06 Шілде, 2015

Елорданың 17 жылдық даму көрсеткіштері

374 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Астана куни 2015* Дерек пен дәйек  Астана тұрғындары мен қонақтары, бүкіл Қазақстан халқы Қала күні мемлекеттік мерекесін қуанышпен қарсы алмақ. Осы оқиға қарсаңында, өткен 17 жыл ішіндегі Астананың даму үрдісін цифрларға жүгіне отырып, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. 1998 жылы Астананың жалпы өңірлік өнімі (бұдан әрі – ЖӨӨ) 60533,1 млн. теңгені құраса, 2014 жылғы қорытынды бойынша елорданың ЖӨӨ ағымдағы бағалармен 3936996,6 млн. теңгені құрады. Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ 1998 жылғы 186,8 мың теңгеден 2014 жылы 3573,0 мың теңгеге дейін өсті. Өткен он жеті жыл ішінде ЖӨӨ құрылымында айтарлықтай өзгерістер болды, егер 1998 жылы құрылыс пен өнеркәсіптің үлесі тиісінше 19,2% және 14,7% болса, 2014 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың осы секторларының үлесі тиісінше 9,4% және 3,8%-ды құрады. Қала өнеркәсібінде негізінен алғанда өңдеу өнеркәсібі кәсіп­орындары басымдыққа ие, 1998 жылы мұндай кәсіпорындар үлесі 46,5% болса, 2014 жылы 83,5%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымында да өзгерістер орын алды, машина жасау өндірісінің үлесі 6,8%-дан 35,4%-ға (Астанада дизельді локомотив, жолаушылар вагоны, сұйықтықты айдайтын орталықтан тебетін сорғы, компрессорлар шығарылып, машиналар мен жабдықтарды жөндеу мен орнату саласында қызметтер көрсетіле бастады), резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 2,1%-дан 5,8%-ға, құрылыс материалдарын өндіру 17,1%-дан 26,7%-ға (негізінен алғанда, бетоннан, тауарлы бетоннан, құрғақ құрылыс қоспаларынан өндірілген құрылыс бұйымдары мен құрылыс конструкциялары өндірілуде) ана­ғұрлым өсті. 17 жыл ішінде та­мақ өнімдерін өндіру көлемі қолда­ныс­тағы бағалармен 4,7 млрд. теңгеден 22,7 млрд. теңгеге дейін артты. Елорда экономикасындағы оң серпін кәсіпкерліктің дамуына да қолайлы мүмкіндік берді, егер 1999 жылдың соңына шағын және орта бизнес саласында тіркелген заңды тұлғалар саны 5782 бірлікті құраса 2014 жылдың соңында 47240 бірлікке жетті. Астана сырт­қы, сондай-ақ ішкі ресурс­тар арқылы қамтамасыз етілетін экономикалық дамудың жоғары серпінімен ерекшеленеді. 2014 жылы Астанада негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі алдын ала деректер бойынша 644,1 млрд. теңгеге жетіп, 1998 жылғы көлемнен 5,9 еседен астам шамаға асып түсті. Осы кезең ішінде жеке-меншік нысандағы кәсіпорындар ең жоғары көлемді игерді. Егер 1998 жылы оның үлесі 22,6%-ды құраса, 2014 жылы 55,2%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, меншіктің мемлекеттік нысанындағы кәсіп­орындар мен басқа мемлекеттердің, олардың заңды тұлғалары мен азаматтарының меншігіндегі кәсіпорындардың негізгі капиталға салынған инвестицияларды игеру қарқынында айтарлықтай төмендеу байқалды. Шетелдік фирмалармен бір­лескен кәсіпорындардың қызметі қала экономикасына инвестиция тартуға мүмкіндік беретін эко­номикалық ынтымақтастықтың бір нысаны болып табылады. Ас­тананың тәжірибесінде құры­лыс­қа қаражат салумен қатар, тех­нологиялар, соның ішінде грант­тық технология (балалар ауру­ханалары, перзентхана­ларға арналған медициналық жаб­дық­тар, халыққа жедел жәрдем және шұғыл медициналық көмек көрсе­ту қыз­метіне қолдау көрсетудегі мамандандырылған автокөлік­тер) берудің әртүрлі шаралары жүзеге асырылды. Өткен жылдар ішінде шетелдік инвесторлар Халықаралық әуежай, Ислам мәдени орталығы, дипломатия­лық қалашық объектілері, «Әзірет Сұлтан» мешіті, Ұлт­тық кітапхана, «Хан Шатыр» сау­да-ойын-сауық орталығы және т.б. маңызды объектілер құрылысына айтарлықтай қаражат құйды. 17 жыл ішінде Астанада 3600,2 млрд. теңгенің негізгі құралдары іске қосылды. Жалпы алаңы 13671,3 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді, ал осы кезең ішіндегі өсім қарқыны 8,8 есеге дерлік артқан. Жыл сайы­н жаңа жалпы білім беретін мектептер іске қосылып, 41 мың оқушыға арналған білім ошақтары пайдалануға берілді. 17 жыл ішінде білім берудің барлық сатысындағы оқушылар саны 2,4 есеге өскенін ескерсек, бұл маңызды көрсеткіш болып табылады. 1998 жылмен салыстырғанда бөлшек сауда көлемі 15,8 есеге өсіп, 2014 жылғы жедел деректер бойынша 615170,1 млн. теңгені құрады, бұл халықтың орташа жан басына шаққандағы тауар айналымының айтарлықтай өсуіне әсер етті, егер 1998 жылы ол 40,4 мың теңгеден келсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 737,9 мың теңгені құрады. Бөлшек сауда айналымы сау­да­ның мемлекеттік емес сек­то­ры есебінен қалыптастырылды. 2014 жылы аталған сектор 100%-ға (615170,1 млн. теңге, 1998 жылы – 12,3 млн. теңге) жетті. Ресми тіркелген кәсіп­орын­дардың бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі 2014 жылы 435042,4 млн. теңгені құрады (бөлшек сауда тауар айналымының жалпы көлемінің 67,8%-ы), бұл 1998 жылғы көлемнен 19,4 есеге жоғары. 2011 жылдан бас­тап Қазақстан Республикасы Ұлт­тық экономика министрлігінің Статистика комитеті Кеден одағына мүше мемлекеттердің ара­сын­дағы өзара сауда статистикасы бойынша деректер жинауды қолға алған. 2014 жылғы алдын ала деректер бойынша Кеден одағы елдерімен сыртқы тауар айналымы 2578 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2011 жылғы көлемнен 73,2%-ға жоғары. Біздің мемлекетіміздің жас астанасы ретінде, заманауи келбеті мен инфрақұрылымы бар бас қалаға қызығушылық күннен-күнге артып келеді, оған туризм саласын сипаттайтын көптеген көрсеткіштер дәлел. Қазір Астана қаласында 160 қонақүй (жеке кәсіпкерлер қызметін қоса алғанда) жұмыс істеп тұр. Мысалы, 2000 жылы қалада 18 қонақүй ғана тіркелген (жеке кәсіпкерлер қызметін қоса алғанда) болатын. 2014 жылы қала қонақүйлері 730,8 мың келіп-кетушіге қызмет көрсетті. Астана Оңтүстік және Орталық Қазақстанның, Батыс Сібір мен Оралдың, Поволжье мен Ресейдің орталығымен экономикалық байланыстар арқылы негізгі көліктік жүк ағыны тоғысатын географиялық орталық болып табылады. Бүгінгі Астана – республикалық автомобиль және теміржолдары, әуе желісі жолдары тоғысатын ірі көлік торабы. Елордадағы әлеуметтік-эко­номикалық өсім Астана қала­сындағы халық санының артуына әсер етті. Өткен он жеті жыл ішінде қала халқының саны 300,5 мың адамнан 2015 жылдың басында 852,9 мың адамға жетті (552,4 мың адамға өскен), елорда халқының 1 шаршы метрге келетін тығыздығы 1201,2 адамды құрады. 17 жыл ішінде елорда халқының құрылымында жынысы мен жасына қарай елеулі өзгерістер орын алды. Халықтың жалпы санында 0-15 жастағы (1998 жылғы 23,8%-дан 2015 жылдың басына 26,5%-ға дейін, тек 2014 жылы ғана елордада 24139 сәби дүниеге келді) балалар үлесінің артуы, 60 жастағы және одан асқан (10,4%-дан 6,8%-ға дейін) жас контингентінің азайғаны байқалды. Астанада осындай жас құры­лымы негізінен алғанда көші-қон үдерісі әсерінен қалыптасты. Еңбекке қабілетті жастағы халық санының өсуі елордаға жұмысқа орналасу мен білім алу мақсатында келгендер есебінен қалыптасты. 2015 жылдың басына еңбекке қабілетті жасқа толмаған халықтың саны 225811 адамды (26,5%), еңбекке қабілетті жастағылар – 568316 адамды (66,6%), еңбекке қабілетті жастан асқандар саны 58755 адамды (6,9%) құрады. Ерлер үлесі 1,7 пайыздық пунктке өсіп, (1998 жылғы 46,6%-дан 2014 жылы 48,3%-ға дейін) 2015 жылдың басына 411582 адамды құрады. Әйелдер үлесі 53,4%-дан 51,7%-ға дейін өзгерді. 2014 жылы елордада халықтың табиғи өсімі 20567 адамды құрады, бұл 1998 жылға қарағанда 15,7 есеге көп. Астанадағы халық санының өсуі білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің, ұстаздар мен медицина кадрлары санының артуын қажет етеді. Қалада мектепке дейінгі 181 ұйым жұмыс істейді, бұл 1998 жылғы деңгейден 3,8 есеге көп, сонымен қатар тәрбиеленушілер саны 32508 баланы құрап, 3,3 есеге өсті. 17 жыл ішінде мектептер саны 48 бірлікке артып, 96 бірлікті құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бүгінгі күні қалада екі мектеп – «Тұңғыш Президенттің физика-математика бағытындағы зият­керлік мектебі» мен «Тұңғыш Президенттің химия-биология бағы­тындағы зияткерлік мектебі» жұ­мыс істейді. Мектептер дарынды бала­ларға арнап құрылған. Астана қала­сының барлық мектептерінің өз арсе­налында интерактивті тақталар мен мультимедия кабинеттері бар. ЖОО студенттерінің жалпы саны оң сер­пінге ие, бұл жоғары білімнің бе­делі мен маңыздылық мәртебесін айғақтайды. Жанар СЕРІКБАЕВА, Астана қалалық статистика департаменті басшысының орынбасары.