Өңдеу өнеркәсібі
Қазақ халқы сүтті айрықша қадір тұтады. Ақ адал астың қатарына қосады. Берекенің бастауына балайды. «Сауын сиыр – үйдің анасы» дейді. Сондықтан сүт болса, айран да, ірімшік те, сүзбе де, құрт та, бәрі болады. Ең бастысы, тоқшылық болады. Бүгінде сүт шаруашылығы – ел экономикасының маңызды саласына айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Ұлт жоспарындағы 100 нақты қадамның біріне сүт өндірісінің енуі де саланың өзектілігін көрсетеді. «Екі сауыншы кездессе шелегі мен қаймағын айтады» дегендей, бұл орайда Шығыс Қазақстан облысының сүт өндіруде елімізде алғашқы орында тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Өңірде сүт өңдеу өнеркәсібі жолға қойылған. Олардың қатарында «Шығыс-Сүт» ЖШС-нің тәулігіне 400 тонна сүтті өңдеуге, сүт өнімдерінің 60 түрін шығаруға мүмкіндігі бар болса, «Эмиль» ЖШС тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдейді. Облыс аумағында 56 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп, 17,5 мың бас сиыр сауылады. Оның ішінде «Бобровка+» ЖШС мен «Е.Зайтенов» шаруа қожалығының фермалары толық автоматтандырылған жүйеге көшкенін айта кеткен ләзім. Яғни, еңбек өнімділігін арттыру үшін сиырды робот сауады. Бүгінге дейін өңірдегі тауарлы сүт фермаларын құру және кеңейту жұмыстары ауыл шаруашылығындағы сүт өндірісін 13,5 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Асыл тұқымды сүтті сиыр өсіруді қолдау үшін былтыр республикалық бюджеттен 831 млн. теңге субсидия бөлінді. Бұл салада облыстың айтарлықтай тәжірибесі мен қалыптасқан базасы бар. Дегенмен, өңірдің сүт өндірісіндегі мол әлеуеті толық жүзеге асып жатыр деуге әлі ерте. Егер бұл әлеует толық пайдаланылар болса, тұрғындарға да, мемлекетке де көл-көсір пайда әкеледі.
Тауарлы-сүт фермалары
Сондықтан облыс әкімі Даниал Ахметов өңір жетекшілігіне келген аз уақыттың ішінде қолға алған шаруаларының бірі – тауарлы-сүт фермалары мен сүт қабылдау пункттерін құру және оларды көбейту болды. Бұл бағдарлама аясында аймақ басшысы тұрғындармен өткізген есептік кездесуінде 2016 жылдың соңына дейін облыс көлемінде 37 тауарлы-сүт фермасын құру және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын жеткізген еді. Жоспар бойынша, онда 12 мыңнан астам сауын сиыр ұсталады. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асуат Насыровтың айтуынша, бұл сүт өндірісін қосымша 20 мың тоннаға дейін арттыруға және фермалардағы өндіріс көлемін 75 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 9 млрд. теңгеден аса қаражат бөлініп, 9 ферма салуға және 28 ферманы қайта жаңғыртуға жұмсалады. Жобаны қаржыландыру «ҚазАгроҚаржы» АҚ, екінші деңгейлі банктер, жеке қаржы есебінен және басқа да қаржы институттары арқылы жүргізіледі.
Облыстың жаңа басшысы тағайындалған жарты жыл ішінде тауарлы-сүт фермаларын құруды ұйымдастыру жұмыстары қолға алынып, бизнес-жоспар әзірлеу, технологиялық жабдықтарды таңдау, жер телімдерін ұсыну, фермаларға арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындау, инфрақұрылым желілерін тарту және қаржы институттарымен келісу сынды бірқатар шаруалар атқарылып үлгерді.
Мемлекеттік қолдау
Қазір ең өзекті мәселе инвестициялық жобаларды қаржыландыру болып тұр. Бүгінге дейін «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы Бородулиха ауданындағы «Новая Заря» шаруа қожалығы 281 млн. теңге, «Ырыс» бағдарламасы арқылы Ұлан ауданындағы «Сағынқұмаров» – 50 млн. теңге және «Айтқазин» 60 млн. теңге қаржыға қол жеткізді. «ҚазАгроҚаржы» компаниясы Бесқарағай ауданындағы «Балке» шаруашылығының жобасын да мақұлдады. Сонымен қатар, Көкпекті ауданынан «Өрнек», Ұлан ауданынан «Қайрат», Глубокое ауданынан «ОХМК», Зырян ауданынан «Бородино», Үржар ауданынан «Сағади» шаруашылықтарын және басқа да ынталы қожалықтарды қаржыландыру мәселелері қарастырылуда.
Жақында Бесқарағай ауданына барғанымыз да аталған «Балке» шаруашылығымен танысқан едік. Шаруа қожалығының жетекшісі Оралбек Тоқашевтің айтуынша, 2015 жылдың алғашқы тоқсанында 180 тонна сүт, 500 кило ет өндіріп, 50 бас төл алған екен. Шаруа қожалығы сүт бағытындағы мал шаруашылығымен бірге көкөніс өсірумен де шұғылданады. Биыл ол германиялық өндіріспен жарақтандырылған ферма құрды. Ферманың сауын сиырларға арналған қоражайы өз жұмысын бастауға әзір екенін көрдік.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селихановтың айтуынша, бағдарламаға қатысушы 17 шаруашылыққа жол, электр желісі және су құбыры сынды инфрақұрылымдар құрылысын жүргізу қажет. Бүгінде оның 13-і жобалаушы ұйымдармен келісім жасасып үлгерсе, 4 шаруашылық өздерінің жеке қаржысы есебінен жүргізбек.
Жаңа технология
Сондай-ақ, «Востокагропромпроект» ЖШС 100, 200, 400 және 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларының құрылысына жобалық-сметалық құжат жасады. Мемлекеттік сараптауға жіберілген құжат алдағы уақытта мал шаруашылығымен ғана айналыспай, аз көлемде болса да сүт өндіруге бет бұратын шаруашылықтарға дайын типтік жобалар ретінде ұсынылады. Бұл жөнінде облыс әкімі өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілерімен кездесуде айтқан болатын.
Әрине, аталған саланы дамыту үшін озық технологияның қажет екені бесенеден белгілі. Бұған дейін «Сағынқұмаров», «Зайтенов» және «Айтқазин» шаруашылықтарында «Делаваль», «Аграл» фирмасының жабдықтары орнатылған болатын. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс жанданып, Италия мен Ресей фирмаларының өнімдері және «Аграл», «Делаваль» «Весталь» қондырғылары өңірдегі «ОХМК», «Новая Заря», «Глубочанка», «Выдрихинское» қожалықтарына жеткізілді. Сондай-ақ, 32 шаруашылық аталған қондырғыларды тасымалдаушылармен келісімшарт жасасты.
Жемшөп базасы
Тауарлы сүт фермаларын құрудағы тағы бір мәселе, жемшөп базасын құру. Бұл ретте малды жемшөп азығымен қамтамасыз ету мақсатында қосымша жер телімдерін ұсыну мәселелері қарастырылуда. Семей, Риддер қалалары мен Ұлан, Үржар аудандарында қосымша 4,5 мың гектарға жуық жарамды жер бөлінді. Жемшөп базасын нығайтуға бағытталған суармалы жерлерді дамыту тұжырымдамасы жасалды. 37 тауарлы сүт фермасының жартысына жуығы суармалы жерлерді игерумен шұғылданып, өздерін жемшөппен қамтамасыз етеді. Айталық, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Ерлан Зайтеновтің шаруа қожалығы 190 гектар аумақта «Сарадеевка өзеніндегі тоған арқылы жаңбырлатып суару» жобасын жүзеге асыруды қолға алды.
Сүт қабылдау пункті
Сондай-ақ,с тауарлы-сүт фермаларын құрудағы ең өзекті мәселенің бірі – сүт қабылдау бекеттерін құру. Осы орайда халықтан күнделікті жаңа сауылған сүтті жинау үшін сүт қабылдау пункттері желісін ашу және кеңейту жұмыстары басталды. Қарабайыр есепке жүгінгенде, өңірдегі өндірілетін сүттің 70 пайыздан астамы жекелеген тұрғындардың үлесінде екен. Қазір облыс көлемінде 19 сүт қабылдау пункті жұмыс істейді. Бұл бекеттер Бородулиха, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Ұлан және Шемонайха аудандарында шоғырланған. Яғни, өңірде 19 қала мен аудан болатын болса, оның жетеуінде ғана сүт қабылдайтын орындар бар. Сондықтан жыл соңына дейін тағы 34 сүт қабылдау бекетін ашу жоспарланып отыр. Сүт жинаудың қанатқақты жобасы Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандарында басталып кетті. Өңірде сүт қабылдауға 782 елді мекеннің 243-і қатысады. Яғни, бұл 18 мың жеке шағын шаруашылықтың тартылуы арқылы 40 мыңнан астам сауын сиырдың сүті өңделеді деген сөз. Сондай-ақ, аталған жұмысқа 60-тан астам көлік тартылады.
Жуықта Жарма ауданы Бірлік ауылындағы «Имаділов» шаруа қожалығында сүт қабылдау бекеті ашылған болатын. Ресейден әкелінген «Fresh milk» сүт қабылдау пункті халықтан күнделікті 850 литр көлемінде сүт қабылдайды. Тұрғындар тапсырған сүт әрі қарай зауытқа жеткізіледі. Аталған құрылғы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ несиелеу желісі арқылы 3,2 млн. теңгеге сатып алыныпты.
– Бұрын ауыл тұрғындарының сүт жинауға қауқары жоқ еді. Бүгінде біз сүттің бір литрін 60 теңге көлемінде сатып аламыз. Тек біздің ауылдық округтің өзінде күн сайын 184 отбасы сүт өткізеді, – деді шаруа қожалығының басшысы Ерболат Имаділов. Аталған бекетпен танысқан өңір басшысы Даниал Ахметов сүт жинауда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті.
– Сүт арнайы бидон ыдыстарына құйылуы тиіс. Егер сүтті басқа ыдысқа құйып алып келсе, қабылдамаған жөн. Осындай қатаң шараларды қолдану арқылы біз сапалы әрі қауіпсіз сүт өнімдерін алуға қол жеткіземіз. Бұл ретте халықаралық талаптарға сай келетін сүт қабылдау пункттерін ұйымдастырудың маңызы ерекше, – деді Даниал Ахметов.
Қазіргі кезде тиісті мекемелермен барлық ауылдық округте малды қайта есептеу жүргізіліп, бағдарламаға қатысуға ниет білдіруші шағын жеке шаруа иелері, сүт қабылдау нүктелері, өңдеуші кәсіпорындар құрамы анықталды. Тұрғындар тапсыратын сүт пен ақы көлемі бойынша келісімдер жасалды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңдеуші кәсіпорындар арқылы жеке сектордан алынатын сүтті субсидиялау ережесін әзірлеу және қолданысқа енгізу туралы өтініш жолданды. Бұл мәселе республикалық деңгейде шешілетін болады. Сонымен бірге, Ресейдің Алтай өлкесі мен Украинадан, еліміздің басқа облыстарынан сүтті сауын сиырлар мен төлдерін жеткізу мәселелері қарастырылып жатыр. Сүт тапсырушыларға берілетін санитарлық кітапша жайы да мамандар талқысында.
Қорыта келгенде, жоспарға сәйкес сүт қабылдау пункттері облыстағы сүт өңдеуші кәсіпорындарды жергілікті таза сүтпен қамтуды 35 пайыздан 78 пайызға дейін арттыруға, өңделетін сүтті жылына 150 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Облыс басшысы Даниал Ахметов өңірдің ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарымен кездесуінде ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шаруа қожалықтарында еңбек ететін ауыл тұрғындарын жыл он екі ай жұмыспен қамту сияқты мәселелерге назар аударып, сүт өндірісіне бет бұрған шаруашылықтарға жоғары қолдау болатынын жеткізді. Ал 400 және 600 басқа арналған ферма салушыларға құрылыс шығынының 20 пайызын өтеуге субсидия бөлінеді. Бұл үшін тиісті жобалар мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс.
Аталған ауқымды жұмыс атқарылғанда аппақ сүттен ақ бұлақ ағады, дейді өңір жұртшылығы. Бұл дегеніміз ауыздан ақ май ағызатын көл-көсір береке ғой!..
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.