13 Наурыз, 2015

Шағын және орта бизнес заңмен қорғалады

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-850Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері Юрий Тілеумұратов пен Жібек Әжібаева шағын және орта бизнестің ойдағыдай дамып жатқанын айтты. Мемлекет басшысының төраға­лығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты тапсырмалардың қалай орындалып жатқанына тоқталған спикерлер, қазіргі көрсеткіштердің көңіл қуантатынын жеткізді. «Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту ісі дұрыс жолға қойылған. Нақты санға жүгінсек, өткен бір жылдың өзінде жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлік 30 мыңға көбейіпті. Рас арасында толыққанды жұмыс істей алмай жатқандары да бар. Десек те, саладағы өнім көлемінің ұлғаюы мен еңбек өнімділігінің артуы ойдағыдан жақсы. Егер осы қарқынмен алға жылжысақ, 2030 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 40 пайыздан астамын шағын және орта бизнес қанағаттандырады деген үміт бар», деді Ю.Тілеумұратов. Отандық өндірушілердің тауарын саудада өткізу шарасы да әңгіме өзегіне айналды. «Елдегі тауар өндiрушiлердi қолдауға орай «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында біздің палата мен Ұлттық экономика министрлiгi бiрлесіп, өңiрлiк палаталар мен жергiлiктi атқарушы органдарды қатыстыра отырып тиімді iс-шаралар жоспарын дайындадық. Онда кәсiпкерлер палатасы мен жергiлiктi атқарушы органдардың ұйымдастырушылық қызметi анық көрсетілген», деген Ж.Әжiбекова отандық тауарларды тұтынушылармен де кешендi жұмыс жүргiзу керектігін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бүгiнгi күнi тұтынушыларды бәрі ұмытқан сияқты. Олармен ешкім арнайы жұмыс істемейді. Тек соңғы кездері осы бағытта түрлi акция­лар мен байқаулар жоспарлана бастаған. «Мысалы, бұдан былай тұтынушылардың берген бағасы негiзiнде жылдың үздiк тауарын анықтаймыз. Онда тек жергiлiктi атқарушы органдарды, мемлекеттiк ресурстарды ғана емес, сондай-ақ, жас­тарды да мейлiнше көп тартамыз. Қазiр «Қазақстанда жасалған» акциясын қолдау мақсатында үлкен форум өткiзуге дайындалып жатырмыз», деп қорытты ол сөзін. Брифингте Ресей тауарларының тым арзандауынан болған отандық нарықтағы келеңсіздік те назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, соңғы кездері Ресей нарығының тұрақсыздығы нәтижесінде сұранысы жоғары халық шаруашылығы тауарлары мен азық-түлік өнімдеріне баға күрт құлдырады. «Бұл жағдай біздің ел экономикасына да өз ықпалын тигізбей қоймайтыны белгілі. Осы ретте біз отандық кәсіпкерлерімізге тиісті деңгейде қолдау көрсетуіміз керек. Ондай көмек болады. Тек, заң аясында ғана. Яғни, арнайы заң қабылдау арқылы шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерді қолдап, қорғау жұмыстарын біз осы күндері қолға алдық», деді Ж.Әжібаева. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».