Кеше Астанада «Бiрлiк» саяси партиясының атқарушы комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда бірліктіктер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 26 сәуірде өтетін кезектен тыс сайлауға қатысуға келісімін бергенін қолдайтынын жеткізді.
Партия төрағасы Серік Сұлтанғали: «Кеше «Нұр Отан» партиясының съезінде мемлекеттік ең жоғары лауазымға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылды. Біздің қоғамымыздың ең басым бөлігі сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуын қалайды. Біздің «Бірлік» партиясы да осы ұстанымда. Өйткені, біз одан әрі де осы танымал тұлғаның ел тізгінін өз қолында ұстауын қалаймыз», деді. Сондай-ақ, ол Назарбаевтың заманауи Қазақстанды қалыптастырған адам екеніне тоқталып, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Қазақстан-2050», «Нұрлы Жол» және басқа да бағдарламалардың ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екеніне екпін түсірді.
Сондай-ақ, ол сөзінде Президентіміздің басшылығымен ірі реформалар жүзеге асқанын, қандай ауыр кезеңдерде Елбасының мемлекетті алып толқындардан аудармай алып шыққанын, соның нәтижесінде тиімді нарықтық экономика қалыптасып, халықтың әл-ауқаты артқанын атап көрсетті. «Мемлекетімізде тиімді саяси жүйе қалыптасып, қоғамдық келісім салтанат құрды. Қазақстанның әлем алдындағы беделі артып, мемлекетіміз алдына әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жөнінде биік мақсаттар қойып отыр. Алысты болжайтын Президент Ұлттық қор құрып, енді әлемді дағдарыс шарпуы есеңгіреткен тұста, сол қаражатты ел игілігіне бағыттап отыр», деген С.Сұлтанғали нақты қадамдардың партиясы ретінде, осындай ел үшін маңызды кезеңде біз Елбасына үлкен сенім артып, оны толық қолдаймыз деп ой қорытты.
Партияның облыстық, қалалық филиалдарының жетекшілері мен өкілдері, 120-дан астам белсенді мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан отырыста сөз алған партия мүшесі Павел Климов: «Әрбір қарапайым қазақстандық үшін Елбасының мемлекет басшылығын әрі қарай жалғастыруы өте маңызды, барлығымыздың ертеңгі күнге деген сеніміміз де осы есіммен байланысты. Біздің мемлекетіміздің жеңістері мен жемістерінің бас сәулетшісі – Нұрсұлтан Назарбаев», десе, Төлеген Қуанышбаев ел тағдыры шешілетін жауапты кезеңде нық шешімдер қабылдай алатын тұлғаның мемлекетті басқаруының маңызына тоқталып, «Сондай қадамдарға баратын қайраткер деп Нұрсұлтан Назарбаевты есептеймін. Олай дейтін себебім, Елбасы мемлекетіміздің ордасын Алматыдан Астанаға көшіру туралы қаулы қабылдап, еліміз іргесінің бекуіне, экономикасының қарқынды дамуына және болашағының жарқын болуына орасан зор әсерін тигізгеніне барлығымыз куәміз. Ал сондай кезде батыл қадамға барып, болашақты алдын ала болжап, оның оң нәтиже беретініне сенімді болды, тәуелсіз еліміздің тарихына өз есімін алтын әріппен жазды», дей келіп, халықаралық аренадағы оның беделді саясаткер екендігін, бейбіт бастамалары мен бітімгерлігін айрықша атап өтті.
Жиында Елбасының кандидатурасын қолдап Бағдат Алдабергенов, Кристина Бекмұрзаева сөз сөйледі.
Отырыс соңында алдағы кезектен тыс президенттік сайлауға қатысу үшін қазіргі Мемлекет басшысының кандидатурасын қолдау туралы мәлімдеме бірауыздан қабылданды. Қазақстан өзінің алдына экономиканың жаңа сапалық өсуіне қол жеткізу және әлемнің ең бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жөніндегі кеуделі мақсаттар қойып отыр. Мемлекет басшысы бастама жасаған ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы, сондай-ақ, басқа да стратегиялық бағдарламалар осы мақсатты іске асыруға арналған. «Сондықтан «Бiрлiк» партиясы – халық бірлігі партиясы, өзінің саяси қағидаттары мен құндылықтарына сәйкес, 2015 жылы 26 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қатысу үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын берік қолдайтынын білдіреді», делінген мәлімдемеде.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».