23 Мамыр, 2015

Елге етене болуды үйрететін нақты қадам

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын жа­риялағаннан бері елімізді әлемдегі дамыған отыздықтың құрамына енгізу барша қазақстандықтардың ортақ мақсатына, ұлттық идеясына айналды. Осы мақсатқа жету үшін жасалатын 100 нақты қадамды Елбасы айқындап берді. Мұнда Ұлт жоспарында қоғамның барлық саласын одан әрі жетілдіру бойынша нақты іс-шаралар қамтылған.

egemen (23)

Дегенмен, басты назар – кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға бағыт­талғанын ерекше айта кеткеніміз абзал. Себебі, өз ісін жетік білетін, білімді әрі білікті, талантты, адал да елжанды мемлекеттік қызметшілер елге қызмет етпейінше, бұл реформаларды іс жүзіне асыру мүмкін еместігі баршамызға белгілі. 100 қадамнан құралған Ұлт жоспарында дамыған елдердің озық тәжірибелерінің негізінде еліміздің мемлекеттік қызмет саласын реформалау бойынша жаңа міндеттер қойылды. Енді мемлекеттік қызметшілер мем­лекеттік қызметке төмен­гі лауазымдардан бас­тап тағайындалады. Бұл өз кезегінде мемле­кет­тік қызметшінің, бірінші­ден, маман ретінде қалып­та­суына, екіншіден, халық­пен тығыз жұмыс істеу­ге, тұрғындардың мұң-мұқ­тажын түсінуге үйретеді. Бүгінде жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар немесе өмір бойы басқа салада еңбек еткен азаматтар бірден жоғары лауазымдарға тағайындалып жататынын байқауға болады. Мемлекеттік қызметтің қайнаған қазанында піспеген, тәжірибесіз ма­манның сапалы, кәсіби жұмыс істеуі екіталай дүние. Сондай-ақ, ғайыптан пайда болған басқа­ру­шыға қарағанда, өз ісімен, адал қызметімен ел арасында абыройға ие болған басқарушыға ха­лықтың се­німі де артатындығы айдан анық. Ұлт жоспарының келе­сі бір игі қадамы – төменгі лауа­зым­дарға кан­ди­даттарды реттеу және олардың одан әрі лауазымдық өсуі іскерлік қасиет­тері негізінде жүзеге асырылады. Меритократия қағидатына негіздел­ген мем­ле­кеттік қызметшілерді тағайын­даудың осындай жүйесіне көшу – мемлекеттік аппараттың сапасын жақсартатыны сөзсіз. Бұл мемлекеттік қызметтегі кадр саясатының ашықтығын қамта­масыз етумен қатар, мемлекеттік қыз­метшілерді ынталандыру құра­лына айналады. Мемлекеттік қызметшінің іс­керлік қасиеттері тек заңнаманы білу бойынша тестілеу нәти­жесімен ғана емес, сондай-ақ, адамгершілік қасиеттерін анық­тауға бағытталған қатаң сынақтар­дан өткізу, жүз жылдан астам құ­қық қорғау органдарының қызмет­керлеріне қатысты қолданылып келе жатқан полиграфияны енгізу арқылы анықталу қажет. Бұл өз кезегінде теріс қылықтарға жақын, мәселен, ішімдікке, нашақорлыққа, алаяқтыққа бейімділігі бар немесе ден­саулығында олқылықтары бар, яғни психологиялық ауытқуларға шал­дыққандардың мемлекеттік қызметке орналасуына тосқауыл болар еді. Мемлекеттік қызметтің мәрте­бесіне деген құрметтің төмен сатылы қызметтік орындардан бас­талуы лауазымды тұлғаның қандай қиындықта да оңтайлы, тығы­рықтан алып шығар шешім қабылдауына, ұжымды ұйыта білуіне негіз қалайды. Сондық­тан, аталған жоспардың 2-қадамында Елбасы бұл жайт туралы нақты тапсырма жүктеп отыр. Бұл барлық мемлекеттік құ­ры­лым­дарда жүзеге асырылады. Әр мемлекеттік органдарда аға, орта және кіші буынның бірге жұ­мыс істеуі қоғамдық дамуда да ай­рық­ша маңызға ие. Сондықтан, біз мем­лекеттік қызметте өсудің бұл мек­тебін қалыптастыруға тиіспіз.

Тоқтамыс ЖҰМАҒҰЛОВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облыстық департаменті басшысының орынбасары – облыстық тәртіптік кеңес төрағасы.

Өскемен.