06 Шілде, 2015

Балбұлақ

451 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астананың туған күні биыл да әдеттегідей шаттыққа толы күндер мен думанға толы кештер сыйлайтын маңызды іс-шаралардан бастау алды. Бір жеті бойы ұлан-асыр тойға ұласатын мерекелік шаралардың алғашқы легі басталып та кетті. Соның бір айғағы, кеше елордадағы Оқушылар сарайының орталық алаңында өткен «Астанам – асқақ әнім!» атты шара. Сахнада Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Бұл мерекелік концертті тамашалауға балалар, қала тұрғындары мен қонақтары жиналды. Сондай-ақ, шара аясында өнерлі балалардың қатысуымен жас суретшілер көрмесі, хип-хоп би алаңы, спорт алаңы (каратэ годзю-рю, тоғызқұмалақ, шахмат, таэквондо, арқан тартыс, көңілді старттар), би флеш-мобы  өтті. Барлық шығармашылық алаңдарда Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Ырғақты билер мен спорттық сайыстар қатысушылар мен мереке қонақтарын ерекше көңіл күйге бөледі. Сонымен қатар, жас суретшілер өз туынды­ларын көрермен назарына ұсынса, жол жиектеріне салынған ­сурет сайысында балалардың өз қабілеттерін танытуына және елордаға өз туындылары­ның бір бөлігін сыйлауға мүмкін­дік берді. Мерекелік бағдарламада Оқу­шылар сарайының өнер ұжымдары: солистер мен вокал­дық топтар, Шолпан Қорған­бекова жетекшілік ететін домбыра, қобыз, флейта ансамбл­ь­дері ұжымы, Кайрат Шманов жетекшілік ететін хореогра­фия­лық ансамбль көпшілік алдына шықты. Жас гимнасшылар мен каратистердің шаршы алаңдағы өнері көрермен қауымды бей-жай қалдырмады. Сонымен қоса, Оқушылар сарайының жас сән­герлерінің қолынан шық­қан «Fashion kz. Жаз-2015» жазғы топ­тамасы таныстырылды. Атал­мыш шара соңы әуеге түрлі-түсті шарларды ұшырумен жалғасты. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.