07 Шілде, 2015

Көрегендік көркейткен оқу орны

384 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
фото01 Аталар армандаған Тәуелсіздігіміздің қолға тиюі қандай ұзақ болса, оның іргетасын салу, тұғырын мықтау да оңай болған жоқ. Қазақстанның 90-шы жылдардағы бейнесін теңізге шыққан желкенге теңесе болар еді. Бағытымызды айқындау керек болды. Көшті бас­тайтын дана басшы ғана елді адастырмай алға жылжытады. Қазақ поэзиясындағы найзағай Иса Байзақов мұны: «Ер туса елден тумақ, елді тіле, Елсізден ер тумақ па, білмеймісің?.. Ер туып жоқ елді бар қыла алмайды, Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды», деп айтып кеткен. Еркіндігін алып, рухани қуаттанған елдің тізгінін халқымыздың барлық асыл мұрасына сусындаған, аталар көрегендігі мен даналығы бойынан табылған, Теміртаудың болатындай шыныққан Нұрсұлтан Назарбаев қолына алды. Жаңа соқпаққа түскен жас Қазақстан мемлекетінде өзінің тағдырын шешетін қадау-қадау мәселелер жеткілікті еді. Жоспарлы экономикадан нарыққа көшу, дағдарған шаруашылықты түзеу, жаңа елдің заңнамасын қалыптастыру, ретке келтіру, жүйелеу елден де, Елбасынан да аса жігерлілікті талап етті. Мемлекет басшысының сұңғыла саясатының арқасында бірлікке сына түспей, аз уақыттың ішінде түйінді проблемалардың қайсысы да жібектей тарқатылып, біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұл қазақтың Сарыарқасында еліміздің ақ ордасы – тотықұстай сыланып Астана тұр. Елбасының көреген шешімінің бірі еді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды адастырмай, діттеген мақсатқа жеткізу үшін «алдымен – экономика, сосын саясат» бағытын ұстанды. Мұның дұрыстығын қазір уақыт көрсетіп отыр. Бүгінде әлемдегі мойыны озық отыз елдің қатарынан көріну үшін Қазақстанды биік мақсаттарға жетелеп отырған игі істер Елбасының сарабдал саясатының және шапшаң, дұрыс шешімдер қабылдауының арқасында жүзеге асып келеді. Болашақты алыстан болжайтын көшбасшы ғана дұрыс шешімдер қабылдайды. Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сондай жұмыс сәттерінің біріне куә болған едім. Елбасы сонау 90-шы жылдардың басында-ақ Отан экономикасын дамыту үшін алдымен білім мен ғылым саласын жолға қойып, жоғары білімді, білікті мамандар дайындау керек екенін білді. 2000 жылы шілдеде еліміз Қазақстандағы алғашқы домна пешінің іске қосылуын – алғашқы болат құймасының 40 жылдығын атап өтті. Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні саналатын 1960 жылдың 3 шілдесі Нұрсұлтан Назарбаевтың да өмір арнасын қияға бұрған, жалынды жастығының аяулы сәттері еді. Өйткені, Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі мамандармен бірге жас металлург Нұрсұлтан Назарбаев та қатысқан болатын. Сондықтан, бұл мереке Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Президентінің өмір жолымен тығыз байланысты және Нұрекеңе де қуаныш сыйлағаны анық. Теміртауда өткен осы мерекеге өзі келіп қатысты. Елбасының бұл қалада жастық шағы өтті, өмірлік тәжірибе жинады, тұлға болып қалыптасты. Осында отбасын құрып, перзент сүйді. Сондықтан, Теміртаудың Елбасы жүрегіне ыстық екені аян. Мерекеге келген Нұрсұлтан Әбішұлы қаланы, оның өндірісін, әлеуметтік орындарын, көрікті жерлерін аралады. Елбасы да ет пен сүйектен жаралған адам, жастық шақты еске түсірген қаладағы мерекеде оның жүзінен алыста қалған жалынды жылдарға, достарға деген сағыныш пен риясыз қуанышты аңғару қиын емес еді. Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуға серпін беретін ірі өндірістің болашағын ойлаған тастүйін кейіпте болды. Сол сапарында Елбасы Теміртаудағы Қарағанды металлургия институтына да келді. Ол кезде мен осы оқу орнын басқаратын едім. Нұрсұлтан Әбішұлы – осы білім ордасының түлегі. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқығаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан ұйымдастырылған Жоғары техникалық оқу орнына ауысып, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты. Мұндай оқу орны Кеңес Одағында Мәскеу мен Ленинград қалаларында, Украинада және Қазақстанда, барлығы 5 жерде ғана болатын. Кейінгі жылдары жоғары техникалық оқу орны Қарағанды металлургиялық инс­титуты болып қайта құрылады. Елбасы осы институттың оқу корпустарын аралады, профессорлық-оқытушылар құрамымен, студенттермен кездесті. Елбасы кездесуде алдыңғы қатарда тұрған бір-екі студенттің қандай мамандықта оқитынын сұрады. Олар «Автоматтандыру және басқару» мамандығында оқып жүргендігін айтты. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мен секілді домна пешінде істеңдер, сонда ғана нағыз металлург боласыңдар», деп әзілдеді. Қарағанды металлургия комбинаты өзі үшін нағыз еңбек, өмір мектебі болғанын айтты. Ол елімізге білікті өндіріс мамандары қажет, сол үшін студенттер жақсы оқуы керек деді. Оқытушылардан, профессорлардан оқу орнының жағдайын, қандай өзекті мәселелері барлығын сұрастырды. Міне, институтқа осы келгенінде Елбасы индустрия саласына маман дайындайтын білім ордасына жаңа, заманауи лабораториялық оқу ғимаратын салу керек деп түйді. Түстен кейін Елбасы облыс активімен Теміртаудағы Металлургтер сарайында өткен кездесуінде бұл жөнінде жұртшылыққа айтып, «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» компаниялары басшыларына тапсырма берді. Бұл еліміз тәуелсіздігінің 10 жылдығына тарту болатынын да айтты. Сол 2000 жылы желтоқсан айының соңына қарай Елбасы балалардың Қарағанды қаласында өтетін Президент шыршасына қатысуға келді. Осы сапарында Қарағанды «Қазақмыс» акционерлік қоғамының президенті Владимир Кимді, «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының бас директоры Нарендра Чаудхари және институт ректоры ретінде мені шақырып, сөйлесті. Біз ғимараттың сметалық-жобалау құжаттарын дайындадық. Сонда Елбасы ірі екі компанияның басшыларынан «Институтқа жаңа лабораториялық оқу ғимаратын салу үшін қанша қаржы бөлесіздер?» деп сұрады. Ол екеуі ойланып отырып, 500 мың доллардан беретіндіктерін айтты. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев үлкен ғимарат салуға бұл қаржының аздық ететіндігін ескертті де, бірден әрқайсысына 1,5 миллион доллардан беру керектігін тапсырды. Екі компанияның жетекшісі де Президенттің керек қаржы мөлшерін ақиқат, нақты айтқан шешіміне уәж айта алмады, келісімін берді. Осы әңгіме аяғына қарай мен Елбасына өз ұсынысымды айтуға рұқсат сұрадым. «Нұрсұлтан Әбішұлы, институтқа жаңа лабораториялық оқу ғимаратын салуға тапсырма бергеніңізге үлкен рахмет! Сіздің арқаңызда институт студенттері жаңа ғимаратта білім алып, зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға мүмкіндік туады. Енді ғимарат дайын болған соң, зерттеу жұмыстары үшін оған заманауи құрал-жабдықтар керек. Павлодар облысының Ақсу қаласында ферроқорытпа зауыты бар. Сонда біздің институттың жүзден астам түлектері қызмет істейді. Зауытты да осы игілікті іске тартсаңыз қалай болады?» – дедім. Нұрсұлтан Әбішұлы екі сөзге келген жоқ, бірден шалт шешім қабылдап, Президент Әкімшілігінің сол кездегі Басшысы, марқұм Сарыбай Қалмырзаевты шақырып алды да тапсырма берді. «Ғимаратқа жабдық алу үшін 1,5 миллион доллар қаржы бөлуге Ақсу ферроқорытпа зауытына да тапсырма бер, оны Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына дейін үлгертуі керек!» – деді. Мен сонда Нұрсұлтан Әбішұлының болашақ құрылыстың көлемін, оған қанша қаржы керектігін нақты болжап, дөп басып айтқан ерекше қабілетіне, қысқа уақытта нақты әрі дұрыс шешім қабылдайтын көрегендігіне таңғалғанымды жасыра алмаймын. Расында, бас-аяғы 9 айға жетпейтін уақытта Елбасы айтқан 3 миллион долларға 500 орындық үлкен акт залы, толып жатқан кабинеттері бар 14 мың шаршы метрлік лабораториялық оқу ғимараты салынып, 2001 жылдың 12 желтоқсанында пайдалануға берілді. Жабдықтар Жапониядан, Германиядан, Ресей мен Швейцариядан алдырылды. Ғимараттың ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп, лентасын қиды. Осы сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі Білім және ғылым министрі Нұралы Бектұрғановтан, бізден институтты университет дәрежесіне көтеру үшін тағы не кемшін екенін, қандай жұмыстар керектігін сұрады. Білім ордасын одан әрі дамытуға бағыттады. Жаңа ғимараттың ашылуы, жабдықталуы, университет болуға талпыну білім ордасының ұжымын керемет қанаттандырды, аса ыждағаттылықпен, ынтамен жұмыс істедік. Институттың материалдық базасы бұрынғыдан да нығайтылды, оқытушылар, аспиранттар ізденіп, ғылыми жұмыстар қорғады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Теміртауға 2003 жылы тағы келіп, өңірдегі ірі өндіріс орындары басшыларымен кездесуін институт қабырғасында өткізді. Сол жолы да менен университет мәртебесін алуға дайындық жұмыстарымызды тыңдады, материалдық базаны нығайту ісінің жағдайын, тіпті лабораториялық оқу ғимаратына шетелден алдырылатын жабдықтардың түгел келген-келмегеніне дейін сұрап білді. Жұмысбасты кісінің институт туралы мәліметтердің барлығын есте сақтағанына қалай таңғалмайсың?! Елбасы тапсырмаларының барлығы жүзеге асып, тындырылған істердің арқасында Қарағанды металлургиялық институты 2006 жылы Үкімет қаулысымен Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетіне айналды. Нұрсұлтан Назарбаев назарында ұстаған лабораторияға арналған оқу ғимараты, университеттің материалдық базасының нығаюы студенттер мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруда, білікті мамандар дайындауда табыс­ты нәтижесін беріп келеді. Бір ғана мысал. 2007 жылы мұнай ағызатын үлкен диаметрлі құбырлар жасаудың жаңа технологиясы өндіріске енгізілді. Оның экономикалық тиімділігі 80 миллион теңгені құрады. Ғылымның осы жаңалығына «АрселорМиттал» компаниясының мамандарымен қатар, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті ғалымдарының да үлесі мол болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, тікелей тапсырмасымен бой көтерген жаңа ғимарат пен оның заманауи жабдықталуы институттың университет деңгейіне көте­рілуіне мұрындық болып ғана қойған жоқ, ғылы­ми ізденістердің, жаңалықтардың орта­лығына айналды. Бүгінде Қарағанды мемле­кеттік индустриялық университетінің өзі бір қалашыққа айналған. Кең ауқымды алып жатқан білім ордасы айналасындағы жасыл шыршалар, гүлзар бақ жастық шақтың мекеніндей. Университетте жүздеген студент сапалы білім алады, олар болашақтың білікті маманы болып қалыптасады. Әлемдегі дамыған отыз елге теңесуге талпынған Қазақстанда өндіріс қарыштап дамып келеді. Оған үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламаның өткен бес жылында атқарылған істер куә. Өндіріске Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінен білікті мамандар түлеп ұшып жатыр. Ал көреген саясаткер оны жаңа ғасыр басында болжап, іске асырған еді. Әбдірахман НАЙЗАБЕКОВ, Рудный индустриялық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор. Қостанай облысы, Рудный қаласы.