23 Мамыр, 2015

Ардагерлерге арналған сайт

407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Шығыс Қазақстанда көптеген тағылымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы басылымның бірнеше сандарында және газет сайтында жазған болатынбыз.

Облыстың қалалары мен аудандарында жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерейтойлық шаралар қаһармандық көрсетіп, қан майданнан қайтпаған боз­дақтар мен ел-жерін жаудан қорғап қалған хас батырларымызды ардақтауға арналды. Айта кетер болсақ, Көкпекті ауданының Подгорное ауылында осы елді мекенде туып-өскен үш бірдей Кеңес Одағының Батырына және барша майдангерлерге арналған мемориалдық кешен бой көтерді. Облыс орталығындағы Ертіс пен Үлбі өзендерінің түйіскен тұсында қайта жаңғыртылған Даңқ мемориалында 7199 өскемендік Ұлы Отан соғысының ардагеріне арналған 7199 шырақ жағылды. Шығысқазақстандық майдангерлер Астанада өткен әскери шеруге қатысты. Көптеген ардагерлерге шипажайларға жолдама берілді. Семей қаласы мен басқа да аудандарда «Мәңгілік полк» акциясы ұйымдастырылып, ардагерлерге арналған спектакльдер, кино көрсетілімдері өтті. Осындай ұрпаққа ұлағат болар шаралардың бірі – шығысқазақстандық ардагерлерге арналған ақпараттық порталдың ашылуы деуге болады. Жақында А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада аталған сайттың салтанатты тұсаукесері өтті. Енді ғаламтор арқылы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбекккерлері мен концлагерь тұтқындары туралы, олар­дың отты жылдарда бастан өткерген қиындықтары мен ер­лікке толы өмірлері жөніндегі барлық ақ­параттар аталған сайтқа орналастырылатын болады. Шығыс өңірінде ашылған veteranvko.kz сайты өскелең ұрпаққа электронды форматта жауынгер жерлестері жөнінде мол мағлұматтар ұсынуымен ерекшеленбек. – Бұл жобаны Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орайлас­тырып жасадық. Сайттың түрлі бөлімдерінде шығысқазақстандық ардагерлер жөнінде барлық ақпа­ратты тауып, оқуға болады. Сон­дай-ақ, бейнесюжеттер, ерлік даңқы туралы ардагерлердің өзі әңгімелеген бейне және аудиоматериалдар, олардан алынған сұхбаттарды таба аласыздар. Бүгінгі таңда біздің өңірімізде көзі тірі үш Кеңес Одағының Батыры тұрады. Шетелдерде тұратындары да бар. Осы батырлар туралы ақпаратты да орналастыруға және сұхбат алып, сайтқа салуға тырысатын боламыз. Сонымен бірге, сайтқа соғыс жылдарында жұмыс істеген өндірістік кәсіпорындар мен майдан шебінен алыста, Жеңіс үшін тер төккен тыл ардагерлері де қамтылады. Даңқ орденінің толық иегері атанған батырларымыз туралы мәліметтер де қалыс қалмайды. Сайт жан-жақты әрі оқырмандарға қызықты болуы үшін соғыс жылдарындағы аудиоматериалдармен, фотосуреттермен ұдайы толықтырылып отырады, – деді аталған тұсаукесерде облыс әкі­мінің орынбасары Жақсылық Омар. Сондай-ақ, сайтта жауынгер хаттары, мұрағаттық құжаттар мен майдангерлер есімімен аталатын көше, мекеме атаулары, соғыс жылдарындағы газет тігінділері, жаңалықтар мен оқиғаларға арналған бөлімдер бар. Ақпараттық портал облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжат­тама басқармасының көмегімен құрылды. Айта кеткен ләзім, Ұлы Отан соғысында Шығыс өңірінен 109 Кеңес Одағының Батыры мен 22 Даңқ орденінің толық иегері шыққан.

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».

ӨСКЕМЕН.