24 Мамыр, 2015

Қызылордада облыстық малшылар слеті өтті (фото)

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
24.05.2015-Slet 111АСТАНА. 24 мамыр. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Қақпа жайлауында бірінші облыстық малшылар слеті өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров қатысты. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Талай жылдан бері ұмыт бола бастаған бұл слет сыр өңірінде соңғы рет 1996 жылы ұйымдастырылған болатын. Сондықтан да, малшылар мерекесіне еліміздің барлық өңірінен ата кәсіпті тіршілігінің өзегіне айналдырып отырған мыңдаған шаруалар қатысты. Екі күнге созылған ауқымды шарада шаруалар өзара тәжірибе алмасты. 24.05.2015-Slet 2 Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров: «Малшылар слетін егемендік алғалы алғашқы болып Қызылорда облысы өткізіп отыр. Мұндай игі бастама еліміздегі мал шаруашылығын өркендетуге үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Жалпы, аталған шаруашылықты дамытуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар бар. Оның игілігін шаруалар көріп отырғандығына куәміз. Айтып өту керек, Қызылорда облысы қазір «Сыбаға» бағдарламасын тиімді жүзеге асырып отырған аймақтардың көшін бастап тұр»,– деді. 24.05.2015-Slet 1 Ал аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығына деген ерекше ықыласының арқасында мал шаруашылығы бүгінде дамудың жаңа даңғылына шығып келеді. Қызылордада ірі қара, жылқы және түйе басының саны ең берекелі 90-шы жылғы деңгейден асып түсті. Қойдың саны жақсы қарқынмен өсуде. Осыған сәйкес 100 тонна ірі қара мал етін экспорттау жөнінде ауыл шаруашылығы министрлігімен меморандумға қол қойылды», – деді. 24.05.2015-Slet 3 Айта кетейік, слетте ауыл шаруашылығының әр саласында еңбек етіп жүрген шаруалар марапатталды. Сондай-ақ, мерекеге 50-ге жуық киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүр ұлықталып, ұмыт болған салттар қайта жаңғыртылды. Шара барысында қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу мен қол күресі және арқан тарту сияқты ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылса, палуандар боз кілемде күш сынасып, тойдың көркін келтірді. Мұнан соң еңбеккерлер мерекесі концерттік бағдарламаға ұласты. Талғат Райымбек. Дерек, сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 24.05.2015-Slet 4 24.05.2015-Slet 5 24.05.2015-Slet 6