06 Шілде, 2015

Елбасы кітапханасы

6565 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
05-1.jpg-02-07 Астананың өркендеуін, заман талабына сай ілгерілеуін ел дамуының негізгі көрсеткіштері деп қарастыра аламыз. Сондықтан да, осынау қасиетті төріміздің асқақ, айбынды, мерейлі болуы – ел-жұртымыздың асыл тілегі. Астананың күн санап өсіп, көркейіп келе жатқанын көргенде көңілің марқайып, мерейің өсе түседі. Мұндай мақтаныш сезімі өз тағдырын елінің болашағымен байланыстыра қарайтын қазақстандықтардың әрбірінде кездесетініне сенімдіміз.  Аз ғана уақыттың ішінде әлем таныған, талайлар тамсанған, сая­си-экономикалық, мәдени-рухани орталыққа айналып үлгер­ген Астана жөнінде көп айтуға болады. Әсіресе, қаладағы зама­науи үлгідегі ғимараттар, демалыс алаң­дары, халықтың игілігіне арнал­ған әлеуметтік нысандар, айнадай жарқыраған көшелер және басқалар жөнінде талмай сөйлей бергің келеді. Ақорда, Сенат, Мәжіліс, Үкімет үйлері, «Бәйтерек», Тәуелсіздік сарайы, Бейбіт­шілік және келісім сарайы, «Хан Шатыр», «Ас­тана арена», «Астана Опера» театры, «Қа­зақстан» концерт залы, Ұлттық музей, На­зарбаев Университет, Ел­басы кітап­ха­насы және тағы басқалар болып тізбек­те­ліп кете береді. Бұл Астананың саяси әрі рухани ірі орталыққа айналғанын анық аңғартады. ERA_2177 Бүгін біз жоғарыда аталып өткен ғи­марат­тардың арасындағы Елбасы кітап­ханасына кеңірек тоқталмақпыз. Мақ­сатымыз – осынау әйдік те әсем, мән-ма­ңызы жоғары, заманауи сәулет өнерінің озық үлгілерінің бірі санатындағы аталған нысанмен таныстыру. Аталған мемлекеттік мекеме Елбасының 2014 жылдың 13 нау­рызындағы «Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітап­ханасы» мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы» Жар­лығымен құрылған-ды. Құрыл­тайшысы – Қазақстан Респуб­ликасының Президенті, өкілетті органы – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі. Оны құрудағы ниет – Қазақстан Президентінің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының жұмысын ұйымдастыру, еліміздің қалып­тасуы мен дамуын, осынау үде­ріс­тегі Тұңғыш Президенттің жетек­ші рөлін, оның жасампаздық-шығармашылық идеялары мен бастамаларының мазмұнын зерделеу және Елбасының бастамаларын ақпараттық-имидждік тұрғыдан ілгерілету. Жалпы, Тұңғыш Президент кітапханасы Мемлекет басшы­сының орталығы болып тұрға­нымен ерекше. Яғни, бұл мекеме кітап­хана, мұрағат қызметімен тікелей айна­лысса да, қызметтік сипаты әдеттегі көп­шіліктік кітап­ханалардан өзгеше. Өйт­кені, бұл ны­сан – Елбасының жеке кітап­ханасы, жеке мұрағаты. Президенттік кітапханалардың тарихына үңілсек, біздегідей тәжірибе АҚШ-та ғана, оның өзі бір-ақ рет орын алыпты. Би­лік басында отырған кезінде Франклин Руз­вельт өзінің президенттік орталығын жа­сақтаған. Соның негізінде кейін оның есі­мі­мен аталған кітапхана-мұражай бой көтерген-ді. Елбасы кітапханасы орналасқан кешен – Астана қаласының мақта­нышына айналған сәулеттік туын­дылардың бірі деп толық сеніммен айта аламыз. Ғимарат 2013 жылы британиялық танымал сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынған. Жалпы аумағы – 28 мың шаршы метрден астам. Ғимарат аспанға, яғни ұшар биікке ұмтылған көз жа­на­ры тәрізді. Ол өзіндік зәулім де қайта­ланбас сыртқы келбетімен Қазақ елінің қарыштап даму бағдарын, өмірлік жолын, қуатын көрсетеді. Мұнда Мемлекет басшысының қаты­суы­мен аса ауқымды әрі зор маңызға ие халық­аралық, республикалық жиындар өткізіліп тұрады. Мәселен, 2014 жылдың 11 қара­шасында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол­ –­ болашаққа бастар жол» Жолдауын осы нысанда жариялады. Сонымен қатар, Елбасы биыл өткен Президенттік сайлаудың алдын ала қорытынды мәліметтерін партияластарымен бірге осы ғимаратта тыңдады. Осыған қарап, кітапхананың қазірдің өзінде-ақ тарихи маңызды нысанға айналғанын байқауға болады. Ғимараттың 1-қабатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке мұрағаты орналасқан. Ол Елбасының өмірбаяндық, шығармашылық материалдарынан, мемлекеттік және қоғам­дық қызмет барысында жиналған құжат­тардан тұрады. Жеке мұрағат қорында 127 мыңнан астам бірлік құжат жинақталған. Елбасы кітапханасының тағы бір ерек­шелігі, онда Мемлекет басшысына сый­ға тартылған экспонаттар да сақта­лады. Бүгін қорда 400-ге жуық экс­понат бар екен. Олар – сыйлықтар, Елба­сы­ның жеке заттары, өнер өнімдері, раритеттер. Дәлірегі, мемлекет және үкімет басшы­ларының, бірқатар елдердің ресми өкілдерінің, халықаралық компаниялар мен ұйымдардың, атақты мемлекет, саяси, қоғам және өнер қайраткерлерінің Қазақстан Президентіне ресми сапарлары, іс-шаралар барысында берген сыйлықтары осында сақтаулы. Елбасы кітапханасының 2-қабатында экспозиция-көрме орналасқан. Мұнда «Әлемді өзгертетін идеялар» атты интерактивтік білім беру орталығы бар. Елбасы кітапханасының тақы­рыптық-интерактивтік бөлігінің негізгі өзегі – «Президенттік экс­по­зиция». Бұл бөлімде Нұр­­сұлтан Назарбаевтың тұлғалық қасиет­тері туралы жан-жақты мәлімет ұсынылған. Тұрақты экспозицияның міндеті – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының идеяларын көрсету. Ғимараттың 3-қабатында Елбасының жеке кітапханасы орналасқан. Елбасының еңбектері Қазақстанның дамуындағы елеулі оқиғаларды, мемлекетіміздің қарышты қадамдарын айқын көрсетеді. Экспозицияны Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы қазақстандық және шетелдік авторлардың кітаптары, сондай-ақ, еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуы, шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастары туралы кітаптар жалғастырады. Мәдени мұраны сақтау – Мемлекет басшысының аса маңызды бастамасы. Сондықтан да экспозициядан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған кітаптар – «Бабалар сөзі», «Орыс, түрік, парсы, моңғол және қытай дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» ойып орын алған. Мұнда «Әлем әдебиеті» галереясы да бар. Елбасының жеке кітапханасы қорында Нұрсұлтан Назарбаевтың 1960-жылдардан бастап жинаған кітаптары сақтаулы. «Сирек қор» коллекциясында XVIII-XIX ғасырларда әр тілде жарық көрген сирек кітаптар қойылған. «Сыйға берілген кітаптар» топтамасын Елбасымызға әр жылдары көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері тарту еткен басылымдар құрайды. Кітапханада оқырмандардың тыны­ғып, демалуы үшін барлық жағдай қарасты­рылған. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.