28 Шілде, 2010

Сарбаздар қалалық саябақты көркейтуде

466 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қолдарына құрал-саймандарын алған “Жасыл ел” сарбаздары екінші саябақта таза­лық жұмыстарын жүргізуде. Оларға бас-көз бо­лып жүрген жетекшілері Әсия Еселбаева мен Наталья Колесникова және Клара Фай­зул­лина. Саябақты көркейтуге Жаяу Мұса кол­леджінің 23 студенті жұмылдырылған. Олар­дың ішінде Үштерек, Беловка ауылдары мен Ақсу кентінен келіп жұмыс істейтіндер де бар. Сондықтан уақытты тиімді пайдалану мақ­сатында жасылелдіктер түскі асты саябақта ішеді. – Бүгінгі күні қалада тұратын балалар да ауыл шаруашылығы еңбек құралдарымен жұ­мыс істеуді үйреніп, шөп шауып, кепкен ағаш­тарды кесуге дағдыланды. “Жасыл ел” бағ­дар­ламасы жастарды еңбекке баули отырып, олардың отаншылдық сезімін ояту, жас ұрпақ­ты экологиялық тәрбиеге үндеу бағытында зор әсерін тигізеді. Демалыс саябағында жұмыс істеген кезде құрал-саймандарды сақтауға сая­бақ әкімшілігі мен балалар шығармашылығы үйі көмек берді. Сондай-ақ, студенттерге құрал-саймандарды қайрап, кеңпейілдік та­нытқан “Нұр-Ақсу” пәтер иелері коопера­ти­ві­нің төрағасы Николай Заставскийге алғы­сымызды білдіреміз, – дейді Әсия Еселбаева. Қаланың ажарланып, көркейе түсуіне селқос қарамайтын жастар бүгінгі күні қоларамен кепкен бұталар мен ағаштарды кесіп, шалғымен шөп шабуға кіріскен. Сондай-ақ, қалың біткен арам шөптерді жұлып, қапшықтарға салып, тазалауда. – Мен Беловка кентінде тұрамын. “Жасыл ел” сарбаздары қатарында жұмыс істейтініме өте қуаныштымын. Бұл бағдарлама арқылы қаланы көріктендіріп, тазалық жұмыстарын жүргізумен қатар, жастар тәжірибе жинақтап, өз еңбегімен қаржы табу мүмкіндігіне ие болады, – дейді құқықтану факультетінің 3-курс студенті Зарина Қайсарина. Ақбота СЕЙСЕНБАЕВА. Павлодар облысы, Ақсу қаласы.