23 Мамыр, 2015

Саңырауқұлақ өсіруші келіншек

873 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір шүкір, талпынған адамға жұмыс табылады. Тек ынта -ықылас болсын де. Өңірде істің ұтырын тауып, өз кәсібін дөңгелентіп кеткендер қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұған халықтың нарықтық экономиканың талаптарын жете түсініп, кәсіпкерлікті игеруге талаптануы да алғышарт жасауда. Сондай-ақ, Үкімет те бұл бағытта орта және шағын бизнес­пен айналысушыларға қолдау-кө­мек беретін бағдарламаларды жүзе­ге асыруда. Осындай жұмыс­­­сыз­­дарға «екі қолға бір күрек» табуға мүмкіндік тудырып отырған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекет­тік бағдар­лама­сының игілігін көрушілердің арасын­да бұрын қазаққа тосындау көрінетін кәсіппен айналысып, тұр­мысын түзеп жатқандар да бар­шылық. Соның бірі осы бағ­дарлама­ның екінші бағытына қатысушы Қобда ауылының тұрғы­ны Майра Бимашева десек қателес­пейміз. Ол кезінде қазақ қорек­тік қуаты бар асқа санамаған саңырау­құлақ өсіріп, отбасының нәпақасын айырып отыр.

Әрине, біздің өңірге тосындау кәсіппен айналысу Майра Нұр­ланқызына оңайға түскен жоқ. Бастапқыда жүрексінгені да рас. Оған саңырауқұлақ өсірумен айналысуға апасы Ақмарал ақыл-кеңес берген екен. Өз ісімді ашсам деп жүрген жас келіншектің бастамасын жолдасы Амандық та қолдай кетеді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, екі бірдей ет жақынынан қолдау тапқан Майра Бимашева 2014 жылы шілде айында Қобда ауда­нының жұмыспен қамту орта­лығына келіп, қалай шағын несие алуға болатыны туралы кеңес алады. Сол жылы тамыз айында кәсіпкерлік негіздеріне оқып, қолына сертификат тиісімен ша­руаны жүргізуге кіріседі. Өз кәсібін жүргізудің қыр-сырына қаныққан оның бойына сенімділік ұялай түседі. Өткен жылы қыркүйек айында саңырауқұлақ өсіру және өткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 » мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында 1,5 миллион теңге несиеге қол жеткізеді. Алған қаражатқа жалпы алаңы 30 шаршы метр шағын жылыжай салып, 100 келі мицелий, қосымша тыңайтқыштар және басқа қажетті заттарды сатып алады. Жолдасы Амандық қажетті құрал-жабдықтарды ор­натуға қолғабыс береді. Сөйтіп, қоб­далықтар үшін тың шаруа – са­ңы­рауқұлақ өсіруге кірісіп кетеді. – «Вешенка» саңырауқұлағын бізде де өсіруге болатынын есті­генде бойымда осы кәсіппен айна­лысуға деген құлшыныс пайда болды. Үлкен жер телімі мен бастапқы капиталы жоқ кәсіпкерге тиімді технология екен. Бұл саңы­рауқұлақтарды үйде, шағын жылыжайда өсіруге болады. Қара есепке салып қарасам, оның өткі­зу бағасы картоп, қырыққабат, қияр­дан әлдеқайда қымбат болып шықты. Сөйтіп, тәуекелге бел буып, жұмысты бастадым, – дейді жас кәсіпкер Майра Бимашева қазір. Алайда, бәрі оңтайынан келе қоймағаны да шындық. Оның айтуынша, қыстың көзі қырау­да саңырауқұлақ өсіруге қажет­ті астық сабанын табу қиынға түсіпті. Субстратты дайындау үшін туралған сабанды ыс­тық суға булан­дырып, суыған­нан кейін поли­этилен қапшық­тарға салып, ми­целиймен аралас­тырған. Саңы­рауқұлақ тұқы­мын ыстық суға шыланған залалсыз­дан­ды­рылған ұсақталған сабанға отыр­ғызады, қосымша минералды тыңайтқыштармен қоректендіреді. – Содан кейін барып өздеріміз ауладағы үйшікте жасалған жылыжайдағы сөрелерге қоямыз, үш күн өткеннен кейін барып, өсіп шығуы үшін қаптардың бес-алты жерінен тілімдер жасалады. 15-20 күннен кейін қаптардағы тілімдерден саңырауқұлақтар өсіп шыға бастайды. Ол үшін оны өсіру технологиясын қатаң сақтау қажет. Бір қаптан 3 келіге дейін «Вешенка» саңырауқұлағын жинауға болады. Бұл өзі ұңғыл-шұңғылы көп шаруа. Саңырауқұлақ жылуды сүйеді, бөлмедегі болмашы ауа өзге­рісіне де сезімтал. Кездейсоқ бак­териядан қырылып қалуы да мүмкін. Көп адамның саңырауқұлақ өсіру­ден бойын аулақ салатыны да сон­дықтан, – дейді кәсіпкер келіншек. Майра қарындасымыз саңырау­құлақ тұқымы – мицелийді Шым­кеттен сатып әкелген. Бір саңы­рауқұлақ блогын жасау үшін 200 грамм мицелий жұмсалады екен. – Тек тез арада аста-төк пайда табуды көздесең, табысқа жете алмайсың. Бар ынта-ықыласың­мен жұмыс істеу қажет. Шаруаны ­жүр­гізу барысында көп нәрсені оқуға, ізденуге тура келді, – дейді ол сөз арасында. «Вешенка» саңырауқұлағы керемет дәмімен де, қоректік қуатымен де ерекшеленді. Оның адам ағзасынан радинуклидтерді шығаратын, ісік жасушаларымен күресетін шипалық қасиеті де бар екенін айтады білетіндер. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында шағын жылыжайда өсі­рілген саңырауқұлақтан екі рет өнім алынған. Кәсіпкер бұл саңы­рауқұлақтарды Ақтөбе қаласын­дағы мейрамханалар мен дәмха­наларға, қоғамдық тамақтандыру орындарына өткізген. Болашақта дүкендер мен базарларға да шығаруды көздеуде. Өз кәсібінің көзін тапқан, табыстың дәмін татқан кәсіпкер келін­шектің болашаққа бағыттал­ған жоба-жоспары да жоқ емес. Ол алдағы уақытта саңырауқұлақты тұздап, маринадтап, өңдеп, қалбыр­ға салып саудаға шығаруды ойлас­тыруда. Түрлі салаттар жасайтын, саңырауқұлақ қосылған манты, тұшпара, паштет шығаратын цех ашуды қарастыруда. Саңырауқұлақ тұқымын зерттейтін зертхана керектігі де ойында жүр. – Тың кәсіптің қыр-сырын ұғы­нып іс қылып жатқан жас кәсіп­кердің өнегесі өзгелерге де қозғау салары сөзсіз. Биыл осы бағ­дарламаға қатысуға тілек біл­дірген 98 адамның 52-сі әлеуметтік келісімшартқа қол қойды. Бағдарламаның бірін­ші бағыты бойынша 20,7 миллион теңге бөлініп, 10 жаңа жұмыс орны ашылды, ал екінші бағыты бойынша 10 адам қайта қаржыландырудан 20,2 миллион теңге шағын несие алды, 8 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда. Үшінші бағыт бойынша 27 жұмыссыз әлеуметтік жұмыстарға орналастырылды, 25 адамды жастар тәжірибесінен өткізу көзделуде, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Інжу Аетова.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы, Қобда ауданы. Суретте: жас кәсіпкер Майра БИМАШЕВА.

Соңғы жаңалықтар