Соңғы кездері еңбексіз табыс табуға құлықтылар қатары көбейіп кетті. Оңай олжаға кенелуге бейімділер түрлі айла – шарғыға барып жүргені де жасырын емес. Соның ішінде қыз-келіншектердің бой көрсетуі белең алып барады. Жақында облыста қаржы пирамидасын құрған алаяқ әйелдерге қатысты сот отырысы басталды. Шағын несие ұйымының атын жамылған төртеудің әзірге 94 адамды тақырға отырғызып кеткені анықталып отыр. Жәбірленушілердің айтуларына қарағанда, алаяқ әйелдерге алданғандардың саны 300-ден асуы да мүмкін.
«Ай-нұр» шағын несие ұйымының атын бүркенген әйелдер тұрғындарға 3 миллион теңгеден несие алып беруге уәде еткен. Қаржыны рәсімдеу үшін көл- көсір құжат дайындатқан. Бұл сенімділікке кірудің жолы, алдаудың басы болса керек. Консалтингтің қызметі үшін зардап шегушілердің әрқайсысынан 55 мың теңгеден қаржы алып, қалталарына басқан. Бұған қоса алаяқ әйелдер ақтөбеліктерді жұмысқа орналастырмақ та болған көрінеді. Аңқау ақтөбеліктердің сеніміне кірген алаяқ «арулар» арзан жер мен пәтер алып беруге де уәде берген. Қазір ірі көлемде алаяқтық жасады деп айып тағылған төрт әйелдің екеуі қамауға алынса, екеуі кепіл ақшаға босатылған. Сот процесі жалғасуда.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.