Қандай да бір төтенше жағдай орын алғанда құтқарушылар қызметіне жүгінеріміз анық. Сала басшылығы мен қызметкерлерінің сыналатын да, сенім артылатын да кезі сол сәтте көрінеді. Десек те, Сәбит Битаев басқаратын жетісулық құтқарушылардың еселі еңбегі аталған қызметтің құрылғанына 20 жыл толуына арналған шарада анық көрінді.
Сонымен, салтанатты жиында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов баяндама жасап сала қызметкерлерін Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің мерекелік төсбелгісімен және Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
«Елбасының арнаулы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті құрылғаны мәлім. Бүгінгі таңда Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері төл міндетін мінсіз атқаруда. Мемлекеттік саясатқа сай жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа жыл басында 34 арнайы және қосалқы бағыттағы құтқару техникалары, 4 жол талғамайтын, 7 қарда жүретін, 31 жүзу құралдары сатылып алынып, таратылды. Сондай-ақ, 2 модульді құрылғы судан құтқару станцияларында орнатылды. Құтқарушыларды дайындау және жаттықтыру үшін бір жүксауыт түріндегі жылу түтін камерасы және 10 жиналмалы мұнара алынды. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелері жыл сайын 20 мыңнан астам төтенше жағдайлар орнына барады. Сөйтіп 1,5 мыңнан астам адамды құтқарып қауіпсіз жерге шығарды. Сондай-ақ, су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жедел-құтқару жасағында «ТРЭКОЛ» базасындағы батпақты жолда тоқтамайтын көлік, жүрдек құтқару автомобильдері, ұшқыр жүзу құралдары мен шаңғы, қарлы бораннан құтқаруға арналған автокөліктер бар. Ал жасақ жауынгерлері кез келген адамға оның тұрған орнына қарамастан, көмекке баруға дайын тұр. Жақында ғана Алакөлдің жағалауы мен Қапшағай су қоймасында заманауи техникалық және санитарлық талаптарға сай кәсіптік қызмет үшін теңдесі жоқ екі модульді суда құтқару станциясы салынды. Бұл құтқару жүйесі жыл сайын жүздеген адамдарды құтқаруға мүмкіндік береді. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аумағындағы күрежолдарда медициналық-құтқару бекеттері орнатылып, кезекшілер төтенше жағдайлар кезінде 2 мыңнан астам медициналық көмек көрсетті. Жыл сайын ардагерлердің қажеттілігіне жарату үшін департамент қызметкерлері бір күндік жалақыларын бөледі. Сол сияқты Талдықорған қаласында орналасқан «Айналайын» балалар үйі «Бөбек» тобының балаларына көмек көрсетіп, мерекелеріне шақырып ойыншықтармен, жиhаз және оқу құралдарымен қамтамасыз етуді де дәстүрге айналдырған. Азаматтық қорғаныс бойынша ағымдағы жылдың тоғыз айында 1183 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркелді. Осы жылдың есептік кезеңінде 3 мың 330-дан астам жедел құтқару жүргізілді», деді Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сәбит Битаев.
Түйіндеп айтқанда, құтқарушылар жиынында өңір өнерпаздары арнайы дайындаған мерекелік концерт тамашаланып, көңілдерге қуаныш нұрын сыйлады.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.