Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астана экономикалық форумы аясында өткен бүкіләлемдік азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі панельдік сессияға қатысу үшін сапармен келген БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) бас директоры Жозе Грациано да Силвамен кездесті.
Кездесуде Қазақстан мен ФАО арасындағы өзара ықпалдастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды.
Е. Ыдырысов Қазақстанда байланыс жөніндегі ФАО Офисін ашу туралы келісімге қол қойылуын қолдап, ұйым өкілдігінің бұрынғы Семей сынақ полигоны мен Арал теңізі аумағындағы жерлерді рекультивациялау мәселесіне белсенді назар аударады деп сенімін білдірді.
Сонымен қатар, министр Қазақстан Үкіметі ФАО Бүкіләлемдік азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі комитетіне тұрақты мүше ретінде кіру туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Бұл біздің елімізге азық-түлік қауіпсіздігі саласына қатысты саясатта тиісті шараларды қарастыру мен қабылдауда қатысуға мүмкіндік беретін болады.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы ФАО-ны Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырып, көрменің «Болашақ энергиясы» ұраны ұйымның ғаламның экологиялық қауіпсіздігін сақтау мен нығайту жөніндегі мұраттарымен үйлесетінін атап өтті.
«Егемен-ақпарат».