30 Шілде, 2010

Голубев гамбургте топ жарды

453 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстандық теннисші Андрей Голубев Гамбургте өткен Кәсіпқой теннисшілер ассоциа­циясының (АТР) “500” кате­го­риясындағы ірі турнирінде бас бәйгені жеңіп алды. Ол финалда австриялық Юрген Мельцерді 6:3, 7:5 есебімен тізе бүктірді. Андрейдің бұл табысы – АТР турнирлерінде қазақстандықтар қол жеткізген ең бірінші жеңіс. Осы үлкен жетістігі арқасында ол Кә­сіпқой теннисшілер ассоциациясы рейтингісінде 45 қатар жоғары жылжып, 37-ші орыннан бір-ақ шықты. Бірақ теннисшінің турнир­дегі жолы онша жеңіл бола қойған жоқ. Ол алдымен Германия үшін өнер көрсетіп жүрген алматылық Ми­хаил Зверевпен (АТР рейтин­гі­сінде 157-ші) бетпе-бет келіп, оны 7:5, 6:1 есебімен ұтты. Келесі ай­налымда қатты шиеленіскен бә­секеде испан Марсель Гранольерсті (рейтингіде 86-шы) жарыс жо­лынан шығарып тастады. Матч нәтижесі – 6:4, 7:5. Ширек финал­ға шығу жолындағы жекпе-жекте Андрей осы турнирдің өткен жыл­ғы жеңімпазы және әлемнің ал­тыншы ракеткасы ресейлік Нико­лай Давыденкомен ұшырасты. Бұл жан алысып, жан бері­се­тіндей шайқаста тағы да біздің жігіттің мерейі үстем шықты. Ол екі сетте де атағынан ат үркетін айбарлы қарсыласынан 6:4 деген есеппен басым түсті. Бұдан соңғы жартылай финалға жолдама әперетін матч та аса тартыспен өтті. Онда өзін барынша жи­нақы ұстауға ұмтылған Ан­дрей өзбекстандық Де­нис Истоминді (рейтингіде 53-ші) 6:4 және 6:1 деген есептермен шаң қаптырып, алға қойған мақсатына қарай жылжи түсті. Ал жартылай финалда оған корт иесі Флориан Майер (рейтингіде 40-шы) қарсы тұрды. Алма-кезек табыспен аума­лы-төкпелі өткен бұл кездесудің ақырында да біздің жігіттің айбыны асып сала берді. Ол ойынды 7:6, 6:4 деген есептермен өз пайдасына аяқтай білді. Бұл атақ – Андрей Голубевтің спорттық өмір жолындағы бірінші үлкен жеңіс. Бұған дейін ол 2008 жылы Санкт-Петербургте өткен АТР турнирінің финалына шығып, британдық Энди Маррейге (рей­тингіде 4-ші) жол беріп алған еді. Ал Гамбургтегі турнирдің сыйақы қоры жарты миллион евродан жо­ғарылау болды. Осындағы табыс Го­лубевке бұдан басқа қосымша 500 ұпай мен соған сәйкес АТР рей­­тингісінде 37-ші позицияны әпер­ді. Бүкіл турнир бойына ол қар­сы­лас­тарына бірде-бір сетті берген жоқ. Оның мұндағы жеңісі жеке өзіне ғана емес, Қазақстан құрамасы үшін де аса маңызды болып табылады. Осының алдында ғана жасы 23-ке толған бұл сайыпқыран – Ресейдің Волгоград облысындағы Волжский қаласының тумасы. Тенниспен шұғылдануды сонда бастаған. Кезінде өз елінің 14 және 16 жасқа дейінгі дәрежелердегі құрамаларында ойнаған. Жасы кәмелетке толар-толмаста арнайы жаттығу үшін шетелге кетеді. Со­ның ішінде Италияда көп болады. Сондығынан шығар, Андрей қазір итальян тілін орыс тілінен кем біл­мейді. Ағылшын тілінде де жақсы сөйлейді. Сол Пиреней түбегінде жүргенінде оны қазақстандық бапкерлер тапты. Сөйтіп, біздің елдің атынан өнер көрсете бастады. Біздің елге тез бауыр баса бастаған ол қазірдің өзінде қазақтың етін, қазысы мен тұшпарасын қатты ұнатып қалғанын айтады. Сөз соңында Андрей Голубевтің алдағы 17-19 қыркүйек күндері Астанада Дэвис кубогы үшін матч­та Швейцарияға қарсы ойнайтын Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткелі тұрғанын айта кетейік. Серік ПІРНАЗАР. АСТАНА.