13 Наурыз, 2015

Біз қазақстандық жолдың жылнамасын жазамыз

329 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
кітапхана 2014 жылдың 13 наурызында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш ПрезидентіЕлбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Арада өткен бір жылда атқарылған шаруалар мен алдағы мақсат-міндеттер жөнінде аталған мекеменің атқарушы директоры Бейсембай Жұмабековпен әңгімелескен едік. Бейсембай Қуанышұлы, Қазақ­станда президенттік кітапхана жа­сақ­­тауға не себеп болды? Мұндай ме­ке­мелер басқа қай елдерде бар екен? 01-23– Мұндай мекемелер АҚШ, Ресей, Әзербайжан секілді президенттік бас­қару билігі қалыптасқан мемлекеттерде ой­дағыдай қызмет етуде. Атақты көшбас­шылардың сая­си мұрасын сақтау және дамытуды көздейтін өзара ұқ­сас ұйымдар Франция, Түркия сынды ел­дерде де бар. Президенттік кітапхана­лар­да жинақталған зияткерлік капитал мем­лекетті басқару ісі жөнінен елдің келешек басшылары үшін, саяси қайраткерлері үшін бағдарламалық өсиетке айналады. Нақ осы оң тәжірибе Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасын жасақтауға себеп болды. Басқа мемлекеттердегі бұл тектес орталықтардың қоғамдық қызмет аясы бір ғана саяси қайраткердің мұрасын сақтаудан әлдеқайда ауқымды. Сондай-ақ, ол ұйымдар қоғамның маңызды құбылысы, мемлекеттік болмыстың теориялық тұғыры іспетті. Олар жас ұрпақты ұлттық құндылықтар рухында оқытып-тәрбиелеу үшін беделді платформалар міндетін атқарып отыр, ғылым мен мәдениеттің, қоғамдық ой-пікірдің дамуына ықпал ете алады. Елбасы кітапханасының өзге елдердің осы тектес институттарынан қандай айырмашылығы бар? – Айырмашылығы мейлінше ай­тарлықтай. «Қазақстан Респуб­лика­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының» басты ерекшелігі – қазіргі биліктегі Мемлекет басшысының орталығы екендігінде. Президенттік кітапханалардың тарихында мұндай жайт тек АҚШ-та ғана, оның өзі бір-ақ рет орын алды. Онда билік басында отырған кезінде президент Франклин Рузвельт өзінің президенттік орталығын жасақтады.  Соның негізінде кейін оның есімімен аталған кітапхана-мұражай бой кө­терді. ХХ ғасырдың бірінші жарты­сында бұл орталық президенттік кі­тап­ханалар мен музейлер торабын түзу­дің америкалық дәстүріне жол салды. Елбасы кітапханасының міндеті кі­тап­ханалық-мұрағаттық немесе экс­позициялық-көрме қызметімен шек­телмейді. Оның өзекті бағыты – Прези­денттің жұмыс кестесін ғылыми-талдамалық жағынан сүйемелдеп отыру, сондай-ақ Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын қолдау мақсатында идеологиялық және қоғамдық іс-шаралар атқару. Жалпы алғанда, Кітапхана – президенттік орталық секілді, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күнделікті қызметінің сенімді тірегі. Яғни, Елбасы кітапханасыкі­­тапханалық-мұрағаттық іс пен ғы­­лыми ақыл-ойдың тоғысқан жері ғой? – Дәл солай. Ол әдеттегі кітап қой­ма­сынан әлдеқайда ауқымды ұғым­­ды білдіреді. Тұңғыш Прези­дент кітап­ханасының негізгі жұмы­сы өзекті-өзекті бес бағыттан тұра­ды. Олардың ішінде Мемлекет бас­шы­сының мұрағаттық құжаттарына қолжетімділік туғызу үшін элек­трондық инфрақұрылым жасақтау жайы қарастырылған. Президенттің жеке кітап қорын дамытудың жөні бөлек. Нұрсұлтан Назарбаев қызметіне кең ауқымдағы мемлекеттік мәселелер жөнінен талдау жасап отыру, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастыру, ағартушылық жұмыстары назардан тыс қалмайды. Өзімізбен бауырлас ұйымдармен, әлемдік жетекші ғылыми орталықтармен тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық қарым-қатынастар орнатуға мән береміз. Кітапхананың ресурсы жөнінде айтып өтсеңіз, мәселен, кітап қоры қанша дегендей... Қазіргі кезде Елбасы кітап­ханасында 40 мыңнан астам еңбек сақтаулы. Олардың ішінде әлемдік әдебиет пен ғылыми ізденістердің таптырмайтын жауһарлары жеткілікті. Бұл жинақтардың барлығы келешек­те Тұңғыш Президент Кітап­хана­сы орналасқан «Назарбаев орталы­ғында» зерттеу­мен шұғылданбақ ғалымдарға қолже­тімді болады. Қазір біз болашақ оқыр­мандарға жағдай жасаумен айналысудамыз. Айтпақшы, біздегі оқырмандар залынан АҚШ конгресі, Оксфорд және Кембридж университеттері элек­трондық кітапханаларына, Ресей мемлекеттік кітапханасына қол жет­кізуге мүмкіндік бар. Оқырмандарға жалпы саны 13,5 миллион басылым қолжетімді. Мемлекет басшысының Кітап­ха­на­дағы жеке мұрағаты туралы да кеңінен әңгімелей аламыз. Мұнда 500-ден астам фото, видео, дәстүрлі құжаттар және Нұрсұлтан Назарбаевтың өмі­рі мен саяси қызметіне қатысты жә­дігерлер саны жүз мыңнан кем емес. Бұлардың арасынан мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, Президенттің өз қаражатына алынған өнер туындылары және тарихи мәні зор құндылықтар табылады. Тақырыптық тұрғыдан мұқият зерделенген әрі талғаммен таңдалған осынау топтамалар – келу­шілер үшін тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушысының өмір жолымен, қызмет барысымен жете танысуға зор мүмкіндік. Кітапхананың алғашқы жұмыс жылында не істелді, қандай іс-шаралар өткізілді? – Кітапхананың ресми ашылуы Мем­­лекет басшысының қатысуы­мен 2014 жылдың шілде айында өтті. Бұл оқи­ғаның алдында ұйымдас­тырушылық-материалдық және тех­никалық мәсе­лелерді шешуге ба­ғытталған үлкен жұ­мыстар атқарылды. Жаңа құрылымды түзу үдерісінде мұн­дай шаралардан айналып өту мүмкін еместігі түсінікті. Әлемге әйгілі ағылшын сәу­лет­шісі Нор­ман Фостер жобалаған Кі­тапхананың ресми таныстырылымынан көп ұзамай біз есігімізді, ең алдымен, жасөспірімдерге аш­тық. Нақтырақ айтсақ, Кітапхана жанын­дағы «Кемел ел» жастар тәрбиесі орталығы Астананың жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Оқу озаттарына, зияткерлік және спорттық сайыстар жеңімпаздарына арналған шарада «Біздің Президент» деректі хикаясы таныстырылды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның жаңғыруы және оның Тұңғыш Президентінің тұлғалық рөлі туралы кітап. Еліміздің бүкіл аймағынан бес мың­нан астам ұстазды қамтыған «Әлемді өз­гер­тетін идеялар» тақырыбында респуб­ликалық «дөңгелек үстелдер» ұйым­дастырылды. Осы атау аясында сонымен қатар республикалық конкурс өткізілді. Оның мақсаты – Тұңғыш Президенттің ойлары мен бастамаларын оқыту мен қолданудың инновациялық түрлерін анықтау. Тұңғыш Президент күні қар­саңында өткізілген «Тұңғыш-Первый» кино апталығы бес мыңнан астам көрерменді қамтыды. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөздерінің қазақ тіліндегі таңдамалы 7 томдығының тұсаукесер рәсімі – айтулы оқиға. Жинақта Мемлекет басшысының 1989-2013 жылдар аралығында сөйлеген аса маңызды тұжырымдамалық және бағ­дарламалық сипаттағы сөздері топ­тастырылған. Кітапхана қызметімен қазірдің өзінде еліміз аймақтарынан келген қонақтар мен шетелдік делегациялар танысып көрді. Олардың арасында Қырғызстан президенті Алмазбек Атам­баев, Өз­бекстан президенті Ис­лам Каримов, Фран­ция президенті Фран­суа Олланд, Монако князі Альбер ІІ бар. – Ілгерідегі бір сөзіңізде халық­аралық әріптестеріңізбен қатынас орнатқандарыңызды айтып едіңіз. Бұл бағытта қандай нақты жобалар атқарылып жатыр? Иә, халықаралық ынтымақ­тас­тыққа мүдделіміз. Былтыр, мысалы, Елбасы кітапханасы мен Эберт атындағы қоры арасында ынты­мақ­тастық туралы уағдаластыққа қол қойылды. Фр.Эберт – немістің демо­кратиялық жолмен сайланған тұңғыш рейхс-президенті. Аталған қор қызметінің ғылыми-зерттеушілік жұмыстарға, білім беру жобаларына қатысты негізгі басымдықтары Тұңғыш Президент кітапханасымен үндес. Алдағы уақытта бұл ұйымдардың өзара қарым-қатынасы екі ел сарапшылар қоғамдастығы сұхбатына, Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстарға жаңа мүмкіндіктер ашады деп ойлаймыз. Сондай-ақ, былтырғы желтоқсан айында Бейжің қаласында Қытай заманауи халықаралық қатынастар академиясымен ынтымақтастық жөнінде уағдаластыққа қол қойылды. Бұл академия – ҚХР-дың жетекші ақыл-ой ордасы. Қытайдың жоғарғы басшылық құрамын талдамалы ақпаратпен қамтамасыз ететін орталық – осы жер. Академия жаһандық және аймақтық мәселелерді, саясат, экономика және қауіпсіздік салаларындағы стратегияны зерделеумен, елдер мен аймақтарды зерттеумен айналысады. Мұның бәрі біздің Кітапхананың талдамалы жұмыстарымен үйлеседі. Өткен жылы кітапхана АҚШ, ҚХР, Жапония, Үндістан, Еуроодақ елдері, Орта Азия және Кавказдың 32 белгілі ғы­лыми орталықтарымен сындарлы қарым-қатынас орнатты. Ендеше жұ­мы­сымыздың алғашқы жылы кең ауқымды әрі жемісті болды деп айта аламыз. Бүгінде Мемлекет басшысының қыз­метін түрлі қырлары бойынша зерттеумен отандық бірқатар ұйым­дар айналысуда. Сондықтан жұмыс­тарыңызда өзара қайталау көрініс тау­ып қалмай ма? Қызметтерімізде ешқандай да қай­талау болмайды, сондай-ақ біздің арамызда ешқандай бәсекелестік те жоқ. Біз – бір-бірімізді өзара толықтырушы ғана құрылымдармыз. Мемлекет басшысының қызметін зерттеумен айналысатын отандық ұйымдардың әрқайсысы ұлттық дамуымыздың осынау маңызды бағытына ерекше әрі елеулі үлес қосып жүр. Қазіргі таңда жұмысымыздың барысында алдыңғы кезекке жаңа бағыттар шығып отыр. Оларды былайша санамалап көрсетуге болады: дамудың президенттік моделін және мемлекеттік басқаруды ізерлей зерделеу, Президенттің көп қырлы бастамаларын, жобаларын, ойларын еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуы тұрғысынан ұғыну. Бүкіл әлемде Қазақстанның барлық жетістіктері мен табыстары Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғалығымен байланысты қабылданады. Тұңғыш Президент кітапханасының міндеті де – қазақстандық жолдың жыл­намашысына әрі Қазақстандағы прези­денттік институтты зерттеудің зияткерлік орталығына айналу. Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен, Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».