20 Қазан, 2015

34-ші айқас. 34-ші жеңіс!

749 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
19-10-2015-Головкин сурет 04Бұрнағы күні таңертең кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген отандасымыз Геннадий Головкин АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында кезекті жекпе-жегін өткізді. Атақты Madisson Square Garden аренасында болған айқаста ол канадалық Давид Лемьемен кездесіп, 8-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Осылайша жерлесіміз орта салмақта WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша чемпиондық атағын қорғап қалды. Сондай-ақ, Лемьеге тиесілі болған IBF тұжырымының чемпиондық белдігін иемденіп, төрт нұсқада да әлем чемпионы атанды. Жекпе-жек Головкиннің бел­сен­ділігімен басталды. Бірінші раунд болғанына қарамастан, ол бір­неше соққысын діттеген жеріне дөп тигізіп, ашық ұрысқа дайын еке­нін аңғартты. Өз кезегінде Ле­мье де қарсыласының тактикасын әб­ден зерттегенін байқатып, ұрым­тал сәттерді мүлт жібермеуге тырысты. Осы ретте, жекпе-жек алдындағы мамандардың кейбір пікірлеріне тоқталып өтейік. Көпшілік бұл айқаста қазақстандықтың фаворит екенін мойындаса да, канадалықтың осал еместігіне ерекше назар аударған. Тіпті, «бұрын-соңды Головкин мұндай деңгейдегі боксшымен кездесіп көрген жоқ. Сондықтан, осы жолы оған айтарлықтай қиын болады» деп болжам жасағандары да кездесті. Әйтсе де отандасымыз ондай пікірлердің барлығын бар болғаны екінші раундта жоққа шығарды. Бірінші раундтағы барлаудан кейін бірден жойқын соққыларымен шабуылға шыққан ол жекпе-жек барысын толығымен өз бақылауына алды. Қанша жерден қарымта шабуылға шықпақ болса да Лемье қарсыласының жұдырығына тұмсығын тосудан әріге бара алмады. Үшінші раундты да бір деммен өткізген Гена кездесудің төртінші бөлігінде шындап іске кірісті. Әр соққысын көздеген жеріне тигізіп қана қоймай, Давидтің жұмсаған жұдырықтарынан да сауатты қорғана білді. Өйткені, бірнеше ауыр соққы жіберіп алғанына қарамастан, реті келгенде ұрып қалуды мақсат тұтқан канадалық алға ұмтылуын тоқтатқан жоқ. Осы кезде Лемьенің Головкиннің бұрынғы қарсыластарынан артықшылығы оның төзімділігінде екенін аңғардық. Дегенмен, осы раундтың орта тұсынан ауа бергенде біздің саңлақтың сол қолымен жасаған кезекті соққысы қарсыласын есеңгіретіп жіберді. Осыдан бастап шаршы алаңда тек бір ғана боксшы жүргендей әсер қалдырды. Ал бесінші раундтың соңында Головкиннің тағы да сол қолымен бүйірден жасаған соққысына шыдай алмаған Лемье біздің боксшының алдында тізерлеуге мәжбүр болды. Төреші сегізге дейін санаған кезде ғана орнынан көте­рілген оны бұл жолы таза нокауттан раундтың аяқталғанын білдірген гонг құтқарып қалды. Алтыншы және жетінші ­раундтарда қазақстандықтың нысанасы ғана болған Лемьенің мұрны сыр берді. Соған қарамастан, ол кездесуден бас тартпады. Алайда, сегізінші раундтың орта тұсында төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі, соңғы төрт раунд бойы толассыз ауыр соққылар жіберген канадалықтың әрі қарай рингте жүруіне ешқандай негіз жоқ еді. Осылайша, кәсіпқой бокста әлі жеңіліп көрмеген Геннадий Головкин 34-жеңісіне қол жеткізді. Сондай-ақ, бұл оның – 31, ал қатарынан 21-і нокаут. Аталған көрсеткіш бойынша ол өз рекордын жаңартып отыр. Бұған дейін мамыр айында кіші Вилли Монроны жеңіп, нокауттар санын 20-ға жеткізген қазақстандық атақты Майк Тайсонның өзін тағынан тайдырған болатын. Одан бөлек, жерлесіміз осымен 15 рет чемпиондық атағын қорғап отыр. Бұл көрсеткіш бойынша Гена екінші орында келеді. Бірінші орында 20 рет чемпиондық атағын қорғаған америкалық Бернард Хопкинс тұр. Тағы бір назар аударар жайт, кездесуден кейін рингте тұрып америкалық тілшіге берген сұхбатында біздің сайыпқыран әдеттегідей өз сал­мағын­дағы мықтылармен жұдырықтас­қысы келетінін тағы бір айтып өтті. Сөзінің соңында қолдау көрсеткен барша жанкүйерлеріне ризашылығын білдіріп: «Үлкен рахмет! Рахмет сіздерге!» деп әлем көз тіккен аренада қазақ тілінде алғыс айтты. Осы жекпе-жекте қазақстандық 549 соққы жұмсап, соның 280-ін діттеген жеріне дөп тигізген. Ал Лемье 335 соққының 89-ын ғана дәл бағыттаған. Мұны Головкинді «қорғанысы нашар, көп соққы жібереді» деп сынайтындарға берілген жауап десек те болғандай. Енді бокс­шы орта салмақ бойынша WBC нұсқасының чемпиондық белдігінен міндетті үміткер атанды. Қазіргі таңда бұл белдік пуэрторикалық Мигель Коттоға тиесілі. Ол чемпиондық атағын қорғау үшін 21 қарашада АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасады. Сонымен қатар, Головкин мен Лемьенің бұл айқасы HBO телеарнасының ақылы трансляция жүйесі (PPV) бойынша көрсетілгенін атап өткен жөн. Бұл екі боксшы үшін де PPV-дегі алғашқы жекпе-жек. Ал сыйақы жағына келер болсақ, осы кездесуден кейін Геннадий – 2 млн., Давид 1,5 млн. долларға ие болды. Айта кетейік, АҚШ-та өткен осынау бокс кешінде тағы бір отандасымыз – Руслан Мәдиев өзінің алтыншы жекпе-жегін өткізді. Америкалық Оскар Сантанамен болған айқаста ол төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Осымен қатарынан алтыншы рет жеңіске жеткен ол үш кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Ендігі кезекте бір сәт өткенге көз жүгіртуді жөн санап отырмыз. Бүгінде жұмыр Жердің назарын сілтеген жұдырығына аударып жүрген Головкиннің алтын бастауы Қарағанды қаласы екені белгілі. Соның ішінде шуы мол Майқұдық. Болашақ чемпионның балалық шағы мен жасөспірім кезі осы ауданда өтті. Алғаш қолына былғары қолғап киіп, бокстың иісін де тұңғыш рет осы жерде сезді. – Сол кездегі әлеуметтік жағдайға байланысты бір кездері осындай даңқты боксшы болуды армандаудың өзі мүмкін еместей көрінетін, – дейді Генамен қатар сыныпта оқып, бір шағын ауданда тұрған құрдасы Асқар Абдрахметов. – Бала күнімде Генамен жақын дос болдым дей алмаймын. Дегенмен, бір ортада жиі бас қосатын едік. Сондай-ақ, екеуміздің бокс үйірмесіне қатар жазылғанымыз есімде. Қай жаста екеніміз нақты есімде қалмапты. Жаттығу залымыз Майқұдықтағы бірінші «фазанкада» орналасқан. Алғашқы күні-ақ Гена өзінің талант иесі екенін көрсетті. Олай дейтінім, үйірмеге келген күні жаттықтырушы бәрімізді кезекпен рингке шығарып, шама-шарқымызды тексеріп көрді. Сол кезде жетекшіміз Головкиннің қабілеті мен шеберлігіне тәнті болып, оның фамилиясын ерекше атағаны есімде. Головкин бір сөзінде бала күнінде әділдігін дәлелдеу үшін жиі жұдырық жұмсауға тура келгенін айтқан еді. Өзі бұл жағдайды сол кездегі қалыпты өмір салты деп атады. Одан басқа да қызықты жайттарды Асқар былай еске алады: – Бала күнімізде қазіргідей ойын-сауық орталықтары болған жоқ. Біз үшін сол кездегі ең қызықты сауық түрлерінің бірі төбелесіп ойнау еді. Сол үшін қалың киініп алатынбыз. Ескі күпәйкілер мен тұлыптарды киіп, бір-бірімізге жұдырық сілтеп, үйренген әдіс-тәсілдерімізді қолданамыз. Мұның бәрі ойын болғандықтан, ешкім жарақат алмайды. Әрине, ауданымызда нашақорлар мен ішімдікке салынғандар болды. Алайда, спортқа аңсары ауған біздер үшін оның бәрі еш қызықсыз еді. Кейде ойнап жүріп шындап төбелесіп қаламыз. Бұл енді кез келген балалық шақтың жазылмаған заңдылығы ғой, – деген Асқар, жалпылай алғанда, Майқұдықтың соншалықты шулы еместігін, оның да сол кездегі көп аудандардың бірі болғанын тілге тиек етті. Сөз арасында ол: «Рас, кейбір көрші шағын аудандарда жантүршігерлік жайттар тіркеліп жатты. Мысалы, ауылдық жерлерден келгендерді пышақтап кетіпті дегендерді еститінбіз. Мүмкін, бізді ондай теріс әрекеттерден спорт құтқарып қалған шығар. Спортты серік еткеніміз үшін жолымыз болды деп санаймын. Себебі, біздің балалық шағымыз көшеде өтті. Шыны керек, ол кезде үйде отырып ойнау дейтін түсінік болмады. Уақытымыздың көбі далада, балалардың ортасында өтетін. Біздің ауданда өзімізден үлкен балалар қатал болды. Егер олар темекі шеккенімізді көрсе, сазайымызды беретін. Сондықтан, көшенің жазылмаған тәртібіне бағынатынбыз. Мен үшін сол тәртіптің бірі спорт болғандай. Өйткені, сол ортаға сіңісу үшін үйірмеге жазылғандар аз болған жоқ», – деді. Геннадий Головкин Майқұдықтағы ең үлкен білім ордасы – №65 мектепте оқыды. Қазіргі таңда бұл мектепте 1435 оқушы қазақ және орыс тілдерінде білім алуда. Боксшының мектеп қабырғасындағы сәттері туралы Асқар Абдрахметов былай дейді: – Мектебіміз өте үлкен болды. Ол жерде тәртіп өте қатал еді. Гена екеуміз қатар сыныпта оқыдық. Оның сынып жетекшісі – Анна Цой дейтін мұғалім. Анна Борисовна өзіндік ерекшелігі бар ұстаз. Генаны әрдайым «боксер» деп шақыратын. Мектебімізге қатысты тағы бір ескере кететін жайт, бесіншіні бітірген соң әр сынып белгілі бір бағытты таңдайды. Мәселен, біздің сынып коммерциялық бағытта білім алатын болса, Геналар биомедициналық саланы таңдады. Соған сәйкес, таңдаған бағыт бо­йынша тереңдетілген бағдарлама қолданылады. Гена спортты серік еткен көп оқушылар сияқты орташа оқыды. Есесіне ол өзін спортта биіктерден көрсетіп жүрді. Мысалы, Головкин бокстан бөлек футбол мен баскетболды өте шебер ойнады. – Геннадий Головкиннің біздің мектепте оқығанын бәрі біледі. Біз онымен мақтанамыз. Оның құрметіне ашылған тақта да бар. Алайда, ол мектеп бітіргелі бірталай уақыт өтті. Қазір Генаға сабақ берген мұғалімдердің бәрі дерлік зейнетке шығып кеткен. Сынып жетекшісі Анна Борисовна қалада тұрады, ол да құрмет демалысында, – дейді ұстаздарының бірі. Бүгінде мектепте Геннадийге сабақ берген жалғыз мұғалім қалған екен. Ол – информатика пәнінің мұғалімі Галина Петровна. – Ол кезде жұмысқа енді ғана орналасып жатқан едім. Геннадий Головкин жоғары сыныпта оқып жүрді. Жарыстарға қатысамын деп сабақтан жиі қалады. Әйтеуір жарыстары бітпейтін. Оның ең ерекше қасиеті – ешқашан дөрекілік көрсетпейді және үлкенді сыйлай біледі. Қатарластары да оны сол үшін қатты құрметтеуші еді, – деп еске алады мұғалімі. – Кез келген талант жас кезінде-ақ көзге түседі. Сол сияқты Головкин де бала күнінен спорт алаңында өзін судағы балықтай сезінетін. Қандай сайыс түрі болсын барлық әдісті қазіргідей өте шебер орындайды. Ол әрдайым жеңгісі келетін. Сол үшін бәріміздің жоғары деңгейде ойнап, барымызды салғанымызды қалайды. Өйткені, өзі сондай. Әлі есімде, бірде мектепте баскетболдан жарыс өтті. Екеуміз бір командада ойнадық. Мен үшін ол бірінші ойын еді. Сондықтан, қатты толқыдым. Оның үстіне бүкіл мектеп бізге қарап отыр. Соның салдарынан болар, доппен екі қадам жасап қойдым. Әрине, төреші бірден ысқырық шалды. Сол сәтте Генаның маған айқайлап бергені бар. Содан кейін ғана өз-өзіме келіп, тәуір ойын көрсете бастадым, – деген Асқар Абдрахметов атақты спортшымен бір командада ойнаған сәттерін күліп еске алды. Сондай-ақ, ол Головкиннің бозбала кезінде гитарада өте жақсы ойнағанын және оның неміс овчаркасын асырағанын айтып, чемпионның тағы бір қырын ашып берді. Сөзінің соңында: – Генаның қарапайымдылығы туралы көп айтуға болады. Соның бірі қанша жерден мықты болса да ол ешқашан бірінші болып кикілжің бастаған емес, – деп өзінің балалық шағы осындай жанмен бірге өткенін мақтан тұтатынын білдірді. Қазір Майқұдық мүлде өзгерген. Бұл ауданның жастарын бұрынғыдай қылмыстық оқиғалардың ортасынан емес, тердің иісі сіңген жаттығу залдарынан жиі кездестіресің. Барлығының үлгі тұтатыны – атақты жерлестері. Бәрі де Генаның жолымен жүруді қалайды. Себебі, Геннадий Головкин оларға кеншілер қаласы – Қарағандының шетіндегі шағын ауданнан әлем астанасы – Нью-Йоркке жетудің үлгісін көрсетіп берді. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».