Елорда күні мерекесінің көркін қыздыруға, сөйтіп, қала тұрғындары мен жан-жақтан келген қонақтардың көңілін көтеруге үрмелі аспаптар оркестрлері де атсалысып келеді. Кеше жыл сайын өткізу дәстүрге айналған «Астана самалы» халықаралық үрмелі оркестрлердің VI фестивалі бастау алды.
Астана күніне орайластырылып өткізілетін аталған шара биыл да жұртшылық назарын өзіне аударды. Ауа райының салқындау болғанына қарамастан, үрмелі оркестрлердің өнерлерін тамашалау үшін келушілердің аяғы саябырси қойған жоқ. Алдымен қала тұрғындары мен қонақтарының алдына Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі шықты. Президенттік үрмелі оркестрдің бастығы подполковник Тілек Ерғалиевтің дирижерлік етуімен үрмелі аспаптардың ырғағы қолдағы қарулардың үнімен үндесіп жатты. Тарсылдаған барабандардың дыбысы мен сарт-сұрт еткен қарулардың үні жарасымды-ақ көрінді. Соңынан әуеге қарай оқ атылып, көрермендерді бір серпілтіп тастады.
Бұдан кейін ортаға майор Алексей Терещенконың дирижерлігімен Ұлттық ұланның орталық үрмелі аспаптар оркестрі (Астана қаласы) шықты. Оркестр негізінен ойнақы мәнердегі шығармаларды орындап, көңілді ауан қалыптастырды. Артынша алаң төрінде қызыл гусарлық әскери киінген Омбы қаласы филармониясының үрмелі аспаптар оркестрі көрініп, өз өнерлерін паш етті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Олег Рожанов бастаған топ қимылға көбірек ерік беріп, жиналған жұртшылықты еліктіріп әкетті. Аталған оркестр алаңды босатар сәтте ду қол шапалақталып, оркестрдің өнері жоғары бағаланды. Шынында да, бұл кез концерттің нағыз қызған кезі еді. Келесі болып алаңға шыққан Дархан Рақымғалиев дирижерлік еткен Ұлттық ұлан әскери институтының үрмелі аспаптар оркестрі (Петропавл қаласы) көрерменге шаттық көңіл күй сыйлады. Үрмелі аспаптардың сүйемелдеуімен домбыра үні көкті шарлады.
Соңынан концертті Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы үрмелі аспаптар оркестрі жалғастырды. Ерекше мәнерде киінген үрмелі оркестрдің іс-қимылдарын биші қыздар қолдап, ерекше өзіндік сарын көрсете білді. Осылайша, бірінен бірі асқан өнер ұжымдары көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлап, бір қуантып тастады. Ұйымдастыру жұмыстарымен жүрген Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі О.Рысмағанбетовпен сөйлескен кезімізде ол жыл сайын келушілердің қатарын жаңартып отырамыз дегенді баса айтты. Оның сөзіне қарағанда, аталған шара 4-6 шілде аралығында жалғасады.
«Таңертеңгісін шара қалалық әкімдік алдындағы алаңда плац-концерт түрінде өтсе, түстен тейін үрмелі оркестрлер өз өнерлерін қала саябақтарында жалғастырып, ал кешкісін бенд-марафон түрінде «Бәйтерек» алдындағы алаңда көпшілік көңілін көтеретін болады. Фестиваль келесі күні парадпен Картина галереясынан Жастар сарайына дейін аралықты жүріп өтіп, фестивальдің ресми жабылуы сонда орын алады», деді Орал Ербосынұлы. Фестивальдің өтуіне мұрындық болған Астана қалалық әкімдігі болса, ал ұйымдастыру Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясына жүктеліпті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».