Сирияда «Ислам мемлекеті» терроршыл топтарының автоколоннасына жасалған авиасоққыдан 40-тан астам содырдың көзі жойылған. Бұл ақпаратты адам құқығы жөніндегі сириялық обсерваториясына сілтеме жасай отырып «ВВС» агенттігі таратты.
Авиациялық шабуыл Хама провинциясының аумағында жасалған. Нәтижесінде 16 автокөлік талқандалып, ондағы 40-тан астам содыр өлім құшқан. Сириялық Рами Абдель Рахманның сөзіне қарағанда, автоколоннаға ресейліктердің немесе сириялық армияның қайсысы шабуыл жасағаны қазірге белгісіз. «Әскери ұшақтар Вашингтон басшылық ететін коалицияның ұшақтарына жатпайды», – деп атап өткен Рахман. Соңғы апталарда Сирияның қарулы күштері терроршыл содырларға қарсы әскери қимылдарды белсенді жүргізе бастағанын айта кетейік.
Халық партиясы үздік нәтиже көрсетті
Швейцариядағы парламенттік сайлау нәтижесі сайлаушылардың 28 пайыз дауысын жинаған ұлттық-консервативтік Швейцария халық партиясының алға шыққанын көрсетті.
Осыған байланысты Швейцария халық партиясы ұлттық кеңестен 200 депутаттық мандаттың 65-ін алатын болады. Бұл 2007 жылы өткен парламенттік сайлаудағыдан үш орынды көп алғанымен ерекшеленіп отыр. Саясаттанушылардың бағалауынша, партияның сайлауда бірінші орынға шығуы олардың миграция ағынына қатаң шектеу қою мәселесін көтеруі себеп болса керек. Екінші орынды Еуропалық одақпен тығыз ынтымақтастықты жақтайтын социал-демократиялық партиясы иемденіпті. Бұл партияға сайлаушылардың 18 пайызы дауыс берген. Ал үшінші орынға 16 пайыздан астам сайлаушылар дауысын жинаған «СДП. Либералы» партиясы қол жеткізген.
Сириядағы жағдайды талқылауды ұсынды
Жақын күндері АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия және Иордания билігімен кездесіп, Сириядағы жағдайды талқылауды жоспарлап отыр.
«Сирия жанжалын әскери қимылдар арқылы шешу адамзат апатына соқтырады. Ол елдің тұтастығына ғана емес, өңірдегі өзге де мемлекеттерге қауіп төндіреді», – деп атап өтіпті Д.Керри. Оның айтуынша, «Сирия президенті Башар Асадқа қолдау көрсету, бұдан да көп қантөгіске әкеледі, босқындар санын арттырады, экстремизмді өрістетеді». Сонымен бірге, ол бірер күннен соң Таяу Шығысқа сапармен баратынын айтқан. Өз кезегінде Кремль АҚШ мемлекеттік хатшысының ұсыныстары туралы білетінін, қазіргі кезде сол ұсыныстар пысықталып жатқанын атаған.
Қысқа қайырып айтқанда:
- НАТО Испания, Италия және Португалияда 2002 жылдан бергі ең ауқымды үш апталық әскери оқу-жаттығуларын бастады. Оған 36 мыңнан астам әскер, 130 ұшақ және 60 кеме мен суасты қайықтары қатысуда.
- Ыстамбұл әуежайында Британия азаматшасы асылып қалған. Бұған оның Ирактың Эрбиля қаласына ұшатын рейске кешігіп қалуы себеп болған сияқты.
- Колумбия астанасы Боготада шағындау ұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан бес адам қаза тапты. Ұшақ әуеге көтерілген соң үш минут өткенде құлаған.
- Мексикалық миллиардер Карлос Слим аптасына үш күн жұмыс істеу жөнінде ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, бұл жұмыссыздық мәселесін шешуге көмектеседі.
Келісім ресми түрде күшіне енді
Ресми Теһран мен «алтылық» Венада қол жеткізген Иранның ядролық бағдарламасы туралы келісім 18 қазанда күшіне енді. Бұл тараптар үш ай бұрын мойындарына алған барлық міндеттерді орындауға кірісуі тиіс дегенді білдіреді.
Осыған байланысты енді Иран мыңдаған центрифуганы консервациялап, байытылған уранның 95 пайызын жойып, реакторды жаңғыртуы қажет. Ал АҚШ пен Еуропа Иранға салынған санкциялардан бас тартуға әзірленуі тиіс. Иран тарапы келісімдегі өз міндеттерін орындап болған соң, АҚШ пен Еуропа құжатта көрсетілген мәселелерді жүзеге асыратын болады. «Бұл Иранның ядролық қаруға қолдары жетпейтінін көрсетеді. Сондай-ақ, Иранның халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты қалпына келтіруге кепілдік береді», – деп атап өтті Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Филипп Хаммонд.
Терактіге қатысы бар деген күдікпен...
Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Ыстамбұл қаласында антитеррорлық рейд кезінде «Ислам мемлекеті» топтарымен байланысы бар деген күдік бойынша 50 шетелдік азамат ұсталған.
Күдіктілердің Сирия мен Иран елдері аумағына өтіп, «Ислам мемлекеті» содырларының қатарына қосылу ниеттері болған сияқты. Кең ауқымды жүзеге асырылған рейдтік іс-шара 10 қазан күні Анкарада орын алған қанды террорлық актілерге байланысты ұйымдастырылған. Анкарадағы қайғылы оқиға Түркия тарихындағы ең ірі террорлық әрекеттің бірі болып табылады. Оқиға салдарынан 102 адам қаза тауып, 200-ден астам адам жараланған еді. Рейд кезінде Ыстамбұл қаласының Пендик ауданындағы 17 үйге тексеру жүргізілген, күдіктілердің барлығы полиция бөлімшесіне жеткізіліпті. Олардың қайсы елдің азаматтары екені жақын күнде анықталады.
Үйсіздер үшін банкет ұйымдастырды
АҚШ-тың Сакраменто қаласында күйеу жігіт пен қалыңдық өздерінің өтуге тиіс үйлену тойларын ауыстырды. Қалыңдықтың ата-анасы алдын ала төленген той дастарқанының орнына қаладағы бір отельде үйсіз жүргендер үшін банкет ұйымдастырған.
Қалыңдықтың анасы Керри Дуэйннің айтуынша, олар 120 адам шақырылған болмайтын тойдың орнына «өмірінде ең болмаса бір рет қаладағы жақсы отельдердің бірінен түскі ас ішсін» деген ниетпен жергілікті үйсіздерді шақыруды жөн көрген. Салтанатты рәсімге дайындалған гүлдерді қарттар үйіне табыс етіпті. Банкетке араларында жалғыз бастылар, балалы отбасылары бар 90 адам қатысқан екен. Ал банкетке 35 мың доллар жұмсалған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.