20 Қазан, 2015

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Сыр елі менің ұдайы назарымда

531 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
19-10-01Түбі бір түркінің киесі, шанағынан күй саулаған қара қобыздың иесі Қорқыт ата жеріне, даласын дән, халқын ән тербеген қасиетті Сыр еліне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы сапармен келді. Соңғы жылдары Қызылорда облысы қарқынды құрылыс алаң­ына айналды. Өңірде әлеу­меттік ны­сандардан бөлек, тұрғын үй­лер де көптеп салынып жатыр. Қызылорда облысында биыл құрылыс көлемі 3,5 есеге өсті. Оның ішінде Қызылорда қала­сын­да аталған көрсеткіш 8 есеге арт­ты. Өткен жылы Қызылорда қала­сында 364 пәтер салынса, биыл 2406 пәтерлі тұрғын үйдің құ­рылысы жүріп жатыр. Қызылорда облысы әлеуметтік салаға қаржы бөлуден республи­када көш бастап тұр. Биылғы жыл­дың өзінде 19 мектеп, 4 балабақша бой көтерді. 1 қыркүйек күні 11 білім ошағы пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 20 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ең атап айтарлығы, осы жылы жетім балаларға қамқорлық жасау мақсатында балалар ауылы пайдалануға берілді. «Атамекен» деп аталатын ауылда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға барлық жағдай жасалған. Денсаулық сақтау саласы бойынша 6 нысанның құрылысы жүргізілуде. Мәдениет саласы да құралақан емес. Облыс шеңберінде 7 ауылдық клуб, кітапхана және мұражайдың құрылысы басталып, барлығы биыл пайдалануға бе­рілмек. Мұның сыртында Ы.Ал­тынсарин атындағы кинотеатр­ды «Достық үйіне» бейімдеп, қайта жаңғырту жұмыстары жа­салып жатыр. Үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағд­арламасы аясында күллі түркі халқының абызы Қорқыт ата ескерткіші жаңғыртылып, зиярат ету орталығының құрылысы аяқталды. Заманауи кешен 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесінің қонақтарын қабылдауға әзір. Спорт саласына келсек, жуырда ғана ипподромның құрылысы аяқ­талып, ел игілігіне берілді. Об­лыстың жаңа келбетін қалып­тастыратын өндіріс орындарын салуда да қарқын бар. Атап айтар болсақ, шыны зауытының құ­ры­лысына тиісті 33 миллиард теңге бөлініп, жобаның барлық мәселесі толығымен шешілді. Елбасы «Арай» шағын ауда­нында салынып, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің құры­лысымен танысты. Осы жерде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құ­ры­лыс саласындағы қарқынды тір­ліктерді баяндады. – Дәл қазір Қызылорда қала­сында 52 көп қабатты тұрғын үй­дің құрылысы жүргізілуде. Қала бойын­ша бүгінде 16 мыңнан астам азамат пәтер кезегінде тұр. Қолға алған жобалардың аясында осы тұрғындардың 17 пайызы жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Жыл басынан бері 420 пәтерді құрайтын 8 тұрғын үйді пайдалануға бердік. Ал бүгін өзіңіздің қатысуыңызбен салтанатты түрде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі салған 10 тұрғын үйді табыстағалы отырмыз,– деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. – Бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қар­жы­лық жағдай қиын болып тұр. «Қол­жетімді баспана-2020» бағдар­ламасы аясында мемлекет тұрғын үй құрылысына кең көлемде қаржы бөліп келді. Бірақ алдағы уақытта жағдай басқаша дамуы керек. Мұндай құрылыстарды әлеуетті инвесторларға беріп, тұрғын үй құрылысын солар ар­қылы жүргізуді қолға алу қажет,– деді Елбасы. «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ магистралі Қызылорда облы­сын көлденеңнен қиып өтіп жатыр. Соның арқасында биыл ау­дан орталықтарына газ жет­ті. Атап айтқанда, осыған дейін Жаңақорған және Шиелі ау­дан­дарының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Енді бірер күнде тағы екі аудан отын мен көмірден арылып, газдың пайдасын көреді. Жалпы, 2017 жылға дейін аймақтағы барлық ауылдарға газ жеткізу жоспарланған. Мемлекет басшысы бұған дейін аймақтарға шетелдік инвесторларды көптеп тартуды тапсырған болатын. Елбасы тапсырмасын тұңғыш орындаған Қызылорда облысы десек, артық айтқандық емес. Мысалы, Еуропа Қайта құру және даму банкі Қызылорда облысында 9 жобаны қолға алып, оған 100 миллиард теңгенің көлемінде инвестиция салуға келісімін берді. Мұның сыртында Азия даму банкімен де келісімдер жасалды. Осының өзінде Азия даму банкі Сырдарияның сол жаға­лауынан салынатын жаңа қала­ның инфрақұрылымын қаржы­ландыруды мақұлдап отыр. Ол үшін 172 миллиард теңге қар­жы салуға дайын екендерін жет­кізген. Жалпы, Сырдарияның сол жағалауы игерілсе, онда Қызыл­орда қаласының көркіне көрік қосылайын деп тұр. Қазірдің өзінде дарияның екі бетін жалғайтын көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Аймақтағы осындай ауқымды жұмыстардың барысымен та­ныс­қан Нұрсұлтан Әбішұлы: «Об­лысқа газ тарту жұмыстары қар­қынды жүріп жатыр. Су бар. Инфра­құрылым жасақталған. Осын­дай мүмкіндіктерді пайдала­на отырып, шағын және орта биз­несті дамыту керек», – деп тап­сырды. Өз кезегінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бір ғана «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің бойында 33 нысанның салынып жатқанын, олардың халыққа лайықты қызмет көрсетуге жарайтынын жеткізді. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың есебінен 300 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылғанын да айтты. Мұнан соң Елбасы жаңа ғана қоныстанған Шалқар Деместің үйіне кіріп, құтты болсын айтты. Облыстық білім басқармасында жұмыс істейтін жас маман бес жыл кезекте тұрып, жаңа баспанаға ие болып жатыр екен. Өзінің қуанышын Елбасының өзі бөліскеніне зор риза. Мемлекет басшысы қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындармен де кездесті. – Сіздердің жаңа қоныс­тары­ңызға құтты болсын айтайын деп арнайы келдік. «Қолжетімді бас­пана-2020» бағдарламасын бюджет қызметкерлері, оның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлер баспана жағдайынан қиыншылық көрмесін деп арнайы қабылдадық. Арен­далық тұрғын үй деген түсінікті қалыптастырдық. Мысалы, тұр­ғындар пәтерді жалдағаны үшін басқа біреуге ақы төлемейді. Оның орнына болашақта өзінің меншігінде қалатын баспанаға ақша салады. Мұндай бағдарлама Қазақстаннан басқа еш жерде жоқ,– деген Елбасы тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтап, отбасыларына амандық тіледі. 19-10-02 Жаңа пәтерге қол жеткізген №120 мектептің мұ­ға­лімі Жадыра Құсейінова Пре­зидентке алғысын білдірді: – Өзім ұстаздық қызмет етіп келемін. Төрт баланың анасымын. Сіз­дің тікелей бастамаңызбен қол­ға алынып, іске асып жатқан бағ­дар­ламалардың арқасында бала-шағамыздың болашағы жарқын болады деп сенемін. Біз Сіздің қамқорлығыңызды ұдайы сезініп келеміз. Сыр елінің бүкіл халқының атынан, тұрғындарының атынан Сізге шексіз алғыс білдіруге рұқ­сат етіңіз. Өзіңіз айтқандай, «Сыр – Алаштың анасы» десек, Қорқыт баба жатқан киелі мекендегі ата-баба аруақтары Сізді әрқашан желеп-жебеп жүрсін. Сізге үлкен рахмет! – деді ұстаз. Осы орайда, Елбасы мем­ле­кет қабылдаған бағдарла­мал­ар­дың жергілікті жерде өз дәре­жесінде атқарылуына аймақ бас­шылығының да үлкен үлес қосып жатқанын айтып: «Қырымбек Елеуұлы Қызылорда облысында қыруар шаруа атқарып жатыр. Берілген барлық тапсырма тап-тұйнақтай орындалады. Сыр елі менің ұдайы назарымда. Көңі­лімде жүреді. Сондықтан, алда­ғы уа­қытта да жұмыс қарқыны бә­сең­де­мейді», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Тұрғын үй құрылысымен танысып, жаңа баспана иелеріне тілектестігін білдірген Елбасы тәулігіне 80 тонна құрамажем өндіретін және 150 тонна күріш өңдейтін зауыттың жұмысын көрді. Зауытта 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорында шикізат және дайын өнімдер сақтайтын қоймалар, автотаразы мен зертхана, қалталау цехы, ұн тарту диірмені мен макарон шығару өндірістері бар. Аталған өндірістерден шығатын дәнді дақыл қалдықтары құрамажем шығаруға пайдаланылады. Жыл сайын облыс көлемінде мал санының көбеюі өз кезе­гін­де құрамажем зауытының қажет­тілігін арттыруда. Кәсіпорын бас­шы­сы Бақдәулет Мақашев бұл жұ­мыстардың әрі қарай жалғаса­тынын айта келе, келешекте ұн шығару зауытын және макарон фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда оған қажетті барлық ғимарат салынып қойған. Ал құрамажем шығаратын зауыт жобасының құны – 375,9 миллион теңге. Зауыт мемлекеттік және жеке әріптестік негізінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпо­ра­ция­сының» үлесі 49 пайыз болса, қалғаны «Жан-Арай Жем» ЖШС-нің өз үлесінде. Өндіріс оша­ғына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы инфра­құрылым тегін жеткізіп берілген. Кәсіпорынға қажетті шикі­зат­ты, яғни күріш, бидай, жүгері және күнбағысты жергілікті шаруа­шылықтар өсіреді. Дәлірек айтсақ, «Жан-Арай Жем» зауыты қазір облыстағы бірқатар шаруа қожалық­тарымен бірлесіп жұмыс жасауда. Олардың қатарында Жаңа­қорған ауданындағы «Түгіскен ТШ» ЖШС, Сырдария ау­данындағы «Қызылдиқан» шаруа қожалығы, Қармақшы ауда­нын­дағы «Достық Жер МК» ЖШС бар. Зауыт тәулігіне – 80, жылына 30 000 тонна құрамажем өндіруге қауқарлы. Жем зауытының өнімі сапалы, техникалары заманға сай. Кәсіпорын құрамажемді неміс технологиясы бойынша өндіреді. Яғни, зауыттың қондырғылары дәнді дақылдар өңдейтін жаб­дық­тар шығаруда әлемдегі алдыңғы қатарлы германиялық «Петкус» компаниясында дайындалған. – Біз бұған дейін білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамы­туға баса назар аудардық. «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы шең­берінде халыққа қажетті әлеу­меттік нысандарды салдық. Ал бү­гінгідей дағдарыс заманында ауыл шаруашылығы саласын дамы­туды қолға алғанымыз жөн. Халқы­мыздың саны жыл сайын ар­тып келеді. Соған сәйкес, азық-түлік қажеттілігі де өседі. Осы се­бепті ауыл шаруашылығы сала­сына заманауи технологиялар­ды енгізіп, оның сапасына мән беріп, бәсе­келестікке қабілеттілігін арттыруымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласы дағдарыс кезеңінде біздің эко­номикамыздың локомотиві болып қала бермек,– деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы Сыр еліне жасаған жұ­мыс сапарының алғашқы кү­нін­де облыстық мекемелер үйіне де барды. Былтыр пайдалануға берілген мекемелер үйіне аймақ­тағы барлық басқармалар топтастырылған. Сонымен қатар, мұнда облыстық Ахуалдық орталық та орналасқан. Мемлекет басшысы Амстердамда өткен аудиовизуалдық инновациялар көрмесінде «InAVation Awards» сый­лығының жеңімпазы атанған ор­талықтың жұмысымен де таныс­ты. Орталық қызметі былтырғы мау­­сым айынан бастап жүзеге асып келеді. Жобаның мақсаты – Қызыл­орда облысы әкімдігі қызме­тінің тиім­ділігін заманауи ақпа­рат­­тық-ком­муникациялық тех­ноло­гиялар арқылы арттыру. Атап айт­қанда, Ахуалдық орта­­лық макро­­экономикалық көрсет­кіш­терді болжамдау, әлеуметтік-эконо­­ми­калық даму барысын мони­то­рингтеу, талдау және болжау, қауіп­сіздікті бағалау және эконо­­мика, қаржы, демография, өнер­кә­сіп, ақпарат, тағы басқа да сала­­лардағы тәуекелдерді басқару, қоғамдық-саяси ахуалды тал­дау жұмыстарымен айналысады. Сон­дай-ақ, бұл орталық шешім­дерді орындаушыға жеткізіп, оның орындалу барысын да қада­ғалайды. Ахуалдық орталықта арнайы әзірленген бағдарлама бойын­ша оқыған 21 техникалық маман мен сарапшы жұмыс істейді. Елбасы сапарының бірінші күні осылай түйінделді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.