06 Шілде, 2015

Алтын төр

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан-айбынды, байтақ елім, Астана-алып, заңғар Бәйтерегім. Бұл әлемде өзіңе баға жетпес, Алтын төрім деп сені айтар едім.   Байтақ елім, жайқалған Бәйтерегім, Тұлғаңнан бір ұлылық байқар едім. Елбасы Нұрсұлтанның Ақордасы Асқақ тұр арманындай Хан Кененің!   Тәуелсіздік болмаса, қайтер едім?... Енді өзімді баршамен тең көремін. Есілдің ерке сылқым толқынында, Тербеліп, тереңнен жыр, ой теремін.   Сарыарқа – дала төсін нұрға малып, Астана – алып шаһар тұрған анық. Ертегі-аңыздағы Ер Төстіктей, Ержетіп, күнде өсетін тұлғаланып!   Жолдама алар ақыл-ой, тың бастама, Өзгеден келбеті де рас, дара! Тұрғызған өз қолымен берік етіп, Нұрағам төл перзенті бұл Астана!   Бой көтерген Еуразия кіндігінде, Ұмтылған болашаққа, нұрлы күнге. Басқаларға басалқы сөзін айтып, Еңселі тұғырында тұр бүгінде!   Қонаққа құшағы ашық шын көңілден, Бейбітшілік естіліп үндерінен. Саммит өтіп, тыңдаған бәтуа сөз, Айдай әлем Астана мінберінен!   Қаншама жұрт дәстүрлі діндерімен, Ұғысқан бірін-бірі ділдерімен. Кетер сосын, бір жақсы әсер алып, Келісім Сарайда өткен күндерінен.   Хан Шатырға бір кірсең, шыға алмайсың, Көкке өрлейсің, шалқисың, шығандайсың. «Әзірет Сұлтан», «Нұр-Астана» мешіттері, Көз тартар қасиетті тұмардай шын.   Өнері: би арқылы, күй арқылы, Ізгілік-нұр кеудеге құятыны. Әсем ғой концерт-залы көз тартады, Жаңа «Астана-Опера» театры.   Гүлге оранған саябақ, саяжайы, Демалсаң, көңіліңнің болар жайы. Тоғысқан тоғыз жолдың торабы анау, Теміржол, автовокзал, әуежайы!..   Сазды әуенмен атқылап субұрқағы, Сан бояу айналаны құлпыртады. «Жасыл ел» жобасының куәсіндей, Көшеде өскен ақ қайың, сүмбіл талы!   Айналаға қарасаң – бәрі сұлу, Адамдары ажарлы, жаны сұлу. Қонағын ашық-жарқын күтіп алар, Салты бар – алдан шығып дәм ұсыну!   Мақсатына жастардың жетпек көбі, Ашылған ілім-білім көптеп кені. «Назарбаев Университет», «Еуразия», Елбасы зияткерлік мектептері.   Сияқты қазағымның жігер-еркі, Мызғымас – «Мәңгілік Ел» монументі. Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі», Сұңғыладай көрінер әсем көркі.   Ғасырлар өтер қанша кезекпенен, Қазағымды қайсар ер, өжет дер ем! Бой көтерген Астана – қала орнында, Тарих қойнауында «Бозоқ» деген!   Қарыштап Қазақстан рәмізінен, Кешегі Ұлы Жібек жолы ізімен. Керуендер жалғайды ел мен елді, Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізімен!   Дағдарыстың бәрін де жеңе алады, Озық отыз елге елім ене алады. Елбасымның Жолдауы, Нұрлы Жолы, Астанамнан ең алғаш таралады!   Астанам деп келеді айта бергім, Алыс жүрсем сағынып, қайта келдім... Асқақтап тұра берші арайланып, Бой түзеп көкке биік Бәйтерегім! Бекшүкір ДҮЙСЕНСАХЫ, еңбек ардагері.