28 Шілде, 2010

Ойлы сөз – ортақ қазына

614 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Көкірегіңде күн тұтылмасын. *** Дініне берік– Айнымас серік. *  *  * Түнекті түретін жарық, Тарихты түзетін халық. *  *  * Бақытты еңбектен, Шындықты жер-көктен ізде. *  *  * Сөзіңнің тосаңсуы, Тіліңнің босаңсуы. *  *  * Шәкірт болсаң, ұстаз боп ойла, Бас алмай оқы, білуге тойма. *  *  * Қайманаға айтқаның айдалаға. *  *  * Сайыста – қайыспа, Күресте – тірес. *  *  * Аралап бақ не түкпірлі ғаламды, Сонда терең ұғынасың адамды. Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы. Алматы. ЖАҚСЫЛАРДЫҢ ЖАЗБАЛАРЫ Қазынасы мол Қабдоловтың жеке мұраға­тынан тағы бір құнды мәлімет табылды. Қа­зақтың әйгілі ақыны Тайыр Жароковтың өз қолымен жазған бір ауыз әзіл өлеңін Зекең ұқыптап сақтап қойыпты. Осыдан ширек ғасыр­дай уақыт бұрын ұзаққа созылған бір жиынға қатысқан арынды ақын әбден зерігіп, жазушы інісіне өлеңмен хат жолдайды. Қырық сегіз жыл сақталған бұл өлеңхатқа З.Қабдоловтың өзі заматында түсініктеме жазып қойыпты. Ұлы адамдарының табаны тиген жерден жәдігерлік іздейтін үлгілі елдердің үрдісіне салып, әдебиетіміздің тарихында айрықша орын алатын осынау үш тұлғаға (Қажым Жұмалиев, Тайыр Жароков, Зейнолла Қабдолов) қатысты сол өлеңді оқырманға ұсынып отырмыз. Амантай ШӘРІП, Бауыржан ОМАРҰЛЫ, филология ғылымдарының докторлары. * * * ЗЕЙНОЛЛАҒА! Қайраты тал бойында қажымаған, Қайнаған сөзді құйып қазынадан. Қолында қайырымы ініге мол, Қасқайып отырғанда Қажым ағаң, Ағаға оқта-текте іні еркелер, Қорықпа, қолқалайтын базынадан. Қолыңды қаға қоймас қапелімде, Қартайып қалмаса егер қажып ағаң! Алқынбас алшаңкердің өзі емес пе, Ашылса ай астында азынаған. Т. 14/ІV/62. З.Қабдоловтың түсініктемесі: Қазақстан Жазушылар одағында бір үлкен жиналыс болып жатты. Тәкең (Тайыр Жароков) президиумда отырған. Мен залда — Қажекеңнің (Қажым Жұмалиевтің) қасында отырмын. Жиналыс ұзаққа созылды. Түс кезінде де тарамады, біз шаршадық. Сонда Тәкең екеуіміз алыстан ымдасып, үзілісте Қажекеңе еріп кетпек болдық. Тәкең: “Ағаңды айналдыра бер, әзірлей бер” деп, еркелеп, елбеңдеді де отырды. Соның бәрін маған ыммен айтты, одан қалғанын осылайша өлеңдетіп, жазып берді. З.К.