3500 адам 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысын алады. 2800 аз қамтамасыз етілген отба­сы­ларына тұрғын үй жөніндегі көмек беріледі. Жалпы алғанда “Жергілікті өкілетті органдар­дың шешімі бойынша азамат­тар­дың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік төлемдер” бағдарламасы бойынша барлы­ғы 20-дан астам әлеуметтік тө­лем түрлері жүзеге асыры­лады. Соңғы бірнеше жыл бойы азаматтардың жекелеген санат­та­рына тісті тегін протездеу жөнінде медициналық төлемдер беріледі. Еліміздің бас қала­сында аз қамтамасыз етілген тұрғындарға қалалық жолау­шы­лар көліктерінде тегін жүру үшін арнайы өтемақы қарас­тырылған. Әлеуметтік қолдаудың бұл түрімен қала бойынша 47 мыңнан астам адам қамтылған. Өткен жылдан бастап, қалалық жолаушылар көліктерінде жеңіл­дік­пен жол жүру құқығына 3-топтағы мүгедектер де енгізілді. 2008 жылдан бері туберкулез сыр­қа­тының асқынған түрімен ауыратын адам­дарға да ай сайын тегін жо­лақы билеттері берілетін болды. Осындай әлеуметтік көмек түр­ле­ріне 2010 жылы жергілікті бю­д­жет­тен 1 215,4 млн. теңге мөлшерінде қаржы бөлінді. Атап айтқанда, оның 745 млн. теңгесі қалалық жолаушылар көлігінде тегін жүруге, 27 млн. теңгесі тіс протездеуге, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңес­тіріл­ген азаматтарға тұрғын үй және коммуналдық қызметтерді өтеу үшін 119,9 млн. теңге қаржы бөл­інді. Сондай-ақ мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету үшін 254,4 млн. теңге қаржы қара­с­ты­рылған. – Үстіміздегі жылы Ұлы Же­ңіс­тің 65 жылдығы аталып өтілгені бел­гілі. Қаламызда қанша соғыс ард­а­гері тұрады және оларды әлеуметтік қамқорлыққа алу жайы қалай? – Мемлекет басшысы биылғы жылы Ұлы Отан соғысының ар­дагерлері мен мүгедектеріне мем­лекет тарапынан жан-жақты көмек және шынайы қамқорлық жасауды міндеттеген болатын. Осыған орай елордадағы Жеңіс жауынгерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген азаматтарға барынша қолдау көрсету шаралары ұйым­дас­ты­рылды. Жалпы айтқанда, соғыс ар­дагерлері біздің әлеуметтік сала қыз­меткерлерінің тұрақты на­за­рын­да. Оларға үнемі қолдан келген қам­қорлығымызды жасап келеміз. Бұл санаттағы ардагерлер тегін дәрі-дәрмекпен, шипажайлық ем­делу жолдамаларымен қамта­ма­сыз еті­леді. Олар коммуналдық қызмет үшін ақы төлеуден толық боса­тыл­ған. Астана қаласында қазіргі кезде 479 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Биыл соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген азаматтарға 435,4 млн. теңге әлеуметтік көмек түрлерін көрсету қарастырылған. 2008 жылдан бері Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қаламыздағы “Бахус” дүкендері желілерінде азық-түлік тауарларына 6 пайыз жеңілдік жасалса, жалпы зейнеткерлерге 3 пайыз жеңілдік жасалған. Ал биылғы жылдың наурыз айынан бастап “Астықжан” сауда орта­лығы” ЖШС азық-түлік әмбебап дүкендері аз қамтамасыз етілген азаматтарға 5 пайыздық жеңілдік жасау тәжірибесін енгізді. Сондай-ақ “Грин” гипермаркетінде де жасы бойынша зейнеткерлікке шыққан қарттарға 5 пайыз мөлшерінде жеңілдіктер жасалатын болды. – Қаламыздағы аз қамтамасыз етілген тұрғындарға атаулы әлеу­меттік көмек көрсету жайы қалай? – Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы” және “Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” заңдарына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек отбасының орташа табысы жан­ба­сына шаққанда кедейлік шегінен төмен болған жағдайда беріледі. Астана қаласы бойынша 2010 жылдың екінші тоқсанында ке­дей­лік шегінің мөлшері 5850 теңгені, азық-түлік себетінің жалпы құны 8776 теңгені құрады. Биылғы жылы кедейлік шегінен төмен тұратын қала тұрғындарына 29,6 млн. теңге мөлшерінде атаулы әлеу­меттік кө­мек көрсету жоспарланған. Азық-түлік себетіне орташа табыстары жетпейтін аз қамтамасыз етілген отбасыларының балаларына 36,5 млн. теңге атаулы көмек көр­се­тілсе, 3 мыңға жуық отбасыға 68,4 млн. теңге сомасында тұрғын үй және коммуналдық төлемдер үшін жәрдемақылар беріледі. – Елордада жұмыссыздар саны қалай анықталады және қазір қанша жұмыссыз адам тіркелген? – Бұл Астана қаласының статистика департаментінің зерттеу қорытындылары және еңбекті зерттеу әдістемелері негізінде есеп­теледі. Статистика депар­таментінің мә­ліметтері бойынша қазір қа­ла­мыз­дағы жұмыссыздар саны 24,5 мың адамды құрап отыр. Жұ­мыс­сыздық деңгейі 2010 жылдың бірінші тоқсанында 2009 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 7,3 пайыздан 6,3 пайызға дейін төмендеді. 2010 жылдың басынан бері қаламыздың жұмыспен қамту қызметіне 12670 адам хабарласты. Хабарласқан адамдардың ішінде толық емес жұмыс күні бойынша жұ­мыс істейтін, мәжбүрлі де­малыста жүрген және өндірістің тұ­рып қалуына байланысты уақытша жұ­мыссыз қалған адамдар да бар. – “Жол картасы” бағдарламасы негізінде қалада жұмысқа орна­ласқандар қанша? Кәсіптік даярлау және қайта даярлау жайы қалай? – Біздің басқармаға қарасты тиісті органдар жұмыс іздеп хабарласқан азаматтарға лайықты жұмыс орындарын іздеуге барынша көмек көрсетеді. Биылғы жылдың басынан бері қала бойынша 3911 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. Басқарма еңбек на­ры­ғында жұмыссыздарды жұ­мысқа орналастыруға, қолдауға және бейімдеуге тәжірибеден өткен тиім­ді тәсілдерді пайдаланады. Халықты жұмыссыздықтан әлеу­меттік қорғауды қамтамасыз етудің маңызды тетігі – кәсіптік даярлау, қайта даярлау және мамандардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру болып табылады. 2009 жылы “Жол картасы” бо­йынша кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстарына 7710 адамға жолдама берілді. Олар­дың ішінде 6332 адам бүгінде тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ал үстіміздегі жылы қаламыздағы 31 мекемемен жұмыссыз қалған-дар­ды кәсіптік оқыту және қайта даяр­лау мақсатында арнайы шарт­тар жасалды. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 534 адам, “Жол картасы” бойынша 3075 адам кәсіптік даярлықтарын шыңдау мақсатында дәріс алуда. 1145 адам кәсіптік оқу орындарын тәмамдап, еңбекке араласты. Жұмыспен қамту саласында әлеуметтік қорғаудың қосымша шаралары ойластырылған. Оның ішінде оқудан бос кезде жастарды еңбекке баулу мақсатында қо­сымша ақылы қоғамдық жұмыс орын­дары ашылды. Кәсіптік диплом алғаннан кейін жастарды мамандыққа баулу үшін 2009 жылы 1233 жас жұмысшы “Жастар тәжірибесінен” өтті. Олардың іш­інде 898 жас өрен тұрақты жұмысқа орналасты. Ағымдағы жылы 948 адам “Жастар тәжірибесі” бағдар­ламасына тартылды. Олардың ішінде 908 жас маман “Жол кар­тасы” бойынша жіберіліп, олардың 241-і жұмысқа орналастырылды. – Әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыс орындары жөнінде сөз қозғасаңыз. – Азаматтардың әртүрлі нысаналы топтарынан жекелеген адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу үшін әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылады. Үстіміздегі жылы қаламыздағы 69 кәсіпорын және мекемемен әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мақсатында арнайы шарт жасалды. Осыған байланысты жыл басынан бері “Жол картасы” бойынша 310 адам, жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 212 адам әлеуметтік жұмыс орын­дарымен қамтылды. Атап айтқанда, олар диспетчер, тренажер залының нұсқаушысы, етікші, қызметтік мекемелерді жинаушы, лифтер және басқа мамандықтар бойынша еңбекке тартылды. Ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру жұмыссыз жүрген адамдарды қосымша табыс көздерімен қамтамасыз ететін уақытша жұмыс орындарын құруды көздейді. Биылғы жылы Астана қаласы бойынша ақылы қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру мақсатында қала әкімінің арнайы қаулысы шықты. Жыл басынан бері осы мақсатта 103 жұмыс берушімен арнайы шарт жасалынды. Қазірге дейін 944 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. – Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масына қарасты құрылымдар хақында не айтар едіңіз? – Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасы 5 ведомствоға қарасты мекемелердің үйлестірушісі болып табылады. Атап айтқанда, Астана қаласының “Қарттар мен мүгедектерге арналған медици­налық-әлеуметтік мекемесі”, “Балалар психоневрологиялық меди­циналық-әлеуметтік меке­месі”, “Психоневрологиялық меди­ци­налық-әлеуметтік мекемесі”, “Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы”, МКҚК “Жұмыспен қамту орталығы”. Басқарма осы мекемелердің қалыпты әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап, қаламыздағы аз қамтамасыз етілген топтардың әлеуметтік көмек пен жанашырлық қамқорлықтан сырт қалмауы үшін өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілік­пен атқару жолында алдағы уақытта да кәсіби және жемісті жұ­мыстарды атқара бермек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.