Білім ошағының елу жылдық тойына жиналған 500 түлекті осындай ой толқытты
Әулиекөл ауданындағы Қабидолла Тұрғынбаев ауылында жастықтың, балалық шақтың, ауылға, алтын ұяға деген сағыныштың, ұстаз бен шәкірт сағынышының, ауылға деген патриоттық сезімнің тойы дүркіреп өтті. Мектепті алғаш бітірген түлектердің қазір басын ақ қырау шалған, жасы жетпісті алқымдады. Кеңес Одағы уақытында Мәскеуге тікелей бағынатын «Целинный» астық өсіретін ғылыми-тәжірибе шаруашылығының 5-6 бөлімшесі, олардың әрқайсысында кемінде 60-70 түтін болушы еді. Целинный аралас орта мектебінде кемінде мың бала оқитын. Әр сынып «А», «Б», «В» болып, үш сыныптан тұратын. Оның әрқайсысында кемінде 30 бала отыратын. Нарықтың қиындығы ауылдың белін қайыстырған 90-шы жылдарға дейін осы ауылда 500 үй болыпты, ондағы тұрғындардың саны 3200-ден асып жығылыпты. Уақыт та, заман да өзгерді, қазір дүрілдеген шаруашылық жоқ, ал ауылда барлығы 62 үй ғана қалған. Онда 276 адам тұрады.
– Ауылымыздың да, мектебіміздің де тарихы тағылымды. Бірақ қазір шағын ауыл, 42 оқушы ғана білім алып жатқан негізгі мектептің 50 жылдығын құр қалдырмай атап өтейік деген ниетпен, мектептің әр жылдардағы түлектеріне қолдан келгенше хабар айтқанбыз. Біздің шақыртуымыз жеткен түлектердің барлығы Германиядан, Ресейдің қалаларынан, Татарстаннан, Қазақстанның көптеген облыстарынан келді. Олар бірі-біріне хабар айтқан. Барлығы 500-ден аса түлек жиналды. Соның ішінде 50 түлек облыстан тыс жерлерден, алыс-жақын шетелдерден келді. Кішкентай ауылымыз бен мектебіміз риясыз көңілдерден ертегідегі сиқырлы сарайға айналып кеткендей болды, – деп ағынан жарылады мектеп директоры Айнагүл Алпысбаева.
Түлектер өздерінің балалық шағы өткен ауылды аралап шықты. Әрине, қазір кезінде «Целинный» бидайдың жоғары сорттарын өсіретін тәжірибе шаруашылығының іргетасын қалаған, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болған Қабидолла Тұрғынбаев Кремль қабырғасына еліктеп, қызыл кірпіштен салдырған қабырға тозған, осыдан 50-60 жыл бұрын салынған үйлердің орны ғана қалған. Бірақ көзге соншама жылы ұшырайды. Ауылға келген қонақтардың сағыныштан көзі жасаурайды. Татарстанның Набережные Челны федералдық қалалық сотының судьясы Розалия Ғайфутдинованың өзі тұрған үйден қалған іргетасты сүйіп жылағаны барлығын да толқытты.
– Осы ауылда туып-өстім, мектепте білім алдым. Қайда жүрсем де осы ауыл, осы мектеп, осы үй ойымнан бір сәт шыққан емес. Балалық шағым өте бақытты өтті, тек сағынумен күн кешемін, – деді Розалия Захаровна.
Тойдың салтанаты сап түзеп тұрып өтетін мектеп жиналысынан басталды. Бұрынғыдай барабан соғылып, керней тартылып, бір кластың ұлдары ақ көйлек, қара шалбар, қыздары ақ фартук, қара көйлек киіп, шашына ақ бантик тағып шықты. Бүгінде жасы алпысты алқымдаған кісілердің балалық шаққа осылай «оралуы» жиналған жұртты әрі толқытты, әрі шынайы күлкі, көтеріңкі көңіл күй де сыйлады. Бір қызығы, жарты ғасырда мектепті үш директор ғана басқарыпты. Алғашқы директор Мөкеш Шінкентаев, орта мектепті 1965-2002 жылдары басқарған Сүгірәлі Нәбиев аталар, мектептің байырғы мұғалімдері, ардагер ұстаздар Зылиха Нәбиева, Валентина Чухненко әжелер түлектер ортасынан табылды. Өмірден өткен ауылдастарына, ұстаздарына құран бағышталды. Кішкентай ауылда осындай той өткізуге шамамыз қалай келер екен деген ауыл тұрғындарының уайымы бірден сейілді десе де болады. Жан-жақтан келген түлектер тойдың қаржысын да, қамын да өздері көтеріп кетті. Ұстаздарға, білім ошағына сый-сияпаттарын да жасады. Мектептің 70-ші жылдарғы түлектерінің бірі, бүгінде облысқа, одан қалды республикаға белгілі кәсіпкер Төлеген Жайлаубаев мектепке бір миллион теңге тарту етті. Ұстаздарына сый-сияпатын да ұмытпады, дастарқан жайды.
– Осы мектепте біздің отбасымыздан төрт бала оқыды. Менің мектепті бітіріп кеткеніме 40 жылдан асқан екен. Мен тәуелсіз елімізде кәсіпкерлікті алғашқы бастағандардың қатарындамын, оның қиындығын көрген, сүрлеуін салған адаммын. Балаларды, немерелерді тәрбиеледім, олар да еліне қызмет ете бастады. Мен ұстаздарымның берген білімінің, ауылымның берген тәрбиесінің арқасында осындай жетістікке жеткенімді түсіндім. Мектеп терезесінің, есігінің жақтауын сипалаумен болдым, – дейді Төлеген Ғалымжанұлы.
Тойға жиналған түлектердің қайсысы болса да осы ауылда балалық шағының қызық өткенін, сол үшін де өзін бақытты сезінетіндігін айтты. Расында, балалық шағын сағынған адам қашан да бақытты. Ауылдағы тұрғындардың тең жартысы қазақтар, қалғаны түрлі ұлт өкілдері, тіпті он үй қытайға дейін тұрыпты. Солардың барлығы да уақыт өзгерістерімен тарап кетсе де, туған ауылға, мектепке деген патриоттық сезімін, жүрек жылуын жоғалтпағаны сүйсінтті.
Тойдың салтанатында түлектер мектептің бүгінгі үздік оқушыларына сыйлықтар тапсырды. Төлеген ағамыздың тосын ұсынысы той қызығын үстемелей түсті. «Осы мектепте өзі «үш» деген бағаға оқитын, сотқар бала бар ма?» деп сұрады. Мұғалімдері тосын сауалға тосылып та қалғандай еді. Мектептің жақсысын асырып, жаманын жасырып жүретін ұстаздар, 6 сыныптың оқушысы Ерасыл Әшімовті көрсетті. Төкең «Ерасылға 50 мың теңге беріп тұрып: «Бұл ауыл мен мектептің сотқар балалары кейін бұзақы емес, бір жерді тесіп шығуы тиіс. Сотқар болу арды аттау емес екенін түсініп өссең болды. Мен ауылға белгілі сотқар едім, бизнесмен болдым. Ал сен мектепті жақсы бітір, жоғары білім алуыңды өз мойныма аламын» деді. Расында бұл ауылда және Целинный мектебінде қылмыс деген болмайды екен. Ауыл балаларының оқу мен спорттан қолы босамайтын. Сол бір бақытты сәттер сары мейіздей сағынышқа айналған.
– Әкем созхоздың малын бақты, көпбалалы отбасы болдық. Көктемде бізді әкем жайлауға алып кетеді, содан қазан-қарашада бір-ақ келеміз. Сондай бала нешемен оқуы керек? Ұстаздарымның шегелеп оқытуының арқасында сабаққа үлгеріп кетіп жүрдім. Ауылда спорт керемет еді. Біз тұрған бөлімшенің балалары спорттың қай түрінен болсын совхоз бойынша бірінші орында едік. Бөлімшеден 2,5 шақырым жердегі мектепке түске дейін сабаққа барамыз, түстен кейін спорт деп жүгіреміз. Сонда күніне он шақырым жаяу жүреді екенбіз ғой. Ол кезде ауылдың тазалығын қараңыз, қазіргідей балалар қылмысы, есірткі, басқа қылмыс дегенді естімейтін едік. Мен сотқар бала атандым. Қазір ойласам, үзіп-жұлқып бара жатқан ештеңем жоқ екен, ұлдар ойынға таласып төбелесеміз ғой. Бірақ 6-шы сыныптан бастап, ауыл балаларының шашын алдым, шалбарларын тігіп бердім. Жайлауда геологтардан түсіп қалған фотоаппарат тауып алғаннан кейін, онымен ауылдастарды суретке түсіретін болдым. Осылармен ақша таба бастадым. Шалбар тігіп бергенім үшін бір сом алатынмын, – деп балалық шақтың қызығын еске алады бүгінде өз мектебінің мақтаныштарының біріне айналған Төлеген Жайлаубаев. Мектептен ғалым да, дәрігер де, елші де, еңбек торысы да түлеп ұшты. Ол өз алдына ұзақ әңгіме.
Мектеп тойы кешке қарай баяғы пионерлер жағатын «костер» алаумен, би кешімен жалғасты. Германиядан, Санкт-Петербургтен, Мәскеуден, өзіміздің өзге де облыстардан келген түлектер таң атқанша алау оттың айналасында отырып, гитарамен 60-70-ші жылдардың жастары табына тыңдаған, шырқаған британдық атақты рок-топ «Битлздың», өзіміздің Шәмшінің, Әсеттің, Ескендірдің әндерін шырқады. Би кешінде балалық шақта билеген твист биін биледі. Таң атқанша ешкім көз ілмеді, ешкім шаршадым деп айтпады. Кездесуге келгендер той соңында мектеп түлектерінің кездесуін әр бес жыл сайын өткізіп тұруды ұйғарды. Жақсы істің дәстүрге айналатыны да өмірдің заңы іспетті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы.