Біреу үйленген екен, онда тұрған не бар дейміз ғой. Бірақ Чешенстанда аудандық полицияның бастығы 47 жастағы Нажуд Гучиговтың 17 жасар Хэда (Луиза) Гойлабиеваға үйленуі қазір ақпарат құралдарының, әсіресе, әлеуметтік желілердің айға жуық уақыттан бергі басты тақырыбына айналып отыр.
Осы жерде Чешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыровтың сөзін келтіру қажет болып тұр: «Мен бүгінге дейін ғасыр тойы деп мұрагер Уильям мен Кэтрин Мидлтондардың некелесу салтанатын айтуға болар деп ойлаушы едім, – деді ол өзінің Instragram-ында. – Бірақ соңғы біраз күннің оқиғасы Нажуд Гучигов пен Луиза Гойлабиеваның үйлену тойы мыңжылдық салтанаты болатынына сенімдімін. Бұл үйлену тойына қызығушылық танытқан БАҚ саны қазір 1,5 мыңнан асты. Австралиядан, Монакодан хабарласып жатыр. Грозный қаласында өтетін Нажуд пен Луизаның некесін қию салтанатына келіңіздер!».
Шақыруға республика басшысы жүрген соң, шамасы келгендер баратыны анық. Қалыңдықты сол салтанатқа республика басшысы әкімшілігінің жетекшісі Махомед Даудов қолтықтап апарды. Тойда Рамзан Қадыровтың өзі «Лезгинканы» биледі. Сонда басқалар қайтып тұрсын. Бәрі де шабылды. Расында да, той даңғазалықтың биік шыңына көтерілді.
Сонда бұл тойға жұрттың назары неге ауды? Өткен сәуір айының соңғы күндерінде «Новая газета» басылымында оның тілшісі Елена Милашкинаның Чешенстанның Ново-Юрт ауданындағы Байтарки ауылында бір мектеп оқушысын жасы біразға келген аудандық полиция бастығы әйел үстіне алмақ көрінеді, оған қыздың ата-анасы амалсыз көнеді екен, әйтпесе, бұларға полиция бастығы қиянат жамасақ деген мақаласы шығып, жұртты елең еткізді.
Бұған Рамзан Қадыров араласып, айрықша белсенділік көрсетіп, бұл үйленудің заңға ешқандай қайшылығы жоқтығын, әлемде бұл әдеттегі жағдай екенін түрлі мысалдармен «дәлелдеді». Тіпті, атақты Алла Пугачеваның өзінен екі есе жас Максим Галкинге тигенін айтады. Әңгіме Ресей Конституциясы бойынша некеге тұру 18-ден басталатынында. Қалыңдық – 17-де. Заңсыздық. Рас, кәмелетке толмағандардың некеге тұрып жататыны бар. Барлық жерде де ондайларға заң да кеңшілік жасайды. Ал Қадыров өз қызметкерінің әрекетін заңға сай етіп көрсеткісі келеді.
Бұл жерде Қадыров жеке емес, оны Ресейдің бала құқы жөніндегі өкілі Павел Астахов та қолдап отыр. Кавказда эмансипация және жыныстық жетілу ерте болатынын алға тосып, бұл некені заңға сыйыстырған. Тіпті, ерте үйлену керек, әйтпесе, 27 жасыңда кемпір боласың деген пікір айтып, әйел қауымның шамына да тигені бар. Қазір сол Астаховты орнынан алу жөнінде 15 мың адам қол қойған петиция президент Путинге жолданды. Сірә, бұл оның түбіне де жететін шығар.
Сөз басында айтқандай, біреу үйленген екен, онда тұрған не бар деуге де болғандай-ау. Тіпті, ымырамен де бітетін нәрсе. Сол Чешенстанда бұдан басқа шешетін мәселе жоқ па дейсің. Рамзан Қадыровтың осы істегені белсенділігі таңдандырады. Заңсыздықты қолдағанда не табады? Осыдан біраз бұрын Қадыров Ресейдің басқа аймағынан келген құқықтанушыларды ату керек деп те шулатқан. Украинаның шығысында чешен еріктілері бар деп те мақтанған. Енді терроршы Царнаевты заңсыз жазаладыңдар деп АҚШ-қа да қыр көрсетеді. Сірә, айқай-шу, даңғазамен бедел көтерілмес.