29 Тамыз, 2015

Ұлттың асыл қазынасы

425 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
1424172016489Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Таяуда орталық басылымдардың бірінен мынадай бір ақпаратқа кезіктім. Екі жүз жылдық тарихы бар АҚШ конституциясының қолмен жазылған нұсқасы әр қалада 1952 жылға дейін сақталып келген екен. Қолжазбаны Пенсильвания бас ассамблеясының қатардағы қызметкері Джейкоб Шаллус дайындап, ол үшін оған бар-жоғы 30 доллар көлемінде сыйақы берілген көрінеді. Бұл құжат сәл кейін Вашингтондағы ұлттық мұрағатқа беріліп әрі барынша мұқият қадағалауға алынған. Жай күндері бұл қолжазба қазынаның бірінші және төртінші беттері оқ өтпейтін арнайы шыны қорапқа салынып, көпшіліктің назарына шығарылып  отырады. Қағаздың сапасын сақтау үшін қорапша іші гелий және су буымен толтырылған. Түнде қағаз беттері жерасты қоймасына түсіріліп, оларды атом жарылысына төтеп бере алатындай шамада жасалынған бес тонналық есіктің аржағында сақтайды. Конституцияның толық мәтінімен дүйім ел тек жылына бір рет 17 қыркүйекте, яғни осынау құжатты құрастырушылардың қол қойған күніне орай таныса алады. Әрине, біз өз Конституциямызға мұндай жоралғы жасап отырғанымыз жоқ. Алайда, бұл қазақстандықтар елдің Ата Заңына сыйластықпен әрі зор құрметпен қарамайды дегенді әсте білдірмейді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Оразақын Асқардың «Ата Заңым» атты өлеңінің мына бір шумағында айтылғандай: «Әлемге ел пейілін таныстырған, Заңым – ең адамгершіл, халықшыл заң. Тілім тұр онда айтыста әділ жеңіп, Мәртебе мемлекеттік алып тынған. Қорғалар елім тұтас, жерім бүтін, Қол сұғып ешкім сырттан айтпас үкім. Заңда айқын міндеттерім, құқықтарым, Ақтайтын ел үмітін, ана сүтін». Сайып келгенде 1995 жылы қабылданған еліміздің ең басты құжаты Отанымыздың тарихында Қазақстанды жаңаша бір даму сатысына көтеретін айрықша да айтулы оқиға болды. Қоғам мен жеке адам мүдделерін барынша жақындататын, біріктіретін демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік ерікті қоғам құруға толықтай жол ашылды. Экономикада нарықтық қарым-қатынастарды, саясатта идеологиялық сан алуандылықты орнықтыруға мүмкіндік туды. Мемлекеттің негізгі әрі бірден-бір құндылығы ретінде адам, оның өмірі, құқы және бостандығы заңдылық тұрғыдан толық мойындалды. Маңыздысы сол, Конституция айқындаған мақсаттардың көпшілігіне бүгіндері Қазақстан қол жеткізіп отыр. Айталық, еліміздің за­­йыр­лы мемлекет ұстанымына деген беріктігі Қазақстанда діннің мемлекеттен бөлектенгенімен ғана емес, сондай-ақ қоғамдық қатынастарды реттеуде ұлттық ізгіліктермен, дәстүрлермен және заңдылықтармен қатар діни құндылықтардың да маңызды орын алатынымен ерекшеленеді. Қазір елімізде 130 этнос өкілдері мен 17 конфессия бейбітқатар өмір сүруде. Осындай ымыра – бірлік пен тынымсыз тіршіліктің арқасында Қазақстанда бейбітшілік, қалыптылық нық орнығып, экономикада әлем таңғаларлық оң өзгерістер орын алуда. Нақтырақ айтсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кезіккен қиындықтарды абыроймен еңсере алдық. Біз Оңтүстік - Шығыс Азия дағдарысынан, 2007-2009 жылдардағы әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыстан абыроймен өте алдық. Әлемдік нарықта мұнай және металл бағаларының күрт төмен түсіп кетуінен қазіргі орын алып отырған қиыншылықтарды да жеңетінімізге ешбір күмән жоқ. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан ілкімді шаралар толық куә бола алады. Бәрімізге белгілі, қазір көптеген шетел мемлекеттерінде еңбекақы мен зейнетақы азаюда, зауыттар тоқтауда, кәсіпорындар жабылуда, мемлекеттік шығыстар қысқаруда. Ал, біздің Қазақстанда 2010 жылдан бері мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Осы жылдары 770 нысан беріліп, 80 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Бұл үрдіс енді индустрияландырудың екінші кезеңінде, яғни 2015 – 2019 жылдары өз жалғасын табатын болады. Әлеуметтік мәселе де тұрақты назарда. Мысалы, Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша алдағы 2016 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бірқатар әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақыларын 30 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр. Сондай-ақ, Ұлт Көшбасшысының бес институттық реформасы мен оны іске асырудың «100 нақты қадамының» мақсаты да халықтың әл-ауқатын жақсарта отырып, Қазақ елін дамыған мемлекеттердің отыздығына енгізу екендігін атап өткен жөн. Жалпы, ішкі және сыртқы саясатымызды сауат­ты жүргізе келе қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты жаңа тәуелсіз мемлекетті дүниежүзіне паш еттік, сөйтіп күллі әлемге таныта білдік. Соның арқасында алпауыт мемлекеттер Қазақстанды посткеңестік аумақта бірінші болып нарықтық экономикасы бар мемлекет деп мойындаумен қатар біздің елдің тәуелсіздігіне, шекарасының тұтастығына, бейбітшілігіне кепілдік беретін құжатқа қол қойды. Мұнан соң Қазақстан қазба және өзге байлықтарды экспорттауға халықаралық деңгейде шек қоятын «Джексон-Венс» қара тізімінен сызылды, сөйтіп өзінің әлемдік рынокқа кедергісіз шығуына мүмкіндік алды. Нәтижесінде, Қазақстан қазір Дүниежүзі сауда ұйымының толыққанды мүшесі болып отыр. Қазақ елі бүгінгі күні әлемдік нарықта бидай сатудан әйгілі ондыққа кіреді, ал ұн экспорттаудан алдыңғы үштік қатарында. Мәселен, дүниежүзілік нарықтағы ұн экспортының бір жылдық көлемі 11,5 млн. тонна болатын болса, осының 19 пайызы біздің елдің үлесінде. Ал ішкі нарықтағы өзіміздің жылдық тұтынуымыз 2,681 млн. тоннаға пара-пар. Бұл жылына әр қазақстандыққа 167 келі ұн өнімдерінен айналады деген сөз. Қазақстанның өзге де салаларда қол жеткізіп отырған табыстары баршылық. Соның бір нақты айғағы ретінде, Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті елу мемлекеттің қатарына енгенін айтуға болады және бұл меже біздің еліміз үшін соңғы көрсеткіш емес. Сөз жоқ, кез келген қоғамдағы сияқты біздің жас мемлекетімізде де өз шешімін күтіп жатқан өзекті мәселелер жеткілікті. Жұмыссыздықпен күресу, инфляцияны тежеу, еңбек өнімділігін арттыру, шикізаттан гөрі қайта өңдеуге ден қоя отырып отандық бәсекелестікті күшейту, тарифтерді реттеп бағаның шектен тыс өсіп кетуіне тосқауыл қою – солардың бір парасы ғана. Сонымен қатар, қоғамдағы орын алып отырған жемқорлық, парақорлық, жағымпаздық, көзбояушылық, тамыр-таныстық тәрізді кеселдерді түбегейлі жою да бүгінгі күн тәртібі міндеттерінің бірі. Осы орайда, кемшіліктерімізді термелеп, бір-бірімізге түрлі айыптар тағып жататынымыз, істің байыбына бармай тұрып қызбалыққа салынатынымыз жасырын емес. Иә, осындай көңіл-күйге берілген кісілердің туған елінің болашағына, балаларының ертеңіне шын жүректерімен алаңдайтындықтарын білдіретіндері түсінікті жәйт. Дегенмен, туындаған мәселені дабырмен емес сабырмен шешуге және ол тек заңдылық шеңберінде атқарылуы тиіс. Ең мәдениетті қоғам – заңмен өмір сүретін қоғам десек, Эммануил Канттың «Мемлекет дегеніміз – құқыққа бағынған адамдар ұйымы» деген сөзі ойға оралады. Ендеше, құқықтық тәрбиенің күшейтілуі қажет. Неге америкалықтар өз елінің Негізгі Заңына аса ыждағаттылықпен әрі мақтанышпен қарайды? Себебі, сәби туғаннан бастап отбасында, балабақшада, мектепте оның бойына құқықтық мәдениетті қалыптастыру басты міндет болып саналады. Америкалық фильмдерде: «Сіз адвокат шақыруға құқылысыз, ешнәрсе айтпауға құқылысыз. Әр айтқан сөзіңіз өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін...», деген сөздердің айтылатыны әркімге етене таныс. Негізгі Заң оларда АҚШ мемлекетінің қарқынды дамуының бірден-бір кепілі ретінде таныстырылады. Ал америка азаматтығын алар тұста: «Сіз Америка конституциясына сенесіз бе?», деген сұрақ қойылады. Яғни, конституция Америкада құтты бір екінші Библия тәрізді күйге көшкен. Олай болса біздер де өзіміздің әрбір қимылымызды Конституция талаптары шеңберінде жүзеге асыра отырып, заңдылықтары мүлтіксіз сақталатын құқықтық мемлекетті орнатуға атсалысуымыз қажет. Сонда ғана біздер Ата Заңымызда анықталған биік межелерді бағындыра аламыз. Ең асыл мұратымыз еңселі ел болу еді. Кейінгі тек екі ғасыр ішінде қазақтың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтеріліске шыққаны соның дәлелі. Мұнан 24 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атырау және байтақ Сарыарқа арасын алып жатқан дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабамыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі емес пе? Сондықтан да тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Оған Ата Заңымыз кепіл. Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы. Астана.