20 Қазан, 2015

Елбасы Премьер-Министрді қабылдады

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
19-10-01аЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кездесу барысында К.Мәсімов Мемлекет басшысына елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы және негізгі мемлекеттік бағдар­ламалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Елбасы бүгінде республика экономикасы күрделі режімде жұмыс істеп жатқанына назар аударды. – Энергия тасымалдаушы өнімдер бағасының төмендеуі себепті ел бюджетіне түсетін кі­ріс­тер 40 пайызға қысқарды. Соны­мен қатар, өзге экспорттық тауар­лардың негізгі түрлерінің, соның ішінде қара және түсті метал­дардың, көмірдің бағасы төмен­деді. Бұл ретте ауыл шаруа­шылығы аздаған өсімді қамта­масыз етіп отыр, ал өнеркәсіптік кәсі­п­орындар, соның ішінде ма­шина жасау саласындағы кәсіп­орындар өндірісті азайтты, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы күрделі ахуалға қатысты тұжырымдар Қытайда, АҚШ-та өткен, сондай-ақ, Ресей басшылығымен болған келіссөздердің негізінде жасалып отырғанына назар аударды. – Әлемдегі, соның ішінде Еуропа мен Шығыс Азиядағы экономиканың ахуалын ескере отырып, жағдайдың жуық арада жақсаруын болжау мүмкін емес. Халқымыз қалыптасқан жағдайды білуі тиіс, кәсіпорындарымыздың кірісі азайып, табыстың төмендеуі және жұмыс орындарының қысқаруы ықтимал. 2007-2009 жылдардағыдан да күшті, нағыз дағдарыс дендеп келеді. Осыған байланысты Үкіметке талдау жасауды, дағдарысқа қарсы жұмыстардың жоспарын әзірлеуді, қажетті шараларды белгілеп, оны халыққа жеткізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті мемлекет азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйінің төмендеуіне жол бермейтінін тағы да қадап айтты. – «Нұрлы Жол» бағдарламасы еңбекпен қамту бағдарламасын толықтыруға, кәсіптік-техникалық білім арқылы жаңа мамандық алу мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасайды. Осылайша жұрт қажет болған жағдайда өз кәсіпорнында жаңа мамандық ала алатын болады. Сонымен қатар, бізде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау бағдарламасы дайын болуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы өнер­кәсіптік кәсіпорындардың көрсет­кішін арттырудың, салынып қой­ған нысандардың қуатын пайда­ланудың маңыздылығын атап өтті. – Кәсіпорындар мемлекет қаражатпен қамтамасыз етеді деп күтпеуі тиіс. Олай болмайды, Ұлттық қордың ақшасын жа­ңа нысандар құрылысына, сон­дай-ақ, нашар жұмыс істейтін кәсіп­орындарды қолдауға, субси­диялауға пайдалануға тыйым саламын. Бұл жағдайда қандай өндіріс тиімді, қайсысы тиімсіз жұмыс істейтіні бірден көрінеді. Сондай-ақ, біз барынша тиімді менедж­мент тарту үшін жекешелендіру жүр­гіземіз, – деді Қазақстан Пре­зиденті. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақ­ты тапсырма берді.