Тасбауыр тарихтың біздің халыққа қатты шүйліккені де, бауыры жібіп, мейірлене иліккені де кешегі өткен ХХ ғасыр еді. Оған дейін ойнамалы уақыттың бізге сан қилы мінез танытқаны белгілі. Ұлан-байтақ Теріскей Еуразия жазираларын түгелге жуық билеп-төстеген көшпенділер үстемдігі тым ұзаққа созылды. Жан-жақтың бәрі жаппай көз аларта бастады. Олары тектен-текке кетпеді. Зіл батпан мұз таудай дүниенің дымын құртып, көкірегіне күнде шөгіп жатқаныңмен, астыңнан білдірмей мүжіп, күннен-күнге аласарта береді екен. Оған бой бермей, жан-жағыңды қанша қымтағаныңмен, тозған тоқымдай өз-өзіңнен іріп, шұрқ тесік болып, бөлшектеніп кете барады екенсің. Қанша бұлқынсаң да, бәсің кетіп, аяқ асты болудан басқа тағдыр бұйырмайтын секілді.
Күні кешегі Алтын Орданың аяқ тұсында біз де осы жырым-жырым тағдырды бастан кешірдік. Өзара кетіскенмен, қайта бекісе қоймадық. Ақырында әркім басын сағаттайтын күйбең-күйбең күйге түстік. Біреудің бауырына кіріп, бас сауғалауды армандадық. Одан өңеші кеңге оп-оңай жұтылып кетпесең, құтылып кету қиынның қиыны екен. «Бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын, таңда сират басында», деп Ер Махамбетті қарғатқан барарға жері, басарға тауы қалмаған қайрансыздықтың қыл тұзағы еді. Соны бізге қатты сездірткен де жиырмасыншы ғасыр еді.
Көнбегенді көндірген көнбістілік заманы орнады. Бұл тағдыр біздерге оны да көпсінді. Екінші дүниежүзілік соғыс қаулады. Қазақстан онсыз да қатары селдіреп қалған азаматтарын мойындарынан тізіп, майданға аттандырды. Майданға аттанған азаматтарынан ең көп қара қағаз алған халық та қазақтар болды. Сол тұста соғыс жүріп жатқан өлкелерден қарайған халық көшірілді. Олардың көпшілігі Қазақстанға келіп қоныстанды. Олармен бірге жүздеген зауыт, фабрикалар, өндіріс ошақтары көшірілді. Олардан басқа Қазақстанда әлденеше жүз зауыттар жаңадан салынды. Қазақстан өндірісі бұрын-соңды болмаған қарқынмен өркендеді. Жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды.
Жеңіс бұл үдерісті одан сайын орнықтыра түсті. Қазақстанның қазба байлықтары сол жылдары мұқият зерттелді. Оларды игеру үшін жүздеген зауыттар ғана емес, жүздеген қалалар салу керек болды. Ол қалаларды салуға мыңдаған құрылысшылар қажет еді. Ол қалаларда он мыңдаған тұрғындар тұрады. Оларға әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсетуге ең кемі тағы да сондай мөлшерде мамандарды тартуға тура келеді.
Мұндай жағдайда 1958 жылы бір топ ауыл жастарының Қазақстан Магниткасына баруы тек бір кісінің өмірбаяны үшін емес, күллі ұлттық есеюімізде мәні аса зор оқиға болды. Сол кезде құрылыстың бірден басталып кетпегені де жақсы болған. Жұмыссыз жүрген 400-дей жігітке Орал мен Украинада металлург мамандығына оқып келуге мүмкіндік туды. Соның ішінде Қаскелеңдегі Абай мектебін бітірген Нұрсұлтан Назарбаев та бар еді.
Елбасының жақында қолымызға тиген «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабы сол азаматтың есеюі мен әлемдік саясатқа белсене араласу жолын сөз етеді. Қаскелең, Үшқоңыр, Шамалған – албырт та арманшыл жастық шақтың бүршік атқан мекені. Анасы Әлжанның аялы алақанын, әкесі Әбіштің ып-ыстық құшағын сағынып, шырқ үйіріліп, айналып соғып тұратын бала кездің балдай тәтті ұясы. Осы арада ол қиын тағдыр айдап келіп табыстырған неміс, орыс, курд, түрік, әзербайжан, чешен, ингуш, қарашай балаларымен асыр салып ойнап, таласа-тармаса алма жұлып, жидек теріп бірге өсті. Көп ұлтты орта алыспай-жұлыспай қатар жүруді үйретті. Қатардан қалмауды, білігің мен өнерің асса, бейбіт жолмен дәлелдеуді, кеуде соқпай-ақ бәйге жолында озуды, бәсеке жолында жеңуді үйретті.
Жастайынан дағдыланған бұл мінездер кейін әлденеше жерде керегіне жарады. Университеттің химия факультетінде негізгі пәннен бес алса да, кейінгі емтихандардың мұғалімдердің бармақ басты, көз қыстылығы салдарынан ауадай қажет бір баллды кем алғандықтан, оқуға қабылданбады да, сол жинаған ұпай санымен Киевтің авиация институтына түседі. Бірақ, оған ата-анасы қарсы болады.
Өжет бала содан салып ұрып Комсомолдың Орталық комитетіне барады. Елімізде өрістей бастаған екпінді құрылыстардың біріне жолдама алады. Пойызға отырып, Теміртауға тартады да кетеді. Барса, Қазақстан Магниткасы әлі басталмапты да. Жан-жақтан жиналған жастар сенделіп бос жүр. Олардың арасындағы орта мектеп бітіргендерді Кеңес Одағының жер-жеріне оқуға жібереді. Жетпіс екісі Украинаға аттанды. Олар оқуға барған техникалық училище Днепродзержинск металлургия зауытының құрамына кіреді екен. Сахараның ауасын жұтып, сар далада самалдап жүрген қыр жігіттерінің бірі зауыттағы тарсыл-гүрсіл, у-шу мен зиянды газдар шоғырланған лас ауаға шыдай алмай, есеңгіреп құлап түсті.
Арада бір-екі күн өткен соң, тағы да бір жігітіміз үйге қайтамын деп қиғылық салды. «Осыдан кейін зауытты біз туралы қандай өсектер гулегенін көзге елестетуге болатын еді», – дейді жасөспірім Нұрсұлтан. Адамның бір парызы туған халқының намысын бермей, жақсы атын шығаруы екенін сонда түсінеді.
Бірде барып спорт кешенімен танысады. Еркін күрес деп жүргендері кәдімгі ауылдағы қазақша күреске қатты ұқсайтынына қайран қалады. Төртпақ келген ақсары жігіт өзімен күш сынасып көруге шақырады. Нұрсұлтан ойланбастан келіседі. Шешіне бастайды. Спорт киімі атымен жоқ. Үстінде – майка, бұтында – труси. Жұрт ду күледі. Қызарып кеткен намысқой жігіт қарсыласына тобықтан қағу әдісін қолданып, астына алып ұрады. Әлгі төртпақ сары орнынан тұрып, басын шайқай береді.
Намысшыл жігіттің көп ұзамай атағы жайылады. Құрдастарының құр тұқшыңдай бермей, еркін жүріп-тұруын қадағалайды. Спорт кешенінде, мәдениет сарайында, әрқилы үйірмелерде өз күштерін сынап көрулеріне көмектеседі.
Шиелілік Әбіләш Әбуовті мен де біраздан білемін. Нартай Бекежановтың аталас ағайыны еді. Талай тойда Әбіләштің салған тамаша әндерін тыңдағанбыз. Сөйтсек, ол да Украинада Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыпты. Расында да, оның дауысы «ашық, мөлдір, таза» еді. Сол дауысты Нұрсұлтан ести сала, «көркемөнерпаздар байқауына қатыстырып, бірінші орынды жұлып алып беріпті». Қоярда қоймай теледидарға апарыпты. Одан да абыройлы оралыпты.
Нұрсұлтан тек өз жолдасының абыройын ғана ойлап қоймапты. Бәрінен бұрын қазақ әнінің сұлулығын украин тыңдармандарына жеткізгісі келіпті. Ол кезде Кеңес Одағындағы одақтас республикалар бірін-бірі біле бермейтін. Бір күні Днепродзержинскіге Бибігүл Төлегенова келіпті. Әлі кеңінен таныла қоймаған жас әнші. Мың кісілік концерт залын толтыра қою оңай шаруа емес еді. Нұрсұлтан өз достарын жұмылдырып, мектептерге, мекемелерге барып, афиша ілдіріп, билет таратып, залды лық толтырыпты. Әнші апайын концерт соңынан гүл шоғын сыйлап, қазақша, украинша, орысша құттықтапты.
Ол кезде Нұрсұлтанның жетпіс бір жерлесінің бәрі өзіндей үш тілде сайрап тұрған жоқ еді. Кейбіреуі біліп тұрғанын орысша жеткізе алмай қорланады екен. Сонда мұғалімдер: «Мынаның не айтып отырғанын түсіндіріп бер», – деп Нұрсұлтанды шақыртады екен. Ол жерлесіне: «Ешқандай мүдірмей сөйлей бер, қалған жағына мен жауап беремін», – дейді екен.
Сөйтіп талайлардың сауабын алыпты. Бірақ, ұятқа да қала жаздаған жері болыпты. Бір сабаз келген сұрақтың орнына демалыс күні паркке барғанын, киноға кіргенін, уақытты қалай өткізгенін айтып, зулай жөнеліпті. Нұрсұлтан да досының әлгі ұрлығын жасырып, тігісін білдіртпей зулай жөнелгелі жатыр екен. Шәкіртінің айтқанын зер сала тыңдап отырған мұғалімі: «Слушай, что за парк, что за кино?..» – депті.
Осындай қызықтары да толып жататын, жастық шақтың ондай-мұндай кедір-бұдырларына қарамастан, қазақ шәкірттері негізінен табысты оқыды. Оған осы топтың ұстазы болған Дмитрий Иванович Погореловтің сіңірген еңбегі де өте зор еді. Бір күні сыныптағылар одан: «Біз өскенде кім боламыз?» – деп сұрайды. Шебер шәкірттеріне қадала қарап тұрып: «Сен инженер боласың, ал сен цех бастығы боласың!» дейді. Ал Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Сен премьер-министр боласың!» дейді. Рас, бұл – көп айтылған, көп жазылған жайт. Бірақ, ол Погореловтің көрегендігін жоққа шығара алмайды. Бәлкім, ол шәкірттің алды-артына жіті үңілетін аңғарымпаздығын, бәрін салыстыра ойлап барып тұжырым жасайтынын, бастамашылдығын, алдымен көзге түскісі келетін алғадай мінездерін басқалардан гөрі бұрынырақ байқап, ертерек таныған шығар. Не де болса, Погореловтің қырағылығы басқалардың қырағылығына ұқсамайды.
Қазақ жастары арасындағы мұндай ынтымақты көре алмайтындар да бар еді. Соған қарамастан оқу ойдағыдай аяқталып келе жатты. Ойда жоқ жерден Теміртау оқиғалары туралы хабар дүңк ете қалды. Ол кезде Кеңес Одағында мұндай жағдай болады деген үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін нәрсе. Ұйытқып-ұйытқып ол да басылды. 1959 жылы 9 қыркүйекте тәтті ұйқыда жатқан қазақ жастарын төсектен тұрғызып алып, милиция бөліміне әкелді. Сөйтсе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының сессиясына барған Н.С.Хрущевқа Теміртау оқиғалары туралы сұрақ қойылады. Оған шешен: «Ешқандай бүлік жоқ», деп төтесінен тойтарып жауап береді. Онысымен де қоймай, алған-дағы туфлиін шешіп алып, микрофонды сабалап, айқайға басады.
Мұны естіп алып, Днепродзержинскідегілер өздерінше сақтана бастайды. Оқып жүрген шетелдік студенттерді елдеріне қайтармақ болады. Қазақстандықтарды да шетелдіктер деп ойлайды. Мұндайды көрмеген жастар қатты абыржыды. Сабыр сақтаған жалғыз Назарбаев болады. Ол өздерінің шетелдік емес екендіктерін, Кеңес Одағының азаматтары екенін, Теміртауда не болып, не қойып жатқандарын білмейтіндіктерін, ол кезде бұлар осында оқып жүргендерін айтып түсіндіреді. Жоралы сөзге иліккен жергілікті әкімдер жастарды босатады.
Бірақ, соңдарына бір жабысқан пәле қапелімде оңайлықпен айырыла қоймайды. Сол жылғы 31 желтоқсанда Жаңа жыл кешінде қазақ жігіттері джаз оркестрдің жетекшісімен сөзге келісіп қалады. Оны көрген жақтастары жұдырықтарын түйіп өре түрегеледі. Саны аз қазақстандықтар қаша жөнеледі. Бірақ, милиция бәрін ұстап алады. Ертеңіне ешбірін қалдырмай елге қайтаруды ұйғарады. Тағы да жағдайды Назарбаев жөндейді. Кешегі сөзге келісіп қалғандарды джаз жетекшісінен кешірім сұратады. Бұған екі жақ та риза болады. Айлар бойы тер төккен есіл еңбек рәсуа кетпейді. Сөйтіп, жас жігіттің мәмілегерлік қабілеті танылады.
Ең бастысы, ол сол сапардан нағыз металлург болып елге оралады. Қара металлургияда ең жоғарғы разряд оныншы разряд еді. Училищені бітіргенде ол сегізінші разрядты алып шығады. Бұл әлі бұғанасы қатып үлгермеген жас маман үшін аса биік көрсеткіш еді.
1960 жылы 3 шілдеде Қарағанды металлургия комбинаты ашылады. Тұңғыш қазақстандық шойын құйылды. Мұның аржағында академик Қаныш Сәтбаевтың және әріптестерінің терең ақылдары тұрғаны, Атасуда, Соколов-Сарыбайда, Лисаковскіде, Качарда темір рудасының, Қарағандыда көмірдің көп екендігі ескеріліп, осындай шешімге тоқтағанын айта келіп: «Біз күні бүгінге дейін Қанекең жасап беріп кеткен металлогендік жаңа болжам картасындағы қазба байлықтарды игерумен келе жатырмыз», – дейді Н.Назарбаев.
Сол шойынды алғаш айырғандардың арасында Украинадағы оқудан жаңа қайтқан Нұрсұлтан да болды. Домна операторының кіші көмекшісі еді. Одан аға көмекшіге, одан газшының көмекшісіне, одан газшыға ауыстырылады. Осының бәрі бір жылда болған өсу еді. Кейін құю машинасының шойыншысы болады. Арада тағы бір жыл өткенде аға горновойлыққа жетеді. Мұның бәрі айтуға ғана оңай еді.
«Шынтуайтында, мен қалада осы отты мамандықты игеріп шығуға, жасыратыны жоқ, жұрттың алды болып игеруге жанымды салдым, – дейді «Өмір өткелдерінің» әрі кейіпкері, әрі авторы. – Даладан келген, ауылда өскен біздің жігіттердің арасында зауыттың ауыр жұмысына шыдамағандар да аз кездескен жоқ. Оларды цехтан зембілмен көтеріп, әкетіп бара жатқанда: «Осыларды жұмысқа қалай үйретерсің. Бұлар мал бағу үшін ғана жаратылған ғой!» – деп қолдарын сілтейтін. Сол кезде мен өзіме өзім ант етіп едім. Осы жерде өлермін, өртеніп те кетермін. Бірақ, мен туралы әлгіндей сөз айтылмайды!».
Сол антына Нұрсұлтан мейлінше берік болады. Иә, пештің температурасы екі мың градусқа дейін жетеді. «Бір жағынан шаң, бір жағынан газ. ...Жұмысты бір сағат та тоқтатуға болмайды. Металл қатып қалса – апат. Әйтсе де сол азапты, сол тозақты ештеңеге айырбастағым келмейді. Тіпті, бір жолы әкем келгенде жұмысымның түрін көріп: «Әкемнен үш жасымда қалып ем. Қиындықтың талайын көріп ем. Дәл мынандай тозақты көрген жоқпын. Құрысын, таста!» – дегенінде де алған бетімнен қайтпай қойғанмын».
Бұл пәлен ғасыр қат-қат байлықтар үстінде алшаңдап жүріп, оған бір елі де бойлап көрмеген, ол жайында бір сағат та ойлап көрмеген, барға мәз болып, жайбарақат жүре берген талай ұрпақтың жанайқайы еді. Сол аңғалдықтан кейінгі ұрпақтың көріп жатқан құқайы да еді. Егер ата-баба мыңдаған жылдар бұрын барға масаттана бермей, төңірегіне тереңінен үңілсе, мұншама кенде қалу болмас еді. Онда кейінгі ұрпақ та осылайша қорлық көрмес еді.
Арлана, намыстана қимылдаған жас жігіт цехтағы жұмысына екі жыл толмай жатып КОКП мүшелігіне кандидаттыққа қабылданды. Көп ұзатпай цех парторгі болады. Сол жылы БЛКЖО Орталық комитеті мүшелігіне кандидат болып сайланды. Жасы жиырма екіге де толған жоқ еді. Хельсинкидегі жастар фестиваліне қатысты. «Таңдадың ба – кіріс, кірістің бе – шыда, шыдадың ба – қатарыңның алды бол!» деп өзіне қатаң талап қойған жас жігіт алға қойған мақсаттарына жете бастады. «Металлург болу – нағыз еркек болу» екендігін мықтап түсіне бастаған кезінде Теміртау қалалық партия комитетінің хатшысы Лазарь Катков соңына түсіп алды. Әуелі, қалалық комсомол комитетіне бастық бол деп шақырды, бармап еді, жазбаша партиялық қатаң сөгіс беремін деп дігірледі. Іске БЛКЖО Орталық комитеті араласты.
Мәселе Қарағанды облпарткомында бюрода қаралды. Катковтың өзі қатаң жазаға тартылды. Орнына жаңа хатшы келді. Ол Назарбаевқа қала парткомның ауыр өнеркәсіп бөлімін басқаруды ұсынды. Көп ұзамай Теміртау қалалық комсомол комитетіне бірінші хатшы болып сайланды. Ол өндірістен келген жас жігітке үлкен мектеп болды. 1971 жылдың маусымында Теміртау қала парткомына екінші хатшы болып сайланды. Ол металлургия комбинатының жағдайымен толығымен танысуға мүмкіндік алады.
1973 жылы комбинат парткомының бірінші хатшысына ауысқанда іске батыл кірісуіне мүмкіндік берді. Қазметкомбинаттың партком хатшысы КОКП Орталық комитетінің номенклатурасы еді. Теміртау Кеңес Одағын болат қорытудан дүние жүзіндегі бірінші орынға шығарған кәсіпорындардың бірі еді. Жас партком хатшысы комбинат жұмысындағы елеулі кемшіліктерді де көрді. Оны түзетудің жолдарын іздеді. «Правда» газетінің тілшісімен сөйлесті. Барлық кемшіліктер айтылды. Тілші мақаласы газетке шықты.
Хатты тексеруге КОКП Орталық комитетінің жаңадан сайланған хатшысы, бұрын Норильск металлургия комбинатын басқарған Владимир Иванович Долгих келеді. Артынан елу адамдық бригада сау ете қалады. Орталық комитеттің Секретариатына комбинат парткомының жұмысы туралы мәселе дайындалады. Секретариаттан бұрын М.А.Суслов Назарбаевты алдын ала қабылдап, жай-жапсарды түгел айтып беруін сұрады. Тыңдаған соң, ертең Секретариатта осының бәрін айтып беруді өтінді.
Кейін бұл туралы В.И.Долгих: «Несін жасырамыз, егер де Назарбаев сияқты батыл партком басшысы болмай, жалтақ, жағымпаз біреу кезіккенде, қазақтың маңдайындағы жалғыз комбинат әлдеқашан жабылып қалар ма еді?!» деп жазды.
«Орталық комитет секретариатындағы сөзім, одан кейін қабылданған қаулының нақты нәтижелері беделімді өсіргені анық. Алматыдағылар да маған содан кейін барып шындап назар аудара бастады ғой деймін. Осылай дейтінім, Димаш Ахметұлы Қонаев арада біраз жыл өткенде көңіл хошы келген бір сәтте Мәскеудегі сөзімнің әсері күшті болғанын, орталық комитеттегілер мені есіне сақтап қалғанын айтқан еді. Сол секретариаттан соң М.Суслов Димекеңе телефон шалып, көңіл аударыңыз деген екен», – дейді Назарбаев өз кітабында.
1980 жылы Қазақстан КП Орталық комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы қызметіне келісім алуға барғанында Суслов Назарбаевқа: «Міне, Сізді өсіріп шығардық», – депті.
Жас хатшының келуі республика жұртшылығын қатты елеңдетті. Оның өзге саланы емес, стратегиялық маңызы зор өндіріс саласын басқаруы жұртшылықтың қиялын әр саққа жүгіртті. Төрт жылдан кейін республика үкіметін басқаруы ол ынта-ықыласты одан сайын күшейтті: «Төрт жыл өткенде республиканың барлық облыстарында бірнеше реттен болып, белді деген өнеркәсіп нысандарындағы жағдаймен жақсылап таныстым. Ол кезеңде батыс облыстарда мұнай өңдеуді өркендетумен, Екібастұз жылу энергетика кешенін салу, Қарағанды металлургия комбинатын дамыту, түсті металдардың жаңа түрлерін шығаруды игеру сияқты өте күрделі шаруалармен шұғылдануға тура келді. Қазақстанды индустриялық-аграрлық республикаға айналдыру жолында жүйелі, жемісті жұмыс істеуге жанымды салып бақтым», – дейді автор өзінің салалық хатшы болған жылдары туралы.
Ол кезде хатшыға кіріп, ақылдасқандар үлкен эрудициясын, орысша да, қазақша да мүдірмей сөйлейтінін, ойы терең, сөзге шешен екендігін, Қазақстан сияқты ұлан-байтақ елдің сан-салалы экономикасын мейлінше жақсы білетінін, әсіресе, айтқандарын нақты цифрлармен дәйектеп отыратынын таң қалып айтатын. Әдебиет пен тарих, өнер саласына айрықша ықыластылығына тамсанатын.
Ол 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болғанында оның жарқын болашағы жайында әрқилы болжамдар айтыла бастады. Бұл саясат әлемінде жарқырап көрінген тұлға үшін ерекше есею, кемелдену жылдары болды. Әсіресе, бұрынғы Кеңес Одағында талай іргелі шаруалар атқарылғандығын ешкім теріске шығара алмайды. Алайда, адамдардың мұң-мұқтажынан мүлде қол үзу қаупі күшейе түскенін көрмеу де мүмкін емес еді.
Соның салдарынан біресе ана тауар, біресе мына тауар аспандап шыға келеді. Тұрғындардың тауарға сұранысы зерттелмейді. Сондықтан, фабрикалар киілмейтін киімдер, өтпейтін бұйымдар шығарады. Өйткені, 1970 жылғы Араб-Израиль соғысынан кейін мұсылман елдерінің шешімі бойынша, мұнай экспорты қатты шектелді. Мұнайдың 1 баррелі 34 долларға көтерілді. Кеңес Одағы тек мұнай экспортынан жылына 16 миллиард доллар пайда тапты. Сол кезде дүкендеріміз импорт бұйымдарға толып кетті.
Сауд Арабиясы мұнай өндіруді үш есеге дейін өсіріп еді, Кеңес Одағын бірден сазға отырғызды. Мұндай солақайлық бұйым шығарудан бірден көрінеді. Сонау ғарыш кемелерін түйістіре алатын ел өзі жасаған машиналарына кондиционер орнатуды білмейді. Ондай орашолақтықты санап тауысу мүмкін емес.
Оның есесіне елде алты-жеті жұмыс істейтін кісіге бір бастықтан келеді екен. 1985 жылға қарай КСРО-дағы бастық атаулының ұзын саны 18 миллион адамға жеткен. Мұндай өрескелдікті байқамау мүмкін емес. Устав бойынша қоғамдық гармонияны алдымен аңғаруға тиісті партия мүшелерінің саны 18 миллионға жетеді. КОКП Орталық Комитеті аппаратының өзінде 1500-ге жуық жауапты қызметкер жасапты. Бірақ, герантологиялық диктат алдында бәрі де қайрансыз еді.
Бас хатшы Л.И.Брежнев Қазақстанның 60 жылдығы қабылдауында бірінші болып өз денсаулығына тост көтерілген бойда есік алдына шығып, өз машинасына отырып кетіп қалады. Қайда, не үшін келгені есінен шығып кетіпті. Ол қайтыс болған соң, Андропов өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның қандай қоғам екенін толық білмейміз деген еді. Көп ұзамай 1984 жылдың басында ол да көз жұмды. Орнын басқан К.У.Черненко алдына республика үкіметінің төрағасын таныстыруға әкелгенде: «Мұның жасы қаншада?» – деп сұрайды. «Қырық төртке қадам басты», – дегенді естіп, орнынан тұра бергенде тәлтіректеп құлап қала жаздайды.
Кітап авторы бұл кездесулерден елді жайлаған тоқыраудың әбден асқындағанын көреді. Кремль ақсақалдарының бірінен соңы бірі соңғы сапарына аттанады. Бүкіл елді жайлап алған билікке талас шырғалаңдарына кеңінен жол ашады. Бұл онсыз да құлағалы тұрған қызыл империяны әбден жерлеп тынатын еді. Агониялық осы үдерістердің қай-қайсысы да Қазақстанды айналып өтпеді. Кетешек империя «қайта құру» деп аталатын үдерісін алдымен Қазақстанда іске асырғысы келді. Сол үшін Д.А.Қонаевты босатуды «халықтар достығының лабораториясында» жаңа қопарылыс жасаудан бастағысы келді. Ол үшін динамитті шеттен әкелді. Республика басшылығын Қазақстанның атынан басқа ештеңесін білмейтін, атымен бейсауат кісі Г.В.Колбин иемденді. Оның Қазақстанда үшінші Қазан төңкерісін жасау пиғылынан ештеңе шықпады. Ақырында Мәскеуге қашып құтылғандай болды.
Қайта құру – әуелден екіұдай сөз еді. Оның бір нәрсені қайта құратыны да, қайта құртатыны да белгісіз еді. Оның авторы М.С.Горбачев бірінші жолы жері бай Қазақстанды этностық бейтарап кеңістікке айналдыруды көздеген еді. Тіпті, ұлттық территорияларды титулды халық өкілдері арқылы алдарқату тәжірибесінен де бас тартқан-ды. Ол дәмесі орға жықты. Тек Қазақстанда ғана емес, басқа республикалардың да наразылығын оятты.
Қайтадан сол үйреншікті дәстүрге көшуге тура келді. Бір кезде Кремльдің оң қабағына ілінген Назарбаевты республика басшылығына әкелді. Шет аймақтан шыққан жас саясатшы замана аңғарын алыстан байқады. Аз жылда үлкен бедел жинады. Одақ көлемінде кеңінен танымалдыққа ие болды. Вице-президенттікке де, Жоғарғы Кеңес төрағалығына да Назарбаев келісімін бермеді. Ново-Огарево үдерісі КСРО-ның бұрынғы сипатта өмір сүре алмайтынын көрсетті. Ол кезде Қазақстан тұрғылықты халқы көпшілік болып табылмайтын жалғыз-ақ республика еді. Сондықтан, ақырына дейін аңыс аңдауға тура келді.
Бұл жайында Назарбаев: «Кеңес Одағының күйреуі – жалпы империя атаулының табиғатынан туындайтын заңды қорытынды. Әрине, әртүрлі жағдаяттар сәтімен қабыса келгенде, Кеңес Одағының сондай мемлекет түрінде өмір сүруін ұзарта түсуге де болар еді. Оған менің үлес қосуым да мүмкін еді. Бірақ, тарихтың өзінің даму заңдылықтары бар, сондықтан мен ол мемлекеттің тарар тұсында өзіме ұсынылған қызметтерде жұмыс істеуге тура келмегенін тағдырдың маған жасалған жақсылығы деп білемін. Ең қиын, ең күрделі кезеңде бар қажыр-қайратым, бар білік-білімім Қазақстанның мемлекеттік мүддесіне бағытталғанына разылық білдіремін», – дейді.
Назарбаевтың Кеңес Одағы тарқардағы қиын да күрделі өткелектердің бел ортасында жүруі айналып келгенде Қазақстан тәуелсіздігінің пайдасына шықты. Кеңес Одағының ең нәзік, ең талма буыны болып есептелетін республикада егемендену мен тәуелсіздену үдерістері ешқандай жайбасарлыққа да, асығып-үсігушілікке де орын бермей, парламенттік жолмен бейбіт пікірталасы арқылы салиқалы да ұстамды қамтамасыз етілді.
Елбасының: «Экономикаға қолайлы жағдай жасалуы үшін, еліміздегі көп ұлтты жұртшылықтың тыныштығы үшін КСРО-ны қайта өзгертіп қалыптастыруға, оның шын мәніндегі егемен елдердің еркін одағы ретінде жаңаша қайтадан құруға әрекет еттік. Бұл саясаттан біз ұттық. Себебі, ешкім бізге ішімізде де, сыртымызда да айып таға алмады. Өз тәуелсіздігімізді дау-дамайсыз жарияладық», дейтіні де сондықтан.
Одан арғы реформалар сабырлы қолдарға ауысты. Ол кездегі кәсіпорындарымыздың 90 пайызы сырттан басқарылатын. Халық тұтынатын тауарлардың алпыс пайызы өзге республикалардан әкелінетін. Халқының жартысынан астамын өзге ұлт өкілдері құрайтын. Қазақтардың үлесі небәрі 39 пайыз болатын. Оның үстіне Қазақстан ол кезде дүниежүзінің бәрі сұқтанып отырған Хартланд аймағында еді. 1947 жылы мұнда ядролық полигон құру жөнінде шешім қабылданған-ды. 1949 жылы 29 тамызда алғашқы қопарылыс жасалған-ды. Содан бері 456 рет қатерлі сынақ болған-ды. Республика көлемінде континентаралық зымырандар мен бомбалаушы ұшақтар үшін зарядтардың 1216 ядролық оқтұмсығы бар болатын. Оның үстіне жер бетіндегі континентаралық зымырандардың 148 шахталық қондырғысы шоғырландырылған-ды. Қазақстанда жасырын әскери объектілерден, лагерьлерден, әр қилы қарулардың сынақ алаңдарынан көз тұнатын.
Осындай мың бір үрейдің бәрі қаптаған аймақта, өз алдына дербес, жан-жақпен сан-салалық қарым-қатынас жасайтын, ешкім тіксінбейтін бейбіт мемлекет орнату қиялға келместей шаруа еді. Ал біз бас-аяғы ширек ғасырға жетер-жетпес уақыт ішінде сондай қоғамды жүзеге асырдық. Сондықтан да әлем жұртшылығы бүгінде бұрынғы біреу біліп, біреу білмейтін қазақ даласында не болып, не қойып жатқанына аса сергек қарап отыр.
Қазақстан дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына кірді. Енді ең үздік отыз мемлекеттің қатарына ілігу жолында күресіп жатыр. Осы заманғы жаңа Астана салды. Ол ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Астанада АҚШ, Еуропа мемлекеттері басшыларының саммитін өткізді. Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының Астанадағы басқосуы бес рет ұйымдастырылды. Мұндағы форумдар мен симпозиумдарда халықаралық ахуал мен экономика жағдайы үзбей талқыланады. 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қызу әзірлік жүргізілуде. Бұның бәрін әлемдік қоғамдық пікір Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен байланыстырады.
Сондықтан да қаламгер Сауытбек Абдрахманов Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа: «Сіздің өз өміріңіз жайындағы сұхбат кітабыңыз қай жағынан қарағанда да пайдалы, қажетті боларына сенемін. Жасыратыны жоқ, халқымыздың бәрі біздей бүгінгі бейбіт, бақуат өмірдің қандайлық қиындықпен келгенін жетік біле береді, қадіріне толық жетеді деп айта алмасақ керек. Осының бәрі өзінен өзі келіп жатқандай, солай болуға тиістідей көретіндер де кездеспейді емес. Айналасы жиырма шақты жылда біздің жағдайымызда Америкадай аршындап кету, Жапониядағыдай жайнай қалу мүмкін болмайтынын түсінбейтіндер де табылады. Бұл тұрғыдан қарағанда Сіздің өміріңіз жайындағы әңгіме ең алдымен жас оқырмандар үшін керек», – деп жазба түсірген екен.
Елбасы біраз ойланып, келісімін беріпті. Сауытбек ұсынған сұхбат жанры өз бетінше қозғаудың мүмкіндігі болмайтын жайларды айтуға жағдай жасайтыны түсінікті. Бұл тек авторға емес, қалың оқырман қауымға да қолайлы мүмкіндіктер туғызатыны рас екен.
Осы реттен келгенде, автор өз ғұмырының өзегін дұрыс тауып, қарапайым ауыл баласының қалай шыңдалып жетілгенін, нағыз металлург еңбегіне төселгенін, сөйтіп қоғам назарына бөленгенін, оның азғантай әлем білетін саясат сүлейлерінің бірегейі дәрежесіне дейін алып келгенін, ғасырлар тоғысындағы саясат мартендері мен домналарының жалын шашқан ауыздарының алдында тұрғандай сын сағаттарын басынан өткізгенін, – бәрін де елі мен халқының болашағына қалтқысыз арнайтынын тереңнен толғап, тебірене сыр шертеді. Бұл жөніндегі автордың терең ойлары нақты мысалдармен дәйектеледі. Тәжірибелі журналист С.Абдрахмановтың әңгіме жүргізу мәдениетіне де тәнті боламыз.
Біздің міндетіміз – әрі адамдық толғау, әрі саяси сараптау, әрі азаматтық сырласу өзектесе тоғысатын сұхбат кітабының бар айтқанын айтып беру емес, оны оқырманның өз еншісіне қалдырдық. Біз тек «Өмір өткелдері» болашағы, елі мен жерінде ие болып жатқаны мықтап ойландыратын ойлы оқырманның іздеп жүріп оқитын кітабы екендігіне тоқталғымыз келді.
Кітапты оқығанда, бір кісінің тағдырына ғана емес, бүкіл елдің тарихына терең сүңгігендей боласың.
Елбасының үдере даму үстіндегі елімізге сіңіріп жатқан ерен еңбегіне сүйсінген күй кешесің.
Көшбасшы деген осы ғой. Жаппай жаңарысқа бағыт алған көшімізге жөн сілтеп, жол бастап, барар бағытымызды, алар асуларымызды, шығар биіктерімізді нұсқайды.
Көшіміз көлікті болып, алға қарай нық қадымдай бергейміз!
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.