Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы. Алматы қаласы. 1992 жыл.
– Тұңғыш құрылтайда Елбасының иығына шапан жапқан көрінесіз. Мұндай мәртебелі құрметке қалай ие болдыңыз? – Мен сол жылдары Баян-Өлгей аймағының (біздіңше облыс) әкімі марқұм Мизамхан Күнтуғанұлы ағамыздың баспасөз хатшысы және шетелдермен байланыс мәселесінің жауапты қызметшісі болатынмын. 1992 жылы 29 қыркүйекте Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы басталды. Құрылтайға әлемнің 33 елінен 800-ден астам делегат қатысты. Тұңғыш құрылтайға Бай-Өлкеден 25 делегат келдік. Түркістан, Жезқазған, және Алматы облысының Дегерес жайлауы (Аңырақай шайқасы болған маң) сияқты еліміздің ежелгі саяси-әлеуметтік, мәдени орталықтарында болып, аруақтарға тағзым етіп, атажұртымызбен қауыштық. Құрылтайға қатысушылар Үндеу қабылдады. Қазақ халқының тағдыры, ата-баба мұрасы, тілі, бүкіл дүниежүзіндегі қазақтарды біртұтас ұлттық мемлекетке біріктірудің құқықтық негіздері, басқа да мәселелер жөнінде баяндамалар тыңдалды. Басты мақсат Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру еді. Сөйтіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа Төрағасы болып Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Кешкілік үлкен сарайда құрылтайдың салтанатты мәжілісі өтті. Мәжілісте Нұрсұлтан Назарбаев құшағымыз бауырларға айқара ашық деп, халқымыздың тарихы мен тағдыры туралы тебірене толғанған баяндама жасады. – Құрылтайдан кейін іле Қазақстанға қоныс аудардыңыз ба? – Жоқ, өйткені, сол жылдары мен Моңғолия Үкіметінің Мемлекеттік даму және басқару академиясының мемлекеттік атқару қызметінің ұйымдастырушы-әдіскері мамандығын және «Жергілікті өзін өзі басқару қызметін жетілдіру бағыттары» тақырыбы бойынша магистр атағын алған едім. Басталған істі, қолға алған мақсаттарымды аяғына дейін жеткізу қажет болды. Моңғолия Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының қазақ мектептері секторында ғылыми қызметкер, аймақтық қазақ радиосында қызмет еттім. Алтанцөгц сұмынының өлке комитетінің хатшысы, Баян-Өлгей аймақтық комитетінің хатшысы қызметтерін атқардым. Зайыбым Махуза Займолдақызы Алтанцөгц сұмындық ауруханасы және аймақтық орталық ауруханада медбикелік жұмыс жасады. 1996 жылы «Алтын орда дәуіріндегі кейбір әдеби мұралар текстологиясы хақында» (доктор Х.Нямбуудың жетекшілігімен және Р.Батаахүүмен бірлесіп) тақырыбында моңғол тілінде жазған ғылыми диссертациямыз сол дәуірдегі көне моңғол әдеби мұраларының түпнұсқасын көне ұйғыр-моңғол жазбалары бойынша тарихи тұрғыдан қарастырып, ғылыми түсініктеме жазып, толығымен жарияладық. Қобда қаласындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми кеңесінде талқыланып филология ғылымдарының кандидаты атандым. – Бәрекелді! Иә, айтпақшы, Тұңғыш құрылтайдан кейін де әлем қазақтары үш рет жиналды ғой... – Бірақ, 1992 жылы өткен тұңғыш құрылтай әлемдегі бүкіл қазақтың басын қосты. Бұл басқосу Қазақ елінің шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуінің айқын көрінісі болды. Шетелдегі қазақтардың атажұртқа деген ынта-ықыласын оятты. Бәріміз де ел, Елбасы деп елге оралдық. Өткен жылы Зул-хиджа айында қасиетті Мекке, Мединеге барып, қажылық парызын өтеген кезде де еліміз, Елбасымыз аман болсын деп тілек тіледім. Қазақтың әрбір көне бұйымынан, әшекей затынан, сол заттағы ою-өрнегінен өткен тарих, ата-баба аманатын көресіз. Осы тұңғыш құрылтайда Нұрсұлтан Әбішұлына деп пұшпақ жағалы қасқыр ішік, қызыл торғынмен тысталған Керей үлгісіндегі пұшпақ тымақ, сақинасына алтын жалатылған қыны бар мүйіз сапты пышақ ілген, әсем құймалар орналастырған күміс белбеуді Баян-Өлгейдің жүзіктің көзінен өтетін шебер зергеріне жасатып, ісмерлеріне арнайы тіктірдік. Құрылтайға келгенде осы сый-сыяпатты табыстау маған жүктелді. Жиын өтіп жатқан сарайда ине шаншар орын жоқ. Бір кезде Баян-Өлгей әкімі Мизамхан ағамыз құттықтау сөз сөйледі. Ал мен қолыма осы сыйлықтарды алып шығып, ортада сахна төрінде тұрған Елбасына жақындай бердім. Тұп-тура Нұрсұлтан ағаның алдына барып «Ассалаумағалейкум!», – деп сәлем бердім. Ол кісі «Уаликумассалам», – деп күлімсіреп қолын ұсынды. Қобалжу, толқу дегенді сұрамаңыз. Жүрек деген дүрс-дүрс. Көзге жас келеді. Терлеп кеттім. Көкте ұшып жүрген тәріздімін. Содан ішікті иығына жабуға ыңғайланғанымда ол кісі оң қолын көтеріп ішіктің жеңін кие бастады. Сол жерде қасымызға келген екі жігіт бар, бәріміз бірлесіп Елбасына ішікті, тымақты кигізіп, күміс белбеуді де беліне байладым. Өйткені, ішіктің салмағы ауыр. Әлгі екі жігіт мені қолтықтап бұрыла бергені сол еді, Нұрекең қалжыңдаған дауыспен: «Ой, бауырым, қасқыр ішігің, тіпті, ыстықтатып барады, өзің қайта шешіп беріп кет», – деді күлімсіреп. – Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында сыйланған қазақтың жөн-жоралғы жолының да өзіндік мәні болды дейсіз ғой? – Әрине! Күміс белдік байлап, белді бекем буыңыз, Нұр-аға, халқыңыздың тілегі осы деп ырым еттік. Елдің – елден, халықтың – халықтан айырмашылығын танытатын оның ғасырлардан бергі келе жатқан осындай ұлттық құндылықтары ғой. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың арманы орындалды. Кең-байтақ даламыз – бізге қалдырған асыл мұра. Олардың орындалмаған үміттері, армандары бізге аманат. Осы аманатты орындауды қолға алған Нұрсұлтан ағам шеттегі қазақты бауырына басып, құшақ жая қарсы алып, дәл алдымызда тұрады деп кім ойлаған?! Сөйтіп, сол жерде сахнадан төмен түсе бергенімде тұңғыш құрылтайға бізді бастап келген Қалкен Әбдіғажықызы апамыз (ол кісі аймақтық мәдениет басқармасының бастығы болатын): – Енді мына камзолды Сара апаңа кигізесің, –деп әйелдердің керей үлгісінде тігілген оюы бар әдемі жасыл түсті камзолы мен ақ орамалын қолыма ұстатты. Толқу мен қобалжудан бас айналып, жүрек дүрсілдеп тұрған сәт. Ет қызуымен көрермендердің ең алдыңғы қатарында отырған Сара апамыздың жанына жүгіре жетіп барыппын. Бір леп мені өзінен өзі алып жүргендей. Ата-бабалардың қуанышты көз жасы төгіліп, рухы демеп, дедектетіп тоқтатпай тұрғандай. Ол кісі де күлімсіреп жылдам орнынан тұрды. Мен камзолды иығына жауып, орамалды мойнына салдым. Ол кісі рахметін айтып, маңдайымнан иіскеді. Қазіргі Республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан (ол кезде Алматыда аспирант еді) алдымнан қарсы шығып: – Амантай, сен тарихта қалатын болдың! – деп құшақтай алды. Сол кезде Елбасына ежелгі ру-тайпалар дәстүріне сай баянөлгейліктер сыйлаған қасқыр ішік, күміс белбеу Қазақ елінің басшысына деген көктен жеткен құдіретті құрметтің белгісіндей болды. Осы бір жүрек тебіренткен бір сәттік толғаныс ғұмыр бойы есімнен кеткен емес. Тұңғыш құрылтай кезінде түсірілген бұл суреттер басылымдарда, архивтерде сақтаулы ғой. – Шынымен де тарихи сәт екені сөзсіз. Ал, сіз сияқты ғалым адамды биік мінберлердің өзі-ақ шақырып тұр ғой. Үлкен ұлыңыз Жарқынбек журналист, Тұрлыбек газ-мұнай инженері, Айдан Астана қаласында медицина университетінде оқиды екен. Немерелеріңіз атамекенде туды. Енді қандай арманыңыз бар? – Көк тудың желбірегенінен артық бақыт жоқ. Біздер үшін Ел және Елбасы – егіз ұғым. «Менің халқым – ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар халық. Мың жылдық тарихының ең бірегей бетбұрысында халқымның зор сенімін арқалағаным – мен үшін ең биік мәртебе...», – деп айтып өтті Елбасы осы жолғы Ұлықтау рәсімінде.Ата-бабасының ізі қалған осы ұлан-ғайыр даланың төсінде ұл-қыздарымыз, ұрпақтарымыз өссін, өнсін деп отбасымызбен 2000 жылы атамекенге келдік. Павлодар облысына тұрақтадық. Көш әлі де жалғаса береді, жан-жақтағы қазақ отбасылары келіп, орта толсын. Тұңғыш құрылтайда Елбасы сеніммен айтқан жақсы өмірдің жақсылығын көрудеміз, ұзағынан болсын. Бір өкініштісі, елге жетуге асықтық та, тарихи ғылыми-зерттеу жұмыстарым аяқталмай қалды. Түбінде бір аяқтап, өзіңіз айтқандай, құпиясы мол өткен тарихтың бір шетіне де жетермін қаузап. Ал қазір облыс орталығындағы Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) облыс бойынша баспасөз өкілі қызметін атқарып жүрмін. Зайыбым Махуза осы жерде дәрігерлік жұмысын жалғастыруда. Өздерің сияқты мен де «Ислам және Өркениет» газеті, «Иман» журналы, «Muftiyat.kz» порталына Ислам діні, имандылық, танымдық тақырыбында мақалалар жазамын. Мешіттің «Pvlmeshit.kz» сайты мен «Mazhab.kz» діни-танымдық порталын аштық. Қазір жастар мен жасөспірімдер үшін имандылық, қайырымдылық, ізгілік, ұлттық тәрбие, ана тілін қастерлеу, Отанды сүю тақырыптарына арналған «Тұнық тамшылар» деген атпен жинақ жазып бітірдім. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.Алматы облысында үш ауысымды мектептердің мәселесі қалай шешіліп жатыр
Аймақтар • Бүгін, 15:55
Президент энергетиктерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды
Президент • Бүгін, 15:20
Қосшыда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі төмендетілді
Оқиға • Бүгін, 15:11
Ауыл – біздің мәдениетіміз бен дәстүріміздің негізі - Ерлан Қошанов
Аймақтар • Бүгін, 14:34
Президент Қаратал ауданының қорғаныс істері бөліміне барды
Президент • Бүгін, 14:09
Қызылордада 504 отбасы баспаналы болды
Аймақтар • Бүгін, 13:24