06 Шілде, 2015

Ұлы даланың ұлы рухы

1126 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
14.09-01 Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың бүгінге дейін бірнеше кітабы дүниеге келіпті. Солардың ішінде бізге етене жақынырағы – «Тарих толқынында». Неге етене жақын? Өйткені, бұл кітапта тарих, тіл, дін және осы ұлттық құндылықтардан құралатын ұлттық рух сөз болады. Сондықтан да, бұл кітап әлі күнге өзекті. Және кітап өзектілігі жыл өткен сайын арта түсуі де мүмкін. Автор аталған құндылықтарға қатысты өз көзқарасын оқырман алдына жайып салған. Әсіресе, тарих туралы терең толғайды. «Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді», «Біздің еліміздің халықтары ұлы ата-бабаларымызды әбден орынды мақтаныш етуге құқықты, ал Бумын, Естеми, Білге қаған, Күлтегін сияқты алғашқы қағандардың есімдері ежелгі ерте заманның өзге ұлы әскери қолбасшыларының және мемлекет қайраткерлерінің есімдерімен әбден қатар тұра алады, олардың атқарған істері ешкімнің де атқарған істерінен артық болмаса, тіпті, де кем емес», «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», деп жазады. Ғұн патшасы Мөденің бір өнегелі ісін көлденең тартады. Ғұндардың жауы Дун-ху Мөдеге елші жіберіп, ең сүйікті сәйгүлігін сұрайды. Мөде кеңесшілерін жинап «не істейміз?» дейді. Кеңесшілері «соғысу» керек дейді. Мөде: «Бір атқа бола екі халық қанын төгуге болмас! Атты берелік» дейді. Дун-ху тағы да елші жіберіп, енді Мөденің бір сүйікті ханымын сұрайды. Кеңесшілер Мөдеге «соғысу керек» дейді. Мөде: «Бір әйелге бола екі халық қанын төгуге болмас! Береміз!» дейді. Жауыз Дун-ху енді Мөдеден жер сұрайды. Мөде кеңесшілері: «Сұрап отырған жері онсыз да бос жатыр ғой, берсек берейік!» дейді. Сонда Мөде: «Жоқ! Жер – мемлекеттің негізі. Жерді беруге болмайды! Енді Дун-хуға қарсы соғыс ашамыз!» дейді. «Жерді беру керек» деген кеңесшілерінің басын алады. Осы аңызға айналған мысалды келтіре отырып, автор: «Демек, біздің Отанды және оның жерін қорғауға деген көзқарасымыз ата-бабалардан қалған, бұл сезім ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді», деп қорытады. Осы кітабы арқылы Президенттің тарихқа, оның ішінде де отандық тарихқа деген перзенттік көл-көсір махаббатын көреміз. Алтайдан басталған Ашина түріктері, олардың 552 жылы құрылған каһарлы қағанаты, орта ғасырлардағы Орта Азиядағы рухани дүмпу, Қазақ хандығының құрылуы, Абылайға дейінгі азаттық үшін күрес, соңғы 250 жылдық бодандық, Алаш қозғалысы, ашаршылық, репрессия, тоталитаризм тұсындағы ұлттық құндылықтардың құлдырауы, осы оқиғалардың бәрі бүгінгі күн биігінен тәуелсіз Қазақстан Президентінің аузынан өзінің тұжырымды да тұшымды бағасын алған. Кітаптың әр бетінен отандық тарихтың шуақты тұстарына қуанған, көлеңкелі тұстарына қуарған Ұлы Дала перзентінің жүрек лүпілі сезіледі. Ана Дала төсін арда еміп, тал бесігінде тербеліп, табанын топырағы сүйген перзенттің атамекенге деген жан жылуы сезіледі. Осы сезім оны әлем архивтерінен Дала тарихын тірнектеп жинаумен айналысқан «Мәдени мұраға», ғасырлар бойы қолжазба күйінде сарғайған 100 томдық «Бабалар сөзін» шығаруға, 550 жыл бұрын ұлттық мемлекеттің іргетасы қаланған Керей-Жәнібек хандар туралы тарихи телесериал идеясына алып келсе керек. Елбасы өткен жаздың аяғында «Қазақ­фильмге» тапсырма берді. 10 сериядан тұра­тын тарихи телесериал түсіру туралы. Жоба сценарийін жазу осы жолдар автормен кинодраматург Тимур Жақсылықовқа жүктелді, фильмді түсіру белгілі режиссер Рүстем Әбдірашевке тапсырылды. Рүстем бұған дейін Президенттің өмір жолы жайлы «Елбасы жолы» атты айтулы киноэпопея түсірген режиссер. Президент өткен күзде Қазақ хандығы туралы сценарийдің жобасымен танысты. Авторларға ақыл-кеңес, бағыт-бағдар сілтеді. Бұл кинотележоба туралы баспасөзден құлақтанған қазақ қауымы бір дүрлігіп қалды. Тарихи телесериал идеясы резонанс тудырды. Осы жобаға қатысқысы келетіндер республиканың ішінде де, сыртында да көп болып шықты. Бұл ұлттық серпілістің сыры неде? Сөйтсек, оның сыры экранда корей тарихын, орыс тарихын, түрік тарихын, моңғол тарихын күнде көріп отырған қазақ қауымының осындай көркемдік деңгейде түсірілген өз отандық тарихын экраннан көруге деген құлшынысы екен. Президент идеясы осы көңіл күйді дөп басыпты. Оның үстіне көршілес ел басшысының төрткүл дүние алдында: «қазақта мемлекет болмаған» деп эфир арқылы қойып қалуы қазақ намысын қозғады. Біз сценарий жазуға осындай жағдайда отырдық. Алдымен, тарихшылардың Қазақ хан­дығының құрылуына қатысты зерттеулерін зерделедік. Елбасы тапсырмасымен Есенберлиннің «Алмас қылыш» романын негізге алдық. Елбасы, сондай-ақ, бұл кинотележоба мақсаты жастардың отансүйгіштік, өз тарихына деген құрмет сезімін қалыптастыруы керек деп ескерткен. Бұл ескертуді біз сценарий жазу үстінде өзімізге жол сілтер Темірқазық еттік. Иығымызға түскен жауапкершілік салмағы сұрапыл еді. Ең бастысы, Қазақ хандығын құруға қатысқан Керей, Жәнібек хандар, Асан Қайғы, Қазтуған, Қотан жырау сынды абыздар, Қобыланды, Дайырқожа, Қасым тәрізді батырлар рухына қиянат жасап алудан сақтандық. Олар туралы жазу, ауыздарына сөз салу айна-қатесіз ата-баба аруағын қозғау еді. Ал экранға шығару болса, оларды ел алдында «тірілтумен» тең еді. Кино өнерінің қиындығы мен қасиеті осы. Дүйім жұрт, әсіресе, жас ұрпақ экраннан көргенін айна-қатесіз ақиқат деп қабылдамақ. Бүгінде теледидарсыз үй жоқ. Демек, телесериалды жұрт түгел көреді. Түгел жұрт болып талқылайды. Ендеше, бұл жайт тележобаның идеологиялық, мәдени, тәрбиелік маңызын, мемлекеттік масштабын көрсетеді. Біздер, осынау тарихи жобаға тартылған азаматтар, мемлекетіміздің бастау-бұлағы туралы бұл тақырыпқа осы тұрғыдан қарадық. Сондықтан да біздің, бүгінде әлемге танылған Қазақстан мемлекетінің елдік пен ерлікке толы даңқты тарихын жадағайлап жұқартып көрсетуге құқымыз жоқ еді. Еуразия кеңістігінде алыса-жұлыса жүріп Қазақ хандығын құрған алғашқы хандарымыз Керей, Жәнібек бастаған халқымыздың экрандық бейнесін оның қаһармандық болмысына сай көрсету парыз еді. Қысқасы, Президент көтерген осынау ғажайып идеяны тақырыбына сай абыроймен іске асыру қазақтың елдігіне сын еді. Демек, бұл жоба – бір министрлік аясына сыймайтын ауқымы кең ұлттық жоба. Осы фильмге қарап ертең қазақ тарихына баға беріледі. Сол үшін де жалғыз билік емес, ірі кәсіпкерлерге дейін бұл жобаны қатардағы киножоба деп қарамай, айрықша мән беріп, оның абыройлы аяқталуына атсалысар деген үміттеміз. Өйткені, жоба мақсаты – қазақ мемлекетінің осыдан 550 жыл бұрын, өзге көршілері әлі етек-жеңін жинай алмай жатқан тұста Еуразия кеңістігінде еңсе көтергенін көрсету ғой. Егер, әртүрлі себеп-сылтаулармен бұл тақырыпты біз бүгін күлге аунатып алар болсақ, онда оның салдары өкінішті болмақ. Тақырып ондаған жылдарға жабылып, шегеріліп қалмақ. «Кеңестік насихат пен ғылымның көшпелілер тарихын саналы түрде кемсітуі қазақтың ұлттық сана-сезімін күйретіп-құртатын рөл атқарды. Сондықтан, әділдікке дес берер болсақ, біздің алдымызда төл тарихымызды қалпына келтіріп, жетістігі мен кемшілігін, жеңістері мен жеңілістерін барша шындығымен көрсету міндеті тұр» (Н.Назарбаев. «Тарих толқынында»). Ұлттық рухтың ұлы тұғырының бірі тарих болса, сол тарихты насихаттауда кино алдына түсер құрал жоқ. Ұлтты қалыптастыруда, ұлт тарихына деген көзқарасты қалыптастыруда экран құдіретін ерте ұққан елдер бүгінде сол саясатының жемісін көріп отыр. Күні кеше қарумен жау­лап ала алмаған бір империяны бір империя іштей киномен жаулап алғанын көрдік. Іштей күйреткенін көрдік. Жаңа заманның идеологиялық ақиқаты осы. Елбасымыз соңғы жылдары кино өнеріне ерекше мән беріп келеді. Қазақ киногерлеріне үздіксіз сенім артып келеді. Елбасы сенімін ақтау жолында, ел сенімін ақтау жолында қазақ киногерлері де тынымсыз күрес салып келеді. Ұлттық рухтың тағы бір ұлы тұғыры – тіл. Бұл туралы Президент талмастан айтып-жазуда. «Тарих толқынында» терең тебіренеді. «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! Әрине, одан қымбат ештеңе жоқ деп айтуға болады. Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі». Тіл туралы, ана тіліміз туралы бұдан артық айту мүмкін бе?! Сірә, мүмкін болмас. Ендеше, басшымыздан қосшымызға дейін көзіміздің қарашығындай қастерлейтін тіліміздің қадірін түсіріп жүрген кімдер?! Өкінішке қарай, тағы да өздеріміз. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп ұран тас­тады Президент. Алайда, «батпандап кірген кеселдің мысқалдап шығатыны» шындық болды. 70 жылдық бодандық тұсында босағаға ысырылған тіліміздің Тәуелсіздік тұсында да төрге шыға қойғаны шамалы. Қазақстан Парламентінің 22 жылда түпнұсқасы мемлекеттік тілде жазылған небары екі-ақ заң қабылдауы соның айғағы. Тіл дегенде бүгінде бір үміт, бір күдік тыныштық бермейді. Бізден кейінгі ұрпақ, әсіресе, қалада туған ұрпақ күнделікті өмірде өз тілі барын, ана тілі барын ұмытып қалған сияқты. image_281e8ea5deb5f136ae0e45a031f65d6e9d7d4252 Олар үйде де, түзде де, қызметте де өзара орысша шүлдірлеседі. Олардың арасына түскенде өзімізді өзге елдің азаматындай сезінеміз. Әнебір мәскеулік сайқымазақ халқымыз туралы «өз тілі жоқ халық» дегенде осыларды көріп айтса керек. Осындайда жанымызды тіл болашағы туралы күдік кеміреді. Алайда, үмітсіз – са­йтан. Кеңестік кезеңде бір ғана қазақ мектебі болған Алматыда бүгінде қазақ мектебінің саны 60-қа жетіпті. Қазақстанда жыл сайын қазақ мектебін бітірушілер пайызы 80-ге жетіпті. Елбасымыз: «Қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі азат өмірімізде де ұлтты тұтастандырудың тегеурінді тетігі болуға тиіс», деумен келеді («Туған елім – тірегім». Құрастырған М.Қасымбеков. «Рауан» баспасы.2000). Лайым солай болғай! Жоғарыдағы дерексөздегі бір ақберен ақиқат – тілдің «ұлтты тұтастандырудың тегеурінді тетігі» екендігінде. Солай! Мың мәртебе солай! Естен шығармайтын шындық. Осы орайда ой келеді. Жоғары сыныпта немесе ЖОО-да «Назарбаев оқуларын» неге өткізбеске? Ол оқулардың арқауы қазақтың ұлттық бірегейлігін құрайтын негізгі құндылықтар – тарих, тіл, дін мәселелерін терең толғаған Президенттің «Тарих толқынында» кітабы болуға тиіс. Президенттің дінге деген көзқарасы ел тағдыры үшін ерекше. Тәуелсіз Қазақстан президенттігіне Нұрсұлтан Әбішұлы Құдайды мансұқтаған КОКП басшылығынан келді. Бірақ, дінге қатысты КОКП көзқарасынан құтылу оған қиынға соқпапты. Бұл жайында ол Ұлытаудағы сұхбатында айтты. Рас, құдайсыз КОКП қазақты қанша төмпештесе де оның ауызындағы Алласынан, жүрегіндегі иманынан ажырата алмаған. Сондықтан, қазақ 70 жыл бойы Кремльге тәу етсе, КОКП құласымен жүзін құбылаға қайта бұрды. Талай тарих зобалаңынан Алаш жұрты ­аузында – дұғасы, жүрегінде иманы жүріп аман өткен. Қастасқанмен қастаса, достасқанмен достаса білген. Жауға салса алмастай алғыр болған. Ұжданы таза ұлт болудың үлгісін көрсеткен. Жетімін жылатпаған. Жесірін қаңғытпаған. Тентегін түрмесіз-ақ тезге салған. Маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, суицид, ажырасу, ата-анасынан тірідей бас тарту тәрізді заманауи азғындықтардан ада болған.Тілін мансұқтау, дінін мансұқтау дегендер, тіптен, ата-бабамыздың өңі тұрмақ түсіне де кірмеген. Осындай ұждани қаймағы бұзылмаған халықтың басына қызыл идео­логия дозақ орнатты. Ашаршылық, репрессиямен санасын сансыратты, қатарын селдіретті. «Ұлттық мінез-құлықты күйретіп, қадір-қасиетін шайды, қазақ халқының небір данышпан перзенттері мен көсемдері тарихтың қарғыс атқан тұзағында тұншықты. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылында ғана қазақтар еңсесін тіктеп, арман болған азаттығымен қауышты» (Н.Назарбаев. «Тарих толқынында»). Арман болған азаттықпен қауышу 70 жыл бойы батпандап кірген кеселден аяқ астында айығу емес еді. Өйткені, 70 жыл ұдайы ұлтшылдықпен күрескен қызыл идеология өскелең ұрпақты ұлтсыздыққа тәрбиелеген еді. Ұлттың тарихын, тілін, дінін мансұқтауға тәрбиелеген еді. Бұл салада қызыл идеология кәдімгідей жетістіктерге жетті. Қазақтың қомақты бөлігін орыстандырды. Тәуелсіз Қазақстан тұтқасын Н.Назарбаев қолға алған 90-шы жылдар басына қазақ осындай әрі-сәрі күйге тап болған еді. Мемлекеттік тәуелсіздікке ұлттық біртектіліксіз жеткен еді. Ол кезде республика халқының 40 пайызын ғана құрап отырған қазақтың өзі аты қазақ болғанымен заты ұлттық біртектіліктен аулақ еді. Қалған 60 пайызы өзге 140 ұлт өкілдерінен құралды. Ендеше, осындай бір жағынан – ұлттық құрамы алабажыр, екінші жағынан – экономикасы қирап жатқан елдің еңсесін қалай көтеруге болады? 90-шы жылдар басында Президент басын қатырған басты сауал осы болды. «Бірліксіз тірлік болмайды». Осынау халық даналығы Н.Назарбаевты Қазақстан халқы Ассамблеясын құруға алып келді. Батыс сарапшылары сол тұста: «Ұлтаралық негізде ең алдымен іштен қопарылатын Қазақстан болады» деп топшылаған. Сол сәуегейліктің күлін көкке ұшырып, адам айтқысыз ішкі ала-құлалықтарға қарамастан, Қазақстан төрткүл дүниені таңғалдырып, өтпелі кезеңнен ұлтаралық қақтығыссыз өтті. Тіптен, біртіндеп ұлттық бірлігі қалыптаса бастады. Бұл өз кезегінде экономикалық өсуге мүмкіндік берді. Экономикалық өсу қазақстандықтардың болашаққа деген сенімін арттырды. Бұл сенім Қазақстан халқының бетін бір бағытқа – болашаққа бұрды. Ол ұлттық біртектілікке бас­тады. Ортақ мүдде, ортақ тағдыр, ортақ тарих қалыптаса бастады. Яғни, жаңа қазақстандық әлеуметтік біртектілік қалыптаса бастады. Қараңыз, қазіргі Қазақстан 90-шы жылдар басындағы Қазақстан емес. Бүгінгідей жаһандану заманында, яғни заманауи БАҚ әлем мәдениеттерінің өзара ықпалдасуын үдетіп отырған заманда алдымен зардап шегетін ұлттық біртектілік екені аян. Бірақ, екінші жағынан, өзара ықпалдаспай өркениет көшіне ілесу де мүмкін емес. Ендеше, не істеу керек? «Әлемдік рухани кеңістікте Қазақстан өзінің дербес те төлтума тұлғасын сақтай ала ма, жоқ әлде өз-өзінен қожыраған және қойыртпақтанған мәдени шайынды болып қала ма?» (Н.Назарбаев.«Тарих толқынында»). Күллі қазақ зиялыларының көкірегін күбірлеткен бұл тағдырхал сауалға Президент өзінің «Қазақстан жолы» кітабында жауап берген. Қазақстан – Шығыстың да, Батыстың да мәдени үлгілерін қайталамайтын өз мәдени кескін-келбеті бар ел. Ұлы Дала тудырған төлтума мәдениеті бар. Төлтума халқы бар. Оны түсіну үшін тамырың Дала тарихында жатуы керек. Дала рухы тұнған туған тілді түсіну керек. Сонда Дала сыр ашады. Құшағын ашады. Сен туған жер құшағында тербелесің. Жас Нұрсұлтан Теміртауда жүріп, алыс Алатау етегінде қалған туған жері – Шұбаратты сағынады. «Шұбарат» әнін шығарады. Сөзін де өзі жазады. Шұбарат Алатаудың етегінде, Шамалған тұрады екен жетегінде. Арқадан асыл жарды тапсам-дағы, Туған жер, сенен алыс кетермін бе. Бай да өтер, би де өтер, батыр да өтер, Басында панасы жоқ пақыр да өтер, Бұл өмір, қарап тұрсаң, тұрағы жоқ, Жел соқса бір-ақ күнде ұшып кетер. «Халқымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ән айтуды, тыңдауды ұнататын әрі ақынжанды азамат екенін жақсы біледі. Жұртымыз «Елім менің», «Жерім менің», «Үшқоңыр», «Сарыарқа» сияқты әндерін тыңдап жүр. Оның Әнұранымыздың мәтініне енгізген толықтыруларынан да ақындық жүрек, азаматтық тілек айқын аңғарылып тұр», деп жазады Махмұт Қасымбеков «Жан жадыратар жасын сөз» атты кітабында («Фолиант» баспасы, 2010). Осы бір шағын үзіндіден біз нені аңғарамыз? Болашақта тарих теңізі тулаған тұста Тәуелсіз Ел тұтқасын ұстар азаматтың, абырой болғанда, балалық шағы ел ортасында өтіп, ұлттық руханияттың тұнығынан сусындағанын аңғарамыз. Ұлттық мәдениет – Ұлы Дала рухы. Тарихтың ұзына бойына халықтың саз өнерімен, сөз өнерімен өріліп келе жатқан рух бала Сұлтан бойында жарасымды жалғасын тапқанын көреміз. Сол рух бала Сұлтан көкірегінде ұя салғанын аңғарамыз. Ұя салып қана қоймай, халыққа деген махаббаттың қайнар көзіне айналғанын аңғарамыз. Осы махаббат анда-санда көмейден жыр болып төгіліп, ән болып ақтарылар махаббат жас Сұлтан жанын жас­тай баурағанын көреміз. Сол махаббат оны туған жер үшін талмай күресер Толағайға айналдырғанын көреміз. Өйткені, қазақ сөзінсіз қазақ рухы жоқ. Қазақ даналығы – қазақ сөзінде. Сондықтан да Президент Назарбаев: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», дейді. Ендеше, нұрлы жолмен мәңгілікке бет алған ел бойтұмары – ана тіл. Тілімен, дінімен, тарихымен қаруланған ұлт Дала намысын тарих табанында таптатпақ емес. Тарих-тағдыр оны табанға салып қанша таптаса да ол рух қайта тіріле бермек. Сол рух оларға Қазақ хандығын құрғызды. 200 жыл жоңғар шапқыншылығына қарсы тұрғызды. Өткен ғасыр басында Алаш идеясын көтертіп, оққа қарсы өргізді. Өршіл Дала рухы! Дүниені ат тұяғымен дүрілдетіп Еуразия кеңістігін мыңдаған жыл еркін жайлаған көшпенділер рухы. Сол рух 1986 жылы қызыл империяға қарсы шықты. Тарих теңізі тағы тулады. Қызыл империя күйреді. Ұлы Дала рухы бас көтерді. Тәуелсіздік туын тікті. Тарих теңізі осылай тулаған тұста Ұлы Дала тағы бір перзентін ғасыр сахнасына шығарды. Бұл жолы тарих таңдауы Нұрсұлтан Назарбаевқа түсті. Сол жылдарда Назарбаев қол бастаған батырлар тәрізді болды. Жорыққа шығар алдында батырлар не істеуші еді? Алдымен «Алла!» деп, сонан кейін ата-бабалар аруағына сиынар еді. Сонда оған жойқын жорықтарда Алла жар болып, оны ата-бабалар рухы желеп-жебер еді. Жолы болар еді. Қазақстанның жолы болды. Назарбаев басшылығмен қатерлі асудан абыройлы асты. Бүгінде Қазақстан жиырмадан асқан жас жігіт шағында, шиыршық атып болашаққа беттеп барады. Жүріп өткен жиырма жылдық жолында жасампаздық істері жайнап тұр. Соның бірі – Астана. Алып Дала төсіне қонған жарық жұлдыз. Қазақ пассионарлығына қойылған ескерткіш. Астанаға қараған жас ұрпақ бо­йын мақтаныш билейді. Көкірегін қуат-күш кернейді. Адам қолынан келмейтін іс жоқ екенін көзбен көргендей болады. Бүгінгі ұрпаққа асқақ болмысымен Астана сонда не деп тұр? «Қазақстан – мүмкіндіктер мекені» деп тұр. «Ұмтыл, өз бақытыңды өз қолыңмен жаса!» деп тұр. Дала төсінде қала тұрғызу Абылайдың да арманы болыпты. Сол арман, Алаш арманы тағы бір алыптың жүрегінде лаулапты. Нұрсұлтан Назарбаев жүрегінде. Сол алау-арман, міне, Астана болып жарқырап тұр Дала төсінде. Бұл не?! Бұл – Ұлы Дала феномені. Назарбаев феномені. Әлемге асқақ Алаш рухын паш еткен феномен. Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры.
Соңғы жаңалықтар