29 Тамыз, 2015

Конституция – мемлекет пен қоғам тұрақтылығының кепілі

1836 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
постерр Еліміздің ең жоғары заңдық күшке ие негізгі құжаты – Конс­титуция. Ата Заңымыз еліміз үшін қиын кезеңдерде қабылданып, қалыптасқан күрделі мәселелерді шешудің түйінді формуласы ретінде орнықты. Осылайша демо­кратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке тән ортақ құндылықтардың қорға­луын қамтамасыз етіп қана қой­май, елдегі қоғамдық-саяси құ­ры­лымның құқықтық сипатын негіздеп, адам мен азаматтың конс­титуциялық мәртебесін айқындап берді. Сондықтан, осыдан 20 жыл бұрын республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы ел дамуының басты құқықтық қозғаушы күшіне айналды. Егемен Қазақстанның бүгінгі бағындырған белестерін, жаңа бағытқа жасаған әр қадамындағы сенім серпінін ел Конституциясымен сабақтастыра қараған жөн. Касымов К.Н.Құқық қорғау, оның ішінде ішкі істер органдарын жаңғыртудың жүйелі стратегиясы да Конс­титуция қағидаттарын бағдар ете отырып, азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету талаптарын жетілдіруде. Қазақстандық полиция – құқық қорғау құрылымдарының ішіндегі саны жағынан алғанда ең іргелісі. Сол себепті, заңдылықты және құқықтық тәртіпті күзетуге жауапты орган ретінде азаматтармен тығыз байланыста қызмет етіп, қылмысқа қарсы күрестің алдыңғы шебінен табылуға тиіс. Біздің қызметтің бұл ерекшелігі Конституция ең қымбат қазы­намыз деп айқындаған адам және адамның өмiрiне, оның құқықтары мен бостандықтарына қол сұғылмауын қадағалауды міндеттейді. Осы тұрғыдан алғанда ішкі істер органдары Ата Заңның басты қағидатының іске асырылып, азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына күш салып келеді. Елбасының құқық қорғау және сот жүйесінің алдына қойған ең басты міндеті – қазақ­стан­дықтардың құқығын әділ әрі тиімді қорғауды қамтамасыз ету. Сондықтан, азаматтардың конституциялық құқығын және азаматтардың бостандығын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғау – полиция қызметінің бағдар ұстар темірқазық міндеті. Осы талаптарға сай болу үшін құқық қорғау органдары оң өзгерістерге, жаңғыру жолына бағыт нұсқаған реформаларды кешенді түрде жүзеге асыруда. Мәселен, соңғы жылдары құқықтық база қайта сүзгіден өтіп, біздің қызметімізді ілгерілетуге ықпал ететін тың нормалармен толыққаны белгілі. Осы жұмыстар аясында төрт бірдей Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық атқару кодекстері жаңа редакцияда қабылданды. Негізгі басымдық ретінде қылмысқа қатысты саясат ізгілендіру сипатына ие болғанын, қызметтердің қайталануы жойыл­ғанын атап айтқан жөн. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы өткен жылдың сәуірінде «Ішкі істер органдары туралы» Заңға қол қойды. Осы заңның арқасында полиция қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру, ақшалай қамта­масыз ету секілді бірнеше оң өзге­рістер көрініс тапты. Қалыптасқан еліміздің одан әрі дамуына жаңа саяси бағыт сілтеген тарихи құжат – «Қазақстан-2050» Стратегиясында Президент арнайы атақтар үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін әскери атақтар бо­йынша төленетін жалақы деңгейіне дейін көтеруді тапсырған болатын. Осы тапсырмалардың барлығы жаңа заңда қамтылды. Бұл ішкі істер органдары қызметкерлерін ынталандырып қана қоймай, оларға қойылатын талаптардың қатаң сынын қалыптастыруда. Мұның бәрі өз кезегінде кадр саясатын тұжырымдап, жеке құрамды кәсіби мамандармен жасақтауды міндеттейді. Конституцияның тірек тағаны саналатын құқықтық қағидалар – осы міндеттерге қол жеткізудегі біз сүйенетін негізгі тұғырнама. Себебі, Конституция – мемлекеттік билік пен басқаруды жүйелеуге ғана емес, түбегейлі реформалар­ды жүзеге асыруға да серпін беретін басты құжат. Онда көрсетіл­ген негізгі қағидалар бізге жоғары құқық­тық мәдениетке ұмтылу қажет­тігін көрсетеді. Бұл азамат­тарға да қойылар талап болға­нымен, полиция қызметкеріне келгенде заңдылық пен тәртіптің сұрауы салмақты. Себебі, тәртіп сақшысының формасын киген адам осы жауапкершілікті терең сезіне отырып, өзінің кәсіби шеберлігі мен азаматтық құндылығын да­мытуға күш жұмсауы керек. Сонымен қатар, заман құбылып, жаңа технологиялар қарқыны үдесе де полиция қызметкеріне қойылатын негізгі талаптар – жалпы адамзаттық құндылықтар ретінде бағаланатын адалдық, жауапкершілік және сауаттылық қасиеттері құнды болып қала бермек. Ал осы талапқа жауап бере алатын қызметкер дайындау – біздің ведомстволық оқу орын­дарының жүйесі де, сондай-ақ қызмет өткеруді ұйымдастыру саласы да мақсат етіп қойған міндет. Ішкі істер органдары қай кезде де азаматтардың конститу­циялық құқықтары мен бостан­дық­тарының бұзылмауын қада­ғалап, олардың алдын алу шараларын жүйелі жүргізуге жауапты. Бұл – біздің қызметтің бұлжымас бағдары. Азамат ішкі істер органдарының қызметін өз құқығының қорғалу деңгейі арқылы бағалайды. Сондықтан, Конституция айқындап көрсеткен демократиялық қағидалардың және құқық үстемдігінің орнауы – кез келген азаматтың ер­кіндігі мен қауіпсіздігіне кепіл болады. Сондай-ақ, Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясында құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыру керектігін атап тапсырған болатын. Онсыз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік қағидасын қалыптастыру әрі жемқор­лықты түбірімен жою міндет­терін шеше алмаймыз деп айтқан еді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» – Ұлт жоспары құқық қорғау, оның ішінде ішкі істер органдарының алда атқарар ауқымды әрі маңызды реформалар тізбегін жүйелеп ұсынған құжат болды. Аталған жоспарда кәсіби мем­лекеттік аппарат құру үшін мемлекеттік қызметтің жаңа эти­калық нормасын әзірлеу, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік қыз­мет­керлерді кешенді аттестаттаудан өткізу, оларға қойылатын кәсіби талаптарды күшейту міндеттері белгіленген. Ішкі істер органдары айқындалған бағыттар аясында бірқатар жұмыстар атқаруда, дегенмен Ұлт жоспарына сай нақты шараларды пысықтап, дамыта түсудің мәні зор. Себебі, заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметіне де маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Полиция қызметкерлерін іскерлік қабілеттері негізінде іріктеу, оларды мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу талаптары артуда. Сонымен қатар, жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру мәселелері де тал­қылануда. Өйткені, полиция қыз­метінің ашықтығын қамта­масыз ету – өзекті. Осы мәсе­лені шешуде азаматтардың конс­титуциялық құқықтарын қорғау мақсатында ішкі істер органдары қызметкерінің іс-әрекетіне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі Қоғамдық кеңес жүйесін құруға маңыз беріліп отыр. Бұл мемлекетімізді одан әрі дамытудың бірден-бір кепілі – Конституцияның құқықтық негізінен тамыр тартқан талаптар. Себебі, кез келген бастама Ата Заңда айқындалған ережелермен астасқанда ғана жетістікке жетпек. Президент «Халық өзінің егемен құқын пайдаланып, қабылдаған Конституция қол сұғылмас қасиетке, жоғары заңдық қана емес, рухани-адамгершілік киеге ие болады, сөйтіп ол қазақ­стандық патриотизмді тәрбие­леудің іргетасына айналады», деген болатын. Сол сенім жете­гінде Қазақстан өз дамуының стра­тегиялық бағдарын айқындап, әлеуеті артқан, азаматтық қоғам­ның нышандары сомдалған елге айналды. Алдағы мақсат – бұрын­ғыдан да айбынды, яғни әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Қазақстанның әлемдік аренадағы жетістіктерінің және экономикалық өрлеуінің түп­қазығы – Ата Заң қағидаттарының қалтқысыз орындалуында жатыр деп білеміз. Ел Конституциясы 20 жыл бойы мемлекет пен қоғам тұрақтылығының және оның өркендеп, дамуының, халқымыздың болашаққа деген сенімінің кепілі болып келеді. Ата Заңымыз «Мәңгілік Ел» идея­сын ақиқатқа айналдыруға бет түзеген Қазақстанның айшықты бейнесін бедерлеп қана қоймай, оның әлем алдындағы беделін даралап көрсетуге әлі де зор ықпалын тигізері анық. Сондықтан, оның саяси-құқықтық салмағын терең түсініп, құндылығын бағалай білу маңызды. Қалмұханбет ҚАСЫМОВ, Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі.