23 Мамыр, 2015

Австриялық вице-спикермен кездесті

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыпов Австрия Парламенті Ұлттық Кеңесі Төрағасының орынбасары Карлхайнц Копфпен кездесті. Ол біздің елімізге VIII Астана экономикалық форумына қатысуға келген, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Мейман Астанада кезекті рет түрлі ел өкілдерінің жиналып, саяси, экономикалық мәселелерді талқылау мүмкіндігіне ие болуының маңыздылығына айрықша көңіл бөлді. Кездесу иелері Астана мен Венаның сенімді серіктестер екенін атап өтті. К.Копфтың пікірінше, Қазақстан Еуропаның Орталық Азиядағы дәнекері ретінде жоғары деңгейде қызмет атқарып келеді. Қабиболла Жақыповтың атап өткеніндей, біздің еліміз алдағы уақытта да Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы дінаралық, мәдениаралық үнқатысуды дамытуға барынша ықпал ететін болады. Оған Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі толық дәлел. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты сөз еткенде, Мәжіліс Спикері австриялық бизнесмендерді «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты мен ҮИИДБ аясында Қазақстанда индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды. Мәлімет бойынша, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3,1 млрд. АҚШ долларын құраған. Өз кезегінде Карлхайнц Копф біздің еліміздің айқын жетістіктерін айтып, австриялық компаниялардың Қазақстанда ықыласпен жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ, ол екіжақты қарым-қатынасты тек үкіметтер мен дипломатиялық байланыстар арқылы ғана емес, сонымен қатар, парламенттер арасында да дамыту керектігіне тоқталды.