02 Қыркүйек, 2015

Қазақстан-Қытай: Байланыстың жаңа кезеңіне бетбұрыс

332 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
31-08-1-1 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары жалғасуда. Сапар аясында Елбасы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды. 01-09-4 Қазақстан Президентінің ұша­ғы Қытай астанасы Бейжіңге жексенбінің кешінде табан тіреген болатын. «Ерте тұратын елдің» әдетімен екіжақты кездесулер дүйсенбі күні ертемен бас­талды. Яғни, аптаның алғашқы күнінен-ақ, Елбасының тығыз жұмыс кестесі басталып кетті. Іргелес көршіміз әрі сыртқы сау­дада айрықша басымдыққа ие стратегиялық әріптесіміз Қытай Халық Республикасы басшылығы қазақстандық делегацияны жылы шыраймен қарсы алды. Алдымен Бейжіңдегі Бүкілқытайлық халық өкілдері жиыны ғимараты алдында Қазақстан Президентінің келуіне орай арнайы салтанатты жиын өтті. Онда, әдеттегідей, Қытайдың құрметті қарауылы сап түзеп, оркестрдің сүйемелдеуімен екі елдің әнұрандары шырқалды. Зең­біректерден отшашу атылды. Тіпті, қолдарына қос елдің туын ұстаған қытайлық бүлдіршіндердің Қазақстан Президентін жамырай шулап қарсы алғаны да салтанатты жиынның шырайын аша түсті. Ал бұл күндері Бейжіңнің бас көшелерінде Аспанасты елінің қызыл туымен қатарласа қазақтың көк туы да желбіреп тұрды. Сенімді серіктес Салтанатты рәсімнен соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. Бұл екі ел басшысының осы жылғы төртінші және Си Цзиньпиннің ҚХР Төрағасы өз қызметіне кіріскен сәтінен бергі оныншы кездесуі екенін еске салсақ, әрине, екі елдің арасындағы саяси-экономикалық байланыстың қаншалықты байсалды екенін бағамдай берсек болатындай. Оған қоса, елімізде өткен биылғы президенттік сайлау­дан кейін де бізге бірінші болып сапармен келген мемлекеттің басшысы осы Қытай Төрағасы Си Цзиньпин болып еді. Қалай болғанда да, бүгінде осынау алып көршімізбен алыс-берісіміз мол, байланысымыз бекем. Осы жолғы сапарда да ел экономикасы үшін маңызы зор біраз мәселе күн тәртібіне шықты. Сонымен, сенімді серіктес елдердің басшылары кездесу барысында әдеттегідей сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы-несиелік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екі­жақты ынтымақтастық ­жайын талқылады. Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі негізгі жайттар бойынша ұстаным­дарды қарастырды. Мемлекет басшысы өз кезегінде Қытай Халық Республикасы Төр­ағасына алдымен жылы қа­былдауы үшін алғысын білдірді. Бұл ретте, сондай-ақ, екі ел арасындағы қарым-қатынас 20 жылдан астам уақыт бойы ұдайы өсу жолында дамып келе жатқанын айтып, екі ел арасындағы қазіргі ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын атап өтті. «Бұған Сіздің биылғы мамырда Қазақстанға жасаған ресми сапарыңыз барысында қол жеткен уағдаластықтар септігін тигізіп отыр», – деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Қазақстан Прези­денті сонымен қатар, қытай хал­қын жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңістің 70 жылдығымен және Бейжіңнің 2020 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізу құқын жеңіп алуымен құттықтады. Бұл ретте Елбасы Бейжің жазғы және қысқы Олимпиада ойындары өткен әлемдегі бірден-бір қала болатынын айтты. Ал ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пин өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Қытай­дың арасындағы стратегиялық серіктестік үздіксіз нығайып келе жатқанын атап өтті. «Біз бүгін Қазақстан Пре­зидентімен бірге жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қоямыз. Бұл құжат біздің көпжылдық жемісті іс-қимылымыздың қорытындысы болады және болашақтағы ынтымақтастық бағдарламасына айналады», – деді Си Цзиньпин. Келіссөздер барысында Қытай жағы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін қош көретіндіктерін айтып, бұл оқиғаның екіжақты қатынастарды одан әрі арттыруда оң ықпалы болатынын жеткізді. Тараптар сон­дай-ақ, «жасыл технология­ларды» дамыту саласындағы ынтымақтастықты Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің әлеуе­ті ауқымында дамытуға уағ­да­ласты. Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары Қазақстан аумағында төмен байытылған уран банкінің құрылуына байланысты атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге әзір екендерін білдірді. Оған қоса, тараптар алдағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты бүкіл ­әлем­дегі валюта нарықтарының құбылмалылығы жағдайын­да ­­­дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Инвестиция игілігі үшін Кең құрамдағы кездесуге дейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың бірқатар ірі компаниялары басшыларымен жеке-жеке кездесулер өткізген болатын. Соның бірі – «СИТИК Групп» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэнмин. Ч.Чжэнминмен кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ, Қазақстанның «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясын­дағы инфрақұрылымдық дамуына компанияның қатысуы мәсе­лелері талқыланды. Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев «СИТИК Групп» корпорациясы мен Қазақстанның жақсы ынты­мақ­тастық тарихы бар екенін айтты. «Біз бірлесіп жұмыс істеген жылдары мол тәжірибе жинадық. Компания Қазақстанның нары­ғындағы қызметі кезінде оң нәтижелерге жетті. Қазір жаңа заман келе жатыр, жаңа жобалар мен міндеттер туындауда», – деді Елбасы. Өз кезегінде Чан Чжэнмин компанияға көп жылдар қолдау көрсеткені және елде шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасағаны үшін Мемлекет басшысына алғысын білдірді. Елбасы сондай-ақ, CNPC корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньмен кездесті. Кездесуде Қазақстанның мұнай-газ саласының жаңа экономикалық жағдайдағы дамуына корпорацияның қатысу мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы республикамыз бен CNPC компаниясының зор ынтымақтастық тәжірибесі бар екенін, осы жылдар ішінде тараптар өзара іс-қимылдың ауқымды базасын қалыптастырғанын айтты. «Компанияның мұнай-газ нарығына қатысуы – біздің ҚХР-мен ынтымақтастығымыздың бас­ты тармақтарының бірі. Сіздің корпорация көмірсутегін өндіру, тасымалдау және өңдеу саласында жұмыс істейді. Биылдан бастап CNPC-дің Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің құрамына кіруінің де маңызы бар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті корпо­рацияның қатысуымен елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды жобаларға тоқталды. «Қашаған кеніші игеріліп, Шымкент мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылуда. Маңғыстау облысында мұнай-газ жабдықтары кешені, «Бейнеу-Бозой» газ құбыры салынуда. Бұл жобалар зор маңызға ие», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев корпорацияның ши­кізат секторынан басқа салада да бай тәжірибесі бар екенін айт­ты. Осыған байланыс­ты Мемлекет басшысы CNPC-ді Астанада құрылуы жоспарланып отырған халықаралық қаржы орталығының жұмысына да белсене қатысуға шақырды. Соңында Қазақстан Президенті CNPC-дің озық технологиялар әзірлеудегі қызметіне жоғары баға берді және осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге мүдделілігімізді білдірді. Өз кезегінде Ван Илинь Қазақстан нарығында жұмыс істеген 20 жыл бойы компанияға қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Мемлекет басшысы, сонымен қатар, «Цинхуа» корпорациясы басқармасының төрағасы Хо Цинхуамен кездесті. Кездесу барысында тараптар энергетика секторының даму перспективаларын, сондай-ақ, корпорацияның Қазақстанның көмір өнеркәсібіне қатысу аясын кеңейту мәселелерін қарастырды. Нұрсұлтан Назарбаев «Цинхуа» корпорациясымен бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың біздің еліміз үшін орасан маңызы бар екенін айтты. «Сіздің компания Қазақстанда бірінші рет көмірді кешенді өңдеуден өткізеді. Оның мол қоры бар екенін ескерсек, бұл біздің энергия теңгерімі үшін зор мәнге ие», – деді Мемлекет ­басшысы. 01-09-5 Келелі келісімдер Шындығында Қытай Қазақ­станның ірі сауда серіктесі саналады. Екі ел арасындағы сауда-саттық қазіргі күннің өзінде өзгелермен салыстырғанда қарқынды. Тіпті, сыртқы тауар айналымының жиырма пайызы осы елге тиесілі десек артық айтқандығымыз емес. Айталық, Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы сауда-саттық 17,2 млрд. долларды құраған. Бірақ бұл 2013 жылмен салыстырғанда біршама аз. Оның өзіндік себебі де бар, ол қазіргі нарықтағы шикізат бағасының төмендеуімен байланысты, әрине. Ендеше, жаһандық экономикалық ахуал күрделеніп тұрған қазіргідей кезеңде Қытай сияқты алпауыт елмен қатынасты әрі қарай өрбіту мақсаты маңызды. Осы мүддені көздеген Елбасының Қытайға сапары негізінен үш бағытты қамтып отыр. Бірінші кезеңде негізгі екі бағыт – транзитті-көліктік дәліздің дамуы және жаңа қазақстандық-қытайлық индустриялық бағдарламаны айтар едік. Көліктік дәліз бойынша бірнеше жобалар жүзеге асқалы отыр. Мәселен, көлік жолдарының және көліктік-логистикалық орталықтардың құрылысы. Бұл Қазақстан үшін үлкен де жаңа сала және бұл жерде Қытаймен ынтымақтастық маңызды орынға ие. Екінші бағыт болып бірлескен индустриялық жобалар танылады. Бұл индустрияландырудың екінші бесжылдығындағы жүктемелер мен басымдықтарға сәйкес келеді, дейді сарапшылар. Екінші бесжылдық басымдығы металлургия, химия, тыңайтқыш өндірісі, машина жасау, көлік, логистика және басқа салалар екенін еске салсақ, осының бәріне қытайлық инвесторлар көмегі ауа­дай қажет. Үшінші басым бағыт ретінде ғылыми қамтымды салалар мен жоғары технологиялар секторындағы ынтымақтастықты атауға болады. Әрине, бұл аталған бағыттар, көздеген мүдделер мүлт кете қойған жоқ. Қытайлық тараппен жүргізілген келіссөздер нәтижелі болды. Мәселен, кездесулер қорытындысында екі ел арасындағы көпсалалы стра­тегиялық әріптестіктің жаңа ке­зеңі туралы бірлескен деклара­ция қабылданды. Сондай-ақ, бұдан басқа да оншақты маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы негіздемелік келісімге, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «СИТИК Групп» арасындағы Қазақстан инфрақұрылымдық қорына (Kazakhstan Infrаstruсture Fund) бірлесіп қатысу туралы келісімге, «Масалы тау-кен байыту комбинаты» ЖШС мен Қытай экспорт-импорт банкі арасындағы займ туралы негіздемелік келісімге, «Еurasian Resources Group» корпорациясы және Қытай мемлекеттік даму банкі арасындағы негіздемелік келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ пен «Жібек жолы» қоры арасында­ғы индустриялық-инновация­лық ынтымақтастық жобалары үшін арнаулы инвестициялық қор құру жөніндегі өзара түсіністік және іс-қимыл туралы мемо­ран­думға, ­­«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ және Қытай халықара­лық туризм бюросы арасын­дағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға, Қа­зақстан Үкіметі мен ҚХР Үкі­меті арасындағы мәдени-гу­манитарлық ынтымақтастық туралы келісімге, «Астана LRT» АҚ және Қытай мемлекеттік даму банкі арасындағы займ туралы келісімге, «Astana LRT» ЖШС мен ҚХР компания­лар консорциумы арасындағы ЕРС-келісімшартқа қол қойылды. Сондай-ақ, «Қазақстан мен ҚХР арасындағы сотталғандарды беру туралы 2011 жылғы 22 ақпандағы шарт бойынша ратификациялық грамоталар алмасу туралы хаттама» да осы күнгі келіссөздер нәтижесінде қабылданды. Байсалды басқосу Кеше Елбасы Қытайдың бір топ іскер және қаржылық орталығы өкілдерімен басқосты. Шараға «Хуавэй» корпорациясы басқармасының төрағасы Сунь Яфан, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің көпжақты уақытша хатшылығының бас хатшысы Цзинь Лицюнь, Қытай мемлекеттік даму банкінің президенті Чжэн Чжицзе және Қытайдың басқа да жетекші компанияларының басшылары қатысты. Сондай-ақ, олардың арасында бір күн бұрын Елбасымен жекелей кездесу өткізген «Цинхуа» корпорациясы басқармасының төрағасы Хо Цинхуа, «СИТИК Групп» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэнмин де болды. Басқосу барысында Қазақстан мен ҚХР-дың инвестициялық, қаржы-банк және сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту болашағы талқыланды. Кездесу барысында Мемлекет басшысы мұндай кездесулер мен пікірлесулер екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін қажет екенін айтты. «Бұл сапарды Қазақстан-Қытай байланыстарындағы бетбұрысты кезең деп санаймын. Біз Қытаймен негізінен энергетика және ресурс өндіру салаларында 20 жылдан астам белсене ынтымақтасып келдік. Енді жаңа кезеңде эко­номиканың өңдеу, сонымен бірге, машина жасау және ресурс­ты қайта өңдеу секторларындағы өзара іс-қимылды күшейтуге кірісеміз. Кеше ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен сындарлы келіссөздер барысында 45 бірлескен нысан ашу жөнінде уағдаластық. Соның 25-і бо­йынша жалпы құны 23 миллиард доллардың келісіміне қол қойылды», – деді Н.Назарбаев. «Жібек жолынан» – «Нұрлы Жолға» Елбасы мемлекеттік сапарының кешегі күнінде сондай-ақ, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен жүздесу барысында қол жеткен уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын дамытуға қосқан үлесі үшін Ли Кэцянға алғыс айтып, ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің былтырғы желтоқсандағы сапарының маңызына тоқталды. «Сіз Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін қалыптастыру ісіне зор үлес қостыңыз. Қазір біз қол жеткізген уағдаластықтар мен бірқатар өнеркәсіп орындарын Қазақстанға көшіру жөніндегі ұсыныс толық қарқынмен жүзеге асырылуда. Соның нәтижесі ретінде бүгінге дейін бірлескен индустриялық нысандар құру туралы 25 келісімге қол қойылды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сондай-ақ, «Нұрлы Жол» және «Жаңа Жібек жолы» бағдарламаларының синергиясы екі елдің стратегиялық ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. «Қазіргі уақытта Қазақстаннан Ресейге қарай автомобиль жолы, Иран арқылы Парсы шығанағына қарай теміржол салынды, Каспий теңізінде теңіз порты құрылды, Орталық Азияның барлық мемлекеттері Қорғас арқылы байланыстырылды. Жаңа Жібек жолының Қазақстан арқылы өтетін бөлігі толығымен дайын деп сеніммен айтуға болады», – деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Ли Кэцян Қазақстан мен Қытай халқы арасындағы достықты нығайтудағы рөлі мен елдеріміздің қарым-қатынастарын жаңа сапалы деңгейге шығару ісінде Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор екенін атап өтті.   Журналистермен жүздесу Президент Нұрсұлтан Назар­баев сондай-ақ, кеше мемлекеттік сапары аясында «Дяоюйтай» Қытай мемлекеттік резиденция­сында қазақстандық журналис­термен баспасөз мәслихатын өткізді. Мемлекет басшысы онда өзінің бұл жолғы сапарының маңыздылығына тоқталып, қол жеткен келісімдердің ел экономикасына тигізер тиімді ықпалын айтып берді. Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу барысында жасалған екіжақты келісімдердің ерекшелігіне тоқталды. Солардың ішіндегі ең ірі жобалар қатарында Павлодар алюминий зауытының өндіріс қуатын 150 мың тоннаға жеткізу, Маңғыстау облысында мұнай-газ жабдықтарын шығаратын зауыт құрылысын салу қарастырылады. «Қытай Халық Респуб­лика­сымен тәуелсіздік алған жылдардан бері қарым-қатынасымыз жыл­дан-жылға дамып келе жатқанын жақсы білесіздер. Мысалы, сол тоқсаныншы жылдардың басында екі ел арасындағы сауда-саттық 300 млн. доллар төңірегінде ғана болатын болса, соңғы кездері ол 20 млрд. долларға дейін шықты. Екі елдің арасында теміржол, автокөлік жолдары салынды. Сонымен қатар, Қытайдан біздің экономикамызға кейінгі он жылдың ішінде ғана 14 млрд. доллар қаражат түсті. Соның барлығы экономикамызға, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеп жатыр. Бұған дейінгі болған қатынастың барлығы, мысалы, мұнай, газ, шикізат жағынан көбірек бейімделген болса, қазір байланысымыз жаңа қадамға бетбұрыс жасап отыр. Бұл жолғы сапарымызды кездесулеріміздің екінші кезеңі деп отырғанымыз да содан, яғни қазір тек қана жаңа зауыттар салу, өңдеу, машина жасау саласына айрықша басымдық беріп отырмыз. Жалпы айтқанда, шикізат емес, дайын өнім шығаратын зауыттарды айтып отырмыз, деді Елбасы. Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел сарапшылары мен Үкімет кеңесе келе 45 жоба туралы ұсыныс түсірген. Ал келесі кезеңде тағы сондай 45 жоба әкелеміз деп отырмыз. Индустрияландыру бағдарламасын жандандыру үшін бұл бізге өте қажет. Екінші жағынан бүкіл дүниеде қазір дағдарыс. Дүниежүзінің банктерінде қазір бізге беретін ақша жоқ. Сондықтан, бізге тиімді серіктес Қытай болып отыр. Бұл бізге өте пайдалы келісімдер деп санауымыз керек. Сондықтан айта кететін маңызды мәселе, Қытайдың «Жібек жолы» деп аталған бағдарламасына біздің «Нұрлы Жол» қосылып, екеуі елдер үшін үлкен пайда бермек. «Меніңше, біз осы қарым-қатынастың арқасында үлкен жаңа сатыға көтерілгелі отырмыз. Қытай Төрағасымен кешегі кездесуімізде де екі ел арасындағы барлық жағынан байланысты қамтитын келіссөздер жүргіздік. Қазақстанға бұл алып ел барлық жағынан қолдау жасап отыр. Сондықтан, ризамыз деуге болады. Бүгіннің өзінде Қытайдың алпауыт компаниялары басшыларымен кездестік. Олардың әрқайсысы әлемнің қырық-елу елінде жұмыс істеп жатқан ірі өндіріс орындары. Олардың барлығы болашақта бізбен жұмыс істейін деп отыр», деді Президент. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында екіжақты келісімдердің талаптары мен қаржыландыру ерекшеліктеріне де тоқталды. «Қытайдың «Жібек жолы» бағ­дарламасының төңірегінде арнайы «Азия инвестиция» деген банк құрылды. Оған 40 млрд. қаржы құйылды. Қазақстан да бұл банкке өзінің ақшасымен қосылды. Сол банк арқылы жаңағы «Жібек жолының» бойындағы барлық өндірістер қаржыландырылатын болады. Екінші жағынан Қытайдың өзінің импортына арналған банкі бар, ол да 8 млрд. долларға Қазақстанды қаржыландырады. Бұл жерде айта кететін бір жайт, ешкім бізді мына жақта қарызға батып жатыр деп ойлап қалмауы керек. Бұл өндірістердің кейбіреулері түгелдей Қытайдың қаржысына салынатын болады, ал енді бірі бірлескен кәсіпорындар түрінде құрылып, екі жақтан қаржыландырылады. Кейбіреулеріне көп жылға аз пайызбен жеңіл несие аламыз. Енді бір жобалар толықтай тегін болады. Мәселен, Алматыдағы айналмалы ұзын жолдың толықтай жобасын Қытай тарапы өз мойындарына алып отыр. Айта берсек, Қытай инвестициясына салынатын мұндай автожолдар бізде көп. Барлық жағынан алып қарағанда, бізге бұл келісімдер өте пайдалы. Қанша қарызымыз болуы керек, қанша пайдасы бар, біз оның бәрін саралап, қарап отырмыз. Бастысы шектен шығып кетпеу керек. Өзіміздің жағдайымыз бо­йынша әрекет жасаймыз. Бүгін­де, әрине, бізге Ресейден келетін пайда жоқ. Олардың өздерінің жағдайы қиын. Еуропаның банктері, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі сынды қаржы орталықтары көмектесіп жатыр. Мәселен, олардан «Нұрлы Жолға» 9 млрд. доллар қаржы құйылуда. Бірақ қазіргідей жағдайда ол бізге жеткіліксіз. Әрине, мұның бәріне түсіністікпен қарауымыз керек. Мәселен, кейбір жобаларды тез салып аяқтау үшін келісім бойынша қытайдың өз мамандарын елімізге топтап әкелуге тиіс боламыз. Мұны да дұрыс түсінуіміз керек. Мысалы, өндіріс бір жылда салынатын болса, сол бір жылға бес жүз маман келіп, бір жылдан соң бірі қалмай, елдеріне қайтарылады», деген Елбасы осы сапарда қол қойылған құжаттардың барлығы үлкен талқылаудан өтіп, елге пайдалы жобалар таңдалғанын баса айтты. Сонымен қатар, кеше Президент Бейжіңде журналис­термен кездесу сәтін пайдаланып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елдегі оқушылар мен олардың ата-аналарын білім күнімен құттықтады. Н.Назарбаев соңғы жылдары Қазақстанда мектептер мен балабақшалар қарқынды түрде салынғанын еске салды. «Олар – ел болашағы. Бүгін бірінші сыныпқа барғандар 2050 жылы Қазақстан экономикасының барлық салаларында жұмыс істейтін болады. Біздің қалай білім беретінімізге, нені үйрететінімізге байланысты болады. Біздің мектептеріміздің, зияткерлік мектептеріміздің, жаңа университеттің сапасы – мұның барлығы балалар мен ата-аналарын оларды оқытуға ынталандырады. Ата-аналары балаларына не бере алады? Өз махаббаты мен үлкен өмірде қажетті болатын білім береді», – деді Н.Назарбаев. «Қазақстандық ата-аналар балаларын оқыту үшін ештеңе аямайтынын білемін. Бұл дұрыс. Барлығын білім күнімен құттықтаймын, әр бірінші сынып оқушысына биыл Отанымыз – Қазақстан туралы кітап сыйладым. Әрбірі менен кітап сыйлыққа алады. Олар бұған қуанады деп ойлаймын», – деп толықтырды Мемлекет басшысы. Кешегі күн сонымен қатар, жылдағы дәстүрмен Қазақстан Парламентінің кезекті сессия­сының ашылған күні. Оған биылғы жыл Елбасы өзі сырттағы сапарына орай қатыса алмады. Сол себепті кешегі баспасөз мәслихатында Президент депутаттарды сессияның ашылуымен құттықтап өтті. Қазақстан Президентінің Қытайдағы мемлекеттік сапары бүгін де жалғасады. Ал ертең, бейсенбіде Елбасы Бейжіңде өтетін қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты парадқа қатысады деп күтілуде. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» – Бейжіңнен. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.