Испания Королі VI Фелипе мен Испания Үкіметінің төрағасы Мариано Рахой Қазақстан Президентін туған күніне байланысты құттықтады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Король VI Фелипе Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен шын жүректен құттықтады. Ол, сондай-ақ, екі елдің саяси, экономикалық және мәдени байланыстары оң үрдісте дамып келе жатқанына назар аударды.
Жеделхатта Қазақстан мен Испания арасындағы қарым-қатынастардың достық сипатта екені де атап өтілген.
Соңында VI Фелипе Қазақстан халқына татулық пен бақ-береке тіледі.
М.Рахой өз құттықтауында Қазақстан мен Испания екі елді ұзақ уақыттан бері байланыстырып келе жатқан достық қатынастарды алдағы уақытта да нығайта беретініне сенім білдіреді.
Испания Үкіметінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бақ-береке тіледі.
***
Президенттің баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне және Астана күніне байланысты келіп түскен құттықтаулар туралы хабарлады.
Елбасының атына Қазақстан мен шетелдерден көптеген хаттар келіп түсті. Хаттар мен жеделхаттарда Нұрсұлтан Назарбаевтың республикамыздың қалыптасуы мен дамуындағы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жүйелі өсуін қамтамасыз етудегі, елдің халықаралық аренадағы беделін арттырудағы рөліне айрықша назар аударылған. Мемлекеттің елордасы – Астананың қарқынды дамуы, оның бүкіл елді ауқымды жаңғыртуға елеулі серпін бергені атап өтілген.
Атап айтқанда, Ресей Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесінің төрайымы В.Матвиенко Мемлекет басшысының көшбасшылық қасиеті мен бірегей мемлекеттік тәжірибесі арқасында Қазақстан экономикасы дамыған, әлеуметтік кепілдіктері мен тұрақты қоғамы бар елдердің шоғырына кіргеніне сенімді екенін айтқан.
«Біздің уақытымыздағы ірі саясаткерлердің қатарынан Сіз лайықты орын алатыныңызды сеніммен айтуға болады. Сіз өз есіміңізді Қазақстан мен Ресейдің ғана емес, дүние жүзі тарихына да жаздыңыз. Қазақстан Республикасының басшылығында бетбұрысты сәтте, қалыптасу кезеңінде болған Сіз көреген әрі кемеңгер саясаткер ретінде елді қысталаң тұстардан табысты алып шықтыңыз. Ал Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі кеңістікте қалыптасқан мемлекеттердің жолында мұндай кедергілер жеткілікті болатын», – делінген жеделхатта.
Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы С.Нарышкин Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі тәуелсіз, тиімді әрі өркендеуші мемлекет құру жолындағы нарықтық және демократиялық реформалардың күрделі кезеңін сәтті өткерген Қазақстан халқына ұзақ жылдар қызмет етудің жарқын мысалы болып табылатынын айтқан.
«Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Қазақстан Республикасын бүгінде азаматтық, конфессияаралық және этносаралық келісім даралап тұр. Біз Қазақстан мен Ресей халықтарының ХХІ ғасырдағы мәңгілік достық және одақтастық туралы шартпен бекітілген ең жоғары деңгейдегі ынтымақтастығы үшін Сізге өте ризамыз. Сонау 1994 жылы Мәскеуде өзіңіз негізін қалаған еуразиялық идея Еуразиялық экономикалық одақ болып нақты іс жүзіне асты. Оның Астанада – Сіздің күш-жігеріңіз арқылы республика елордасы болған және әлемнің ең тамаша архитектуралық кешендерінің біріне айналған қалада құрылуының да символдық мәні бар, – деп атап өтілген жеделхатта.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Н.Бордюжа Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды әлемдік қоғамдастықта көрнекті орынды иеленуге құқылы, өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамытатын, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қомақты үлес қосатын қарқынды әрі қуатты мемлекетке айналдыруға бағытталған қажырлы қызметі лайықты мойындалып отырғанын айтқан.
«Ортақ тарихты, өзара экономикалық байланысты, халықтарымыздың тығыз қарым-қатынастағы мәдениеттері мен ұмтылыстарының жақындығын терең пайымдауға негізделген Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында еуразиялық кеңістікте ықпалдастық бірлестіктер – ҰҚШҰ, ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ құрылды», – деп жазады автор.
Мемлекет басшысы атына құттықтау жолдаған Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Кирилл Қазақстан Президенті адамдарға шынайы қамқорлық танытып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қоса отырып, жиырма жылдан астам уақыт бойы өз еліне сүйіспеншілікпен қызмет етіп келе жатқанын атап өткен.
«Сіз аса жауапты Президент лауазымында қажырлы еңбегіңізбен халық арасында биік беделге ие болдыңыз. Отандастарыңыздың Сізге ұдайы көрсетіп келе жатқан қолдауы – осының сенімді айғағы. Сіздің дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастарды үйлесімді етуге бағытталған күш-жігеріңіздің жемісін көргенімізге қуаныштымыз. Әлемдік діни қауымдар басшылары мен өкілдерінің халықаралық съезін ұйымдастыру жөніндегі бастамаларыңыз түрлі дін өкілдерінің арасындағы өзара түсіністік пен диалогты тереңдету және дамыту үшін айтарлықтай маңызды», – делінген хатта.
Ресей Федерациясы Татарстан Республикасының Президенті міндетін уақытша атқарушы Р.Минниханов өз құттықтауында Мемлекет басшысының басшылығымен Қазақстан өркендеуші мемлекетке айналып, экономика мен қоғамдық өмірдің барлық саласында зор табыстарға қол жеткізе алғанына назар аударған.
«Сіз – көрнекті мемлекет қайраткері әрі жалпыұлттық көшбасшысыз, Қазақстан Республикасын тұрақтылық, татулық және прогресс жолымен сенімді түрде алға бастап келесіз. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі, түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың келісімі, жаңа экономикалық бағыт, инновациялар мен білім Сіздің табысты әрі екпінді жұмысыңыздың жемісіне айналды. Халықаралық аренада лайықты беделге ие болған Қазақстан теңгерімді дамудың жарқын мысалы болып саналады», – делінген құттықтауда.
Ресей Федерациясы Татарстан Республикасының Тұңғыш Президенті М.Шаймиев Нұрсұлтан Назарбаевтың темірдей ерік-жігері, бірегей таланты, бай тәжірибесі, шүбәсіз беделі мен нағыз саяси машығы бүгінгі әлемде бұрын-соңды болмаған қажеттілікке ие екенін айтады.
«Сіз Қазақстан халқының алдына ұзақ мерзімді болашаққа арналған биік міндеттер қойып, межені үнемі көтеріп отырасыз. Бұл – күштілерге ғана тән қасиет. Бұл міндеттер орындалады, өйткені, Қазақстан халқы Сіздің айналаңызда топтасуда», – деп жазады автор.
АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Техас штатынан сайланған мүшесі Г.Куэллар елорданы Астанаға ауыстырған сәттен бастап қаланың дала гүліндей құлпырғанына назар аударған.
«Сіздің еліңіз гүлденуін жалғастырып келеді. Қазақстан мен біздің штаттың үкіметтері, халқы мен іскер топтары арасындағы қарым-қатынастар одан әрі кеңейе, нығая түседі деп үміттенемін», – деп жазады автор.
«Теңізшевройл» компаниясының ұжымы тәуелсіз мемлекетті дамыту ауыртпалығын өз мойнына алған Нұрсұлтан Назарбаевтың елді жасампаздық жолына бастағанын атап өткен.
«Бүгінгі Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі, бірлік пен қоғамдағы тұрақтылықтың, берік демократиялық табыстар мен екпінді дамушы экономиканың мысалы болып саналатын асқақ әрі қуатты мемлекет», – делінген жеделхатта.
«Роял Датч Шелл» концернінің бас атқарушы директоры Б. ван Берден Мемлекет басшысының ынта-жігері, іске деген адалдығы, биік кәсіби деңгейі мен стратегиялық ойлау қабілеті мемлекетті өркендеуге бастайтын парасатты әрі тиімді саясат жүргізуге мүмкіндік беретінін атап айтқан.
Ол, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевты тарихи оқиға – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру келіссөздерінің аяқталуымен құттықтап, бұл біздің еліміздің жеңісі, жаһандық экономикалық жүйенің ажырамас бөлігі ретінде мойындалуы екенін атап өткен.
«Сбербанк» ААҚ президенті, басқарма төрағасы Г.Греф сан мыңдаған адамнан тұратын банк ұжымы атынан жолдаған құттықтауында Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың табысты жүргізіп келе жатқан мақсатты және көреген саясатының нәтижесі екеніне тоқталған.
«Сіздің «100 қадам» атты бағдарламаңыз – республиканың ұзақ мерзімді, орнықты және тұрақты дамуына қосылған маңызды үлес. Сіздің мықты ерік-жігеріңіз, стратегиялық тұрғыдағы көзқарасыңыз бен саяси тәжірибеңіз көптеген жеңістер мен жетістіктер кепіліне айналып, Қазақстанның бұдан әрі қарқынды дамуына қызмет ететініне сенімдімін», – деп жазған автор.
«ВТБ Банкі» ААҚ басқармасының төрағасы А.Костин банк ұжымының және жеке өзінің атынан жолдаған құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың көзқарас-дүниетанымының кеңдігі, ынта-жігері мен еңбексүйгіштігі, бай өмірлік тәжірибесі мен үнемі өзін жетілдіріп отыруға ұмтылысы Қазақстанның бұдан әрі дамуына берік іргетас қалап отырғанын айтады.
Қазақстан Президентінің туған күніне және Астана күніне арналған бірқатар құттықтаулар Ресей Федерациясынан келіп түсті. Атап айтқанда, олар: Омбы облысы губернаторының міндетін уақытша атқарушы В.Назаровтың, Мемлекеттік Дума депутаты, РҒА вице-президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Ж.Алфёровтың, Тула және Ефремов митрополиті Алексийдің, «Мечел» ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы И.Зюзиннің, мәскеулік С.Вайнштоктың құттықтаулары.
***
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының атына АӨСШК ұйымына мүше елдердің халықаралық форумына қатысушылардан құттықтаулар келіп түсті, олар Қазақстан Президентінің арқасында Астана бүгінде бейбітшілік пен келісім қаласы болып отырғанын атап өткен.
«Қазақстан инновациялар мен жаңа технологиялар, халық бірлігі, толеранттылық пен достық орталығына айналды. Тәуелсіз мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған, азаматтық және барлық мәдениеттер мен этностар үшін жасалған тең жағдай негізінде біртектілікті қалыптастыру қағидаттарына сүйенген Сіздің саясатыңыз, сөз жоқ, қоғам дамуының ең прогрессивті факторы болып саналады», – делінген хатта.
«Қазмырыш» компаниялар тобының сан мыңдаған адамнан тұратын ұжымының құттықтауында Қазақстан Президентінің қайраттылығы, ерік-жігері мен батылдығы әлемдік экономикалық ахуалдың барлық қиындығына қарамастан елді жаңа биіктерге табысты бастауына мүмкіндік беріп отырғаны айтылған.
«Егемен Қазақстан – даңқты өткені мен жарқын болашағы бар мемлекет, ол өзінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін қарқынды және мақсатты түрде дамытып, халықаралық беделін нығайтып келеді. Қазақстанның дамуындағы жетекші рөл, сөз жоқ, халқы жайлы өмір сүріп, еңбек етіп жатқан өз Отанына, барлық отандастырының бақыты мен бақуаттылығына риясыз қамқорлық көрсетіп келе жатқан Сізге – көреген Мемлекет басшысына тиесілі», – деп жазған авторлар.
«Alageum Electric» холдингтік компаниясының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы көпқырлы қайраткерлігі мен ерен еңбегі ең жоғары баға мен сый-құрметке лайық екеніне назар аударған.
«Сіздің дана басшылығыңызбен жүзеге асып жатқан саясат бүкіл әлемде қолдау тауып отыр. Сізге мықты денсаулық пен сарқылмас күш-қуат тілейміз», – делінген құттықтауда.
«ТМК-Казтрубопром» ЖШС ұжымы еліміздің дамуын мейлінше жемісті, ал оның азаматтарының өмірін бақуатты етіп отырған тағдыршешті шешімдер үшін ризашылықтарын жеткізді.
«Сіздің арқаңызда халықаралық байланыстар нығайып, өрісін кеңейтті, көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асты, тарихи саяси шешімдер қабылданды. Көптеген мемлекеттік құрылымдарда маңызды өзгерістер болып жатыр. Еуразиялық экономикалық одақ аясында да, жалпы әлем бойынша да интеграциялық үдерістердің дамуына Сіз зор үлес қосудасыз. Шын жүректен шыққан құттықтауымызды және бейбітшілік, жақсылық, мықты денсаулық, отбасылық бақ-береке тілеген жылы лебізімізді қабыл алыңыз», – деп жазған авторлар.
«Банк Центр Кредит» өкілдері өз құттықтауларында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымындағы қызметі халықты табысты даму жолына және татулық пен тұрақтылықты нығайту ісіне жігерлендіріп келе жатқанын айтқан.
«Даусыз көшбасшы және еліміздегі мемлекеттіліктің берік жүйесінің негізін салушы ретінде Сіз демократиялық мемлекеттік саясатты, сондай-ақ, Қазақстанның өз ішінде де, әлемде де лайықты, әділетті бағасын алған қажетті реформалар мен бастамаларды жүзеге асыра алдыңыз. Сіздің бастамашылық жобаларыңыз Қазақстан үшін елдің халықаралық аренадағы өзінің орнын нығайтуға деген сенімі мен ұмтылысын айшықтап көрсететін негізгі ұлттық жобалар болып саналады», – делінген құттықтауда.
Еуразия даму банкі басқармасының төрағасы Д.Панкин дана басшылық, жемісті және қажымас қайраткерлік Қазақстанның орнықты, қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуының, ел азаматтары әл-ауқаты артуының, татулық пен қоғамдық келісімнің, сондай-ақ, елдің өңірлік құрылымдардағы биік беделінің кепілі болып отырғанын айтады.
Құттықтау хат-хабарлары қатарында елдің жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамынан келген хаттар да бар.
Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сан мыңдаған ұжымының мүшелері Мемлекет басшысына отандық білім беру ісі мен ғылымның дамығаны үшін алғыс айтқан.
«Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру, мейлінше дамыған 30 елдің қатарына қосу және Қазақ елін өсіп-өркендеген «Мәңгілік Ел» мемлекеті ретінде нығайту жөніндегі стратегиялық жоспарлардың орындалуы үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсайтынымызға Сізді сендіреміз», – деп жазады авторлар.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қызметкерлері мен студенттері ел астанасының қарышты дамуы мен өсіп-өркендеуін атап өтіп, оны бүгіннің өзінде елдің білім беру және ғылыми орталығы деп санауға әбден болатынын айтты. Авторлар Назарбаев Университеттің және Зияткерлік мектептерінің оқушылары алатын білімнің жоғары деңгейі мен сапасына айрықша көңіл аударған.
Сондай-ақ, өз құттықтауларын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ұжым мүшелері мен студенттері, сондай-ақ, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Р.Алшанов, М.Айтхожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі К.Нәрібаев, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен ғылым, техника және білім беру саласындағы 2005 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары жолдады.
Өз хаттарында «ҚазАльянс» бірлестігінің мүшелері – шетелдерде оқып жатқан студенттер ел тәуелсіздігінің барлық кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев өзін республиканың өсіп-өркендеуі мен халқының бақуаттылығына қамқорлық көрсетіп келе жатқан, сондай-ақ, төл тарихы мен мәдениетін сүйетін лайықты лидер ретінде көрсеткенін атап өткен.
«Қазақстанды жақсы жағына өзгертіп жатқан Сіздің батылдығыңыз бізді қанаттандыра түседі және қуатты мемлекет құру үшін жаңа көкжиектерге жол ашады. Сіздің табандылығыңыздың жарқын үлгісі – қысқа мерзімде бой көтеріп, бүгінде әлем қалалары мен астаналары арасында лайықты орын алып отырған Астана», – делінген құттықтауда.
Жылы лебіздерін Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптастары да жолдап, оған мықты денсаулық және сарқылмас күш-қуат тіледі.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті атына құттықтаулар Парламент палаталары басшылығы мен депутаттардан, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және антимонополиялық реттеу жөніндегі алқасының мүшесі (министр) Н.Алдабергеновтен, Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Ә.Құсайыновтан келіп түсті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атына құттықтауларын Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Е.Хасанғалиев, Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ө.Озғанбаев, Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығының мүшелері, Қазақстан Католиктік епископтары конференциясының өкілдері, Орал Епархиясының келушілері, Павлодар облысы Екібастұз қаласынан М.Өтеубаев, Жамбыл облысынан көпбалалы ана Р.Абдуллаева, Алматы облысынан О.Бәрібеков пен С.Югай, Орал қаласынан Т.Құбашев, Астана қаласынан Т.Сапаров, Өскеменнің тұрғыны А.Досов, сондай-ақ, Алматы қаласынан Мәліктер отбасы және Астанадан Рогалевтер отбасы жолдады.
Мемлекет басшысының атына құттықтау хаттар мен жеделхаттар әлі де келіп түсуде.