06 Шілде, 2015

Президенттің төл туындысы

256 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Астана куни 2015Арқадан айбынды асырған, талайлар бәрекелді деп бас ұрған елордамыз бой көтерді. Бұл, «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткен» (Бауыржан Момышұлы) Елбасы бастаған адал азаматтардың еңбегінің жемісі мен жеңісі екені сөзсіз. Тағы да қадап айтсақ, ол жеңіс пен жеміс – дәл бүгін бірде Ақмола, одан соң Целиноград болып алма кезек ауы­сып, енді Мәңгі Елдің мәңгі Астанасына айналған бас қаламыз екені айдай әлемге ақиқат. Елі бар, астанасы бар жұрт әлемге тіке қарай алады екен. Оған қазір көз жеткізіп отырмыз. Бас қаламызда табанымызды киелі топыраққа тіреп тұрып, өзгелермен ой бөлісіп, пікір алмасуға, қажет болып жатса тепсініп тұрып Тәуел­сіздікті қорғайтын іргелі жұртқа айналдық. Осындай маңдайға басып, көк Тумен қатар көкке көтерер елордамыз туралы алғашқы сөз айтылғанына да 20 жылдан аса уақыт өте шыққан екен. Президенттің заң күші бар «Қазақстан Республикасының Астанасы туралы» Жарлығына алдағы қыркүйектің он бесінде жиырма жыл болады. каскабасов«Барлық жолдар Римге әкелді», деп италиялықтар айтпақшы, бүкіл халқымыздың бітім-болмысын түгендеген, алтын алаңынан қырандарын ұшырып, қайта қон­дыратын мықты тұғырға айналған елорда бір күнде, не бір айда, болмаса бір жылда бой көтерген жоқ. Қызығы да, қиындығы да жетіп-артылды. Ең бастысы, береке-бірлік көздеген мақсатқа, діттеген мәреге жеткізді. Соның бәріне куә болған бүгінгі қазақ зиялыларының бірі, әдебиеттанушы, фольклорист, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Сейіт ҚАСҚАБАСОВ еді. Біз көрнекті ғалымды әңгімеге тартқан болатынбыз. – Астананы ауыстыру жайы­н алғаш естігенде қандай күйде болды­ңыз? – Іргесі мықты, ірімейді, шірі­мейді деген Кеңес дәуірі күйреп, бодан елдер бостандығын алған уақыттағы, «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген кездегі аласапыран кімге де болса оңай соққан жоқ. Жұрттың көңіл күйі де ала құла еді. Осындай сәтте астананы Арқаға көшіру керек деген идея айтыла бастады. «Бұл орындалмайтын арман ғой», деп сенбегендер де, екіұдай күй кешкендер де болмай қойған жоқ. Жасыратын несі бар, осы орындалатын іс пе, әлде болжам ба деген ой менің де басымнан өткен». – Сонда сіздің көңіліңізде де бір күмән болған екен ғой. – Қазақ – қашанда үмітін үкі­леген халық. Сөйте тұрып, бұл қалай деген сұрақты да алдыңа тарта білген. Мұның арғы жағында зіл жоқ, сақтықтан, сақтандырудан туған ғой. Арғы-бергі тарих, қилы кезеңдер, байтақ даламыздың алдағы тағдыры ойға оралғанда, мен жаңа астана туралы идеяны оңға бағаладым. Өйткені, сол­түстік облыстардың құбыласы анда-санда қырық құбылып оның кейбір жағымсыз көріністері алдымыздан шыға беретін. Ең бастысы, ол өңірлердегі мемлекеттің иесі, іргетасы саналатын қазақтың үлесі көңіл көншітпейтін. Мен мұны Президенттің ойлы сөзде­рінен аңғаратынмын. Бірақ ол кісі бадырайтып айтқан жоқ. – Астана салу бақыты бізге бұ­рын бұйырмаған дейсіз ғой. – Шынында, жиырмасыншы ғасырда өзгенің үстемдігі басым түсіп, ұлтымыз өз астанасын тұрғыза алмады. Алаш арыс­тары ұйысып, ұлт жоқшысы болған Семей қаласының жайы белгілі. Жақсыларымыз бас қос­қан Орынборға да орныға ал­мадық. Қызылордаға сәл аялдап, Алатаудың баурайындағы Алматыға табан тіредік. Мұның бәрін де Мәскеудегі билік тұтқасын ұстағандар шешті. Алматының табиғаты да, тағылымы да ерекше екенін бәріміз білеміз. Дегенмен, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде жер мен елдің ертеңгі тағдыры үшін Елбасының астананы Отанымыздың тең ортасына көшіру жөніндегі бұл идеясы тарихи шешім болғанын бүгін ешкім де жоққа шығара алмаса керек. – Астана анықталғаннан кейін көш басында келгендердің бірі өзіңіз емес пе едіңіз? – Мен Ақмолаға 1997 жы­лы келдім. Еуразия Ұлттық универ­ситетінің жанынан «Еуразия» орталығын құруға басшылық жа­са­дым. Бұл Еуразия идеясын жан-жақты зерттеп, зерделеуге арналған орталық еді. Қай істің де оңай орындала қоймайтыны белгілі. Отыратын орын, ғылы­ми қызметкерлер жағынан қинал­ғанымыз анық. Дегенмен, ел ірге­сін бекітуге деген ұмтылыс бәрін жүйелі атқаруға жетеледі. Бір кездері батыстық ұғым алға шықса, тәуелсіздіктен кейін шығыс әлеміне де бойлап бару қажеттігі туындады. Бұл игі қадам елордада да өз шешімін табу керек­­тігін ескеріп, университет­те шы­ғыстану факультетін ұйым­дастыруға да жетекшілік еттім. Ол кезде қала Ақмола аталатын. Үкімет те, Парламент те келе қоймаған еді. Қаланың келбеті кейде ойлантпай қоймайтын. Еңселі үйлер аз еді. Жөні түзу кө­шелер де көп емес болатын. Жиек жол атымен жоқ. Олардың өзіне төселген асфальт та үзік-үзік, көбі қиыршық таспен көмкерілген. Кейбір тұстарынан өткенде бел­уардан балшық кешетінбіз. Ағаш мардымсыз, көгал болымсыз. Жергілікті халықтың көбі өзгелерге қарайлайды, солар­ға ұқсап сөйлеуге талпынады. Ұлтым деген азаматтар онша көп емес, санаулы ғана. Олар қазақ жері мен тілінің, халқының жайын қозғап, қаладағы ұлттың үлес салмағына келгенде біреулері 14 пайыз десе, екіншілері 17 пайызға жетпегенін алға тартады. Жылтыр алюминиймен оралған дөңкиген құбырлар көзге оғаш көрінеді. «Әй, мына қаладан айбынды астана салу 40-50 жылға созылатын шығар», деген күдіктерді көп еститінбіз. Бабалар сөзіне бақсақ: «Тәуе­кел түбі желқайық, өтесің де кете­сің», талпынсаң жоғыңды табады екенсің, ұмтылсаң алмайтын асу, шықпайтын шың жоқ көрінеді. Мен осы ойды алға тартқанда, есіме Елбасының қайсарлығы, қарымы, алдағы күнге деген шек­сіз үміті, бәрін білімдарлықпен ұйым­дастыратын көрегендігі оралады. Билік құрылымдары Ақмолаға көшіп келетін болған соң, әзірлік басталып кетті. Бұрынғы облыстық партия комитетінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Басты көшелер асфальтталып, оның бойындағы тұрғын үйлердің сырты әрленді. Жұрт болып жұмылған жұмыс ырғағы бойға қуат беріп, күмәнді ой сейіле бас­тады. Көп ауған жаққа Құдай да септігін тигізетін көрінеді. Күн санап Ақмоланың ажары ашылып, көркі кіре бастады. Отанымыздың төрт бұрышынан жігерін жаныған азаматтар лек-легімен келіп жатты. Әр алуан жаңа ғимараттардың іргетасы қаланып, шағынаудандарда тұрғын үйлер сап түзеді. Қызу тірлік басталды. Ақ­молалық азаматтар мұндай қимыл-қарекетті көргенде, әсіресе үлкендер жағы ризалықтарын білдірді. Astana_kuz 5 – Ақмолаға келгенде пәтер мәселесі қалай шешілді? – Бұл жағы ұзақ әңгіме. Ша­ғын қалада пәтер жайы көп қиын­дық келтірді. Жеңгең қасымда еді, балалар Алматыда қалды. Тәуекел деп келген соң – бәріне төзуің керек. Әр жерде жүрдік. Үйге лайықтап алыңдар деп жатақ­ханадан бөлмелер берді. Оны дұрыс баспанаға айналдыру қияметтің қиыны еді. Материал тапсаң, жөндейтін шебер қолға түсе бермейді. Қатырамын деп келгендер теңгеңді қағып алып, таптырмай кетеді. Орта жастан асқанда соның бәріне көндік, төздік. Ең бас­тысы, батырлар жырындағы сәби болып туып, күн санап өскен алыптар секілді Астана көркейді. Ең бас­тысы, елордаға қазақ келді. Айналасында ұлтымыздың өкілдері бас құраған ауылдар бой көтерді. Халықтық қасиетіміз қалыптаса бастады. Біз келгенде жалғыз қазақ мектебі бар еді. Сол мектеп тұрған көше «Казахская» деп аталатын. Ұлт ұрпағы ұлт мектептерінің санын арттырды. Қағажу көріп келген қазақ тілінің бірте-бірте күні туып, күңгірт қалған тұсына сәуле түсті. Алғашқы кезде жақтырмай қараған қандастарымыз ендігі жерде еңселерін көтеріп, ана тілінде үн қата бастады. Қазір Еуразия ұлттық универ­ситетінде кафедра мең­геремін. Ажары ашылған, келбеті келіс­кен білім ордасының қазіргі әлеуеті кімнің де болсын ойы­на қанат бітіреді. Сонымен бірге, ер­ке Есіл­дің екі жағына тізілген сәнді ғимараттар Қазақ елінің дәулетіне сәулеті сай екенін дәйек­теп тұр­ғаны анық. Ашық күндері көк аспанмен астасатын әйнекті үйлер ерекше әсерге бөлейді. Бәрі де көркем, бәрі де көрікті. Мысалы, Хан Шатыр, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Думан» ойын-сауық кешені, «Қазақ елі» монументі – осылай жалғастырып кете береді. Бұлардың ішінде Астананың, бүкіл еліміздің символына айнал­ған «Бәйтеректің» жөні бөлек. Мен фольклорист ретінде ха­лықтық мифологияның терең иі­рімдерін көп зерттедім. Сонда бір аңғарғаным, дүниежүзі халық­тарының мифологиясында үш әлемнен тұратын бүкіл космосты үлкен зәулім ағаш түрінде суреттеу орын алған. Бұл ағаш көп жағдайда мифтік үш әлемді, яғни аспанды, жерді, жер астындағы вертикальді түрде жалғастырып тұрады. Оны ғылымда «әлемдік ағаш» немесе «космостық ағаш» деп атайды. Бүкіл космостың тағдыры осы ағашпен байланыстырылады. Ол төменгі, ортаңғы, жоғарғы әлемді ұстап тұрған тіреу және оларды бір-бірімен араластырмай, космосты таза сақтап, ізгілікті қызмет атқарады. Сол әлемдегі кейіпкерлердің тағдырына әсер ететіні айтылады. Мен кезінде «Егемен Қазақ­станға»  Бәйтерек туралы толымды мақала жазғаным бар. Онда: «Астана Бәйтерегі – мифологияда суреттелетін космостың моделі, ол бүкіл әлемді символдық ұғыммен бейнелеп тұр: аспанға бой түзеп, жер шарын көтеріп, ежелгі мифологияны негізге ала отырып, бүгінгі Қазақстанды әлемге паш етуде. Астана Бәйтерегі – қара орман қалың қазақтың бейнесі, оның жарқын болашаққа ізгілікті әлемге ұмтылысы. Астана Бәйтерегі – Қазақ елінің тірегі мен қорғаны. Ал оның кепілі – Елбасы», деген едім. Шынында, Арқа төсіндегі Астана Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың кемеңгер саясаты­ның нәтижесінде бүгінгі биігіне жетті. Қазір Ел­басы мен елорданы бөліп қарай алмай­сың. Әсіресе, заманауи алып ғимараттардан Президенттің қолтаңбасы айқын көрініп тұрады. Бір замандардағы оң жағалаудағы жұпыны үйлердің өзі танымастай өзгерді. Ал сол жағалаудағы керемет әкімшілік орталықтары мен төрт құбыласы түгел тұрғын үйлер кімді де болса сүйсіндіреді. Әсіресе, елорданың айналасындағы жасыл белдеу боранға тыныс болып, желге тоқтау салды. Қала іші тұрғын үйлердің аулалары жасыл желекпен көмкеріліп, қала көркіне көрік қосып отыр. Бұрын алыс-жақын шетелдерге шыққанда астаналарын қақ жарып ағып жатқан өзендерді, онда жүзіп жүрген кемелерді көргенде, бұл неткен керемет деп тамсанатынбыз. Қазір елорданың әрі мен сәнін кіргізіп, екі жақтың ортасына дәнекер болып, баяу ағып жатқан Есіл өзенімен де өзгелерді тамсандырып отырмыз. ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы салынып жатқан ғимараттар  Астананың мәртебесін биіктете беретіні сөзсіз. Әсіресе, бұл күндері құрылысы қызу жүріп жатқан 88 қабаттан тұратын қонақүй ғимаратының жөні бөлек болса керек. Осының бәрі Елба­сының жол-жобасымен іске асу үстінде. Бұған қарап отырып – Пре­зиденттің астананы Арқаға ауыс­тыру идеясының ақиқатқа ай­нал­ғанына көңілің иланып, көзің жетеді. Мұны Қазақстан жұрты ғана емес, келіп-кетіп жатқан шетел­діктер де сүйсіне айтып, аз уақытта ғасыр ішінде атқаратын жұмысты бітірген халқымыздың қайратына, Мемлекет басшысының дана­лығына ерекше ден қойып, өздеріне үлгі етіп жүргеніне талай куә болдық. Бұл қазақ халқының ешкімді жат көрмей, данышпан Абай айтпақшы, адамзаттың бәрін бауырым деген ниетінің, пейілінің нәтижесі деп білемін. Тәңірім ұлтымыздың сол ниетіне қарай байтақ жерді, ұшан-теңіз байлықты берген ғой. Соны тиімді пайдаланудың нәтижесінде Астанадай айбынды қала Арқа төсінен бой көтерді. – Елордада зиялы қауым өкіл­дері қалыптасып келе жатыр де­ген байламға сіздің алып-қоса­рыңыз қандай? – Зиялылық бір жылда, не он жылда қалыптасады деу артықтық етеді. Бұрынғыдай емес, мәдениет орталықтары көптеп ашылып жатыр. Еліміздің өңірлерінен алуан түрлі мамандық иелері келу үстінде. Мен елордада толық зиялы қауым қазірдің өзінде қалыптасты деп айта алмаймын. Әр заманның өз талабы болады. Ең бастысы, ұлттық сана қалыптасуы тиіс. Ол үшін әлеуметтік жағдай түзелуі керек. Отбасы құндылығы бірінші кезектен орын алуы қажет. Яғни, Астананың болашақтағы зиялы қауымы бүгінгі жастар, ертеңгі ұл мен қыз жөргектен бастап азаттықты санасына сі­ңіріп, халықтық ғұрыпты әлемдік үрдіспен ұштастыра отырып, ілгерілетсе ғана жаһандану дәуі­рінде ұтылмайды, ұтады. Біздің ұлттың этика, эстетика, таным, тағылым ешкімнен де кем емес. Осының бәрі келіп от­­басы құндылығына тіреледі. Ол құн­дылықтың алтын діңгегі – Аналар. Біз сол аналардың біржақты кетпей Алла өздеріне сый етіп берген қасиеті негізінде өмір сүруіне мүмкіндік жасасақ, ұрпағымыз ұлы бабаларының жолын жалғап, Президенттің бүгінгі ерен ерлігін жасампаздық ісімен жалғастыра беретін болады. Бұл ойларды алға тартудағы басты мақсат, ширек ғасыр ішінде өркениетті мемлекеттермен иық тірестірген елдік ісімізді, Елбасының ақыл-ойымен салтанат құрған кең ауқымды тыныс-тіршілігімізді ғасырдан-ғасырға жалғастырып, Мәңгілік Ел атты идеяны бұлжытпай орындап, Мәңгі Елдің астанасын жаңарта беру, жасарта беру еді. Біз секілді алдыңғы толқын осындай елдік сөзді, жұрт бірлігін айтуды өзіне парыз санайды. Тек айтып қою аз, мүмкіндігімізге қарай үлгі көрсетуде міндет деп білеміз. Сон­дықтан шығар, Астананың кешегісі мен бүгінгі жарқын белестерін көзден таса етпей, көңілге медет санап куә болып жүргеніміз. – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».