30 Шілде, 2010

Қызылағаш танымастай түрленді

594 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына соңғы үйлердің кілттері тапсырылды Жақсы жұмыстан адам жаны рахатқа бөленеді. Қандай да бір жауапты істі орайы келсе сәрсенбінің сәтінде бастайтын өңір басшысы Қызылағаш ауылындағы қоныс тойына соңғы нүкте қоятын сәтті осылай орайластырды. Соңғы төрт айға жуық уақытта атқарылған жұмыс ұшан-теңіз. Біреу сеніп, біреу сенбейтіндей. Әсіресе, құрылысшылардың сөзі – аз, ісі – саз екендігін қаз-қатар тізілген әдемі үйлер мен көше, халыққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін ғимараттар айшықтайды. Ауыл ертегідей жаңарған, жасарған. Кешегі алапат су тасқынынан жапа шеккен халықтың тән жарасын уақыт емдейді. Өйткені, тасқын талайдың өмірін қиды, отбасын  ойрандады. Ел-жұрт ауыртпалық соңында жақсылық­тың барлығына сенді. Өйткені, Елбасының тапсыр­ма­сын орындаудағы  облыс басшысы мен  қазақстан­дық­тардың демеу, қолдау көрсетуі нәтижесінде арнайы қорға 7 млрд. теңге түсіп, құрылыс жұмыс­тарына іскер компаниялар тартылды. Міне, күні кеше Қызылағаш ауылын қалпына келтіру жұмыс­та­ры толығымен аяқталып, барлығы 465 үй жаңадан салынса, 30 үй күрделі жөндеуден өтті. Елімізде ХХІ ғасырда тұтас бір ауыл қайта тү­леп, сәулеті мен сымбаты келіскен елді мекенге айналып шыға келді. Қоныс тойында жаңа үйлермен қатар орта мектеп, емхана, үш қа­батты ескі мектеп-интернат ғима­раттары күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Қызылағаш­тық­тардың еңселері көтеріліп, мерейлері тасыды. Бүгінгі Қызыл­ағашты бұрынғы ауылмен салыс­тыр­майсың. Тасқыннан кейін орнында лай мен қоқыс қалған ме­кендегі сымбаты келіскен, заманауи құрылыс материалдары пайдаланылған үйлер, көшелер, жапырағын жел тербеген саялы бақпен көмкерілген елді мекенді республика көлемінде кездестірме­сіміз анық. Жиын Ілияс Жансүгіров атын­дағы орта мектептен басталды. Ғимарат 1969 жылы салынған. Тас­қынға сыр бермеген білім ша­ңырағының қабырғалары зақым­дан­бағанымен, іргетасы мүжіліп, бөлмелері бүлінген еді. Құры­лыс­ты “Арлан” және “АСК Ауыл­құ­рылысы” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізіп, жөндеу жұмыстарына бөлінген 226 млн. теңге толық игеріліпті. Мұндағы физика, биология, химия, инфор­ма­тика, музыка және басқа ка­бинеттер қажетті оқу құрал-жаб­дықтарымен қамтылып, ұстаздар жаңа оқу жылына дайындықтарын бастап кеткен. Мектеп ауласында үш блоктан тұратын оқу корпусы, күрделі жөндеуден өткен спорт, акт залы оқушылардың саламатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтыны анық. Білім шаңырағының аумағы абатта­н­ды­рылып, баскетбол, волейбол алаң­дары жасалып, айналаға қарағай, бозарша, қайың, терек, жеміс ағаш­тары отырғызылса, алқызыл гүлзарлар көз тартады. Облыс басшысы Серік Үмбетов бастаған жұртшылық ғимараттың сән-сал­танатына ризашылықтарын білді­ріп, одан әрі “Нұршуақ” балабақ­шасына аялдады. Ауылда соңғы жиырма жылдан бері бүлдіршіндер мекені болма­ған. Оңтайландыру кезінде жеке­ше­лендірілген үш қабатты мектеп-интернат үйінің екі қабатын бүл­діршіндерге, үшінші қабатын жас ұстаздар мен дәрігерлерге баспана­ға лайықтап, қайта жөнделіп, көп­шілік тілегі жүзеге асырылыпты. Мек­тепке дейінгі балалар меке­месінің алдында нәрестесін көтер­ген ана, немересін жетектеген әже, тағы басқалардың қатары көп. Облыс әкімі олармен емен-жар­қын әңгімелесіп, жағдай сұрасты. – Балабақшадағы тәрбиенің орны бөлек. Бүгін келіндер де, біз де қуаныштымыз. Көптеген әйелдер балаларын бағып, жұмысқа шыға алмай отырған. Енді олардың да қолы ұзарды. Немеремізді бақшаға беріп, біз де қуанып жатырмыз, дей­ді немерелері Айжан мен Арсенді жетектеген Тілеш Жар­қымбаева. Алматы қаласындағы “Рахат” акционерлік қоғамы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген екі қабатты емхана үйі де жөнделіп, ішкі әрлеу, сырлау жұмыстары ұқыптылықты танытса, ішкі қа­жет­тіліктер толықтай жаңарты­лып­ты. Дәрігерлік амбулаторияға “жедел жәрдем” көлігін қайы­рымды жандар тапсырыпты. Ме­ди­циналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған кабинеттер халыққа қызмет көрсетуін бастап кеткен. Күндіз ем қабылдайтын ка­бинетке келгендерді де кез­дестірдік. Ауылдағы осындай құрылыс жұмыстарын көрген көпшілік жай­наған Жастар көшесінде ор­наласқан мәдениет үйіне жи­налды. Кең, әрі жарық ғимаратта бос орын жоқ. Мінберге көте­рілген облыс әкімі Серік Үмбе­товті жұрт­шылық қошеметпен қарсы алды. – Бүгінгі қуанышқа жетеміз бе, жетпейміз бе деп қиналған сәт­тер артта қалды. Оны ұмыту мүм­кін емес, деп тебірене сөйледі басшы. Сіздердің жабыққан жүз­де­ріңіз бен қамыққан көңіл­де­рі­ңізді көргенде бәрі орнына келеді, баспаналы боласыздар, деп уәде берген едік. Елбасының қайғылы оқиғаны естісімен Үкіметке жедел тапсырма беріп, халықты жұмылдыруы нәтижесінде 4 айда қыруар шаруа атқарылды. Шілдеде құрылыс жұмыстары аяқталады, дегенге сенбегендер де болды. Міне, бүгін соның нәтижесіне көз жетті. Салтанатты шақта біріншіден сіздердің аттарыңыздан Мемлекет басшысына, Үкіметке, басқа да қайы­рымдылық қолын созған қа­зақстандықтарға шын көңілден ал­ғыс айтамын. Алып-қашпа әңгімеге жол бермей, Қызылағаштағы жағ­дай­дың ақ-қарасын халыққа жет­кіз­ген бұқаралық ақпарат құрал­да­ры өкілдеріне де алғыс айтқан ар­тық емес. Ауылдың шығысындағы саябақтың жанынан тасқын құр­бан­дарына ескерткіш тұрғызу жұ­мыстары аяқталып қалды. Оның да тиянағы келер күн жақын. Қызыл­ағаштың ендігі тағдыры өздеріңіз­дің қолдарыңызда. Бүгінгі әсем келбетінен айырмай, ауыл көркі үшін бір кісідей үлес қоссаңыздар нұр үстіне нұр, деген Серік Әбікен­ұлы салтанатты жағдайда Бақжамал Нұрмұ­хамбетова, Халида Атабаева, Зинаида Сақыпбекова, Досымбек Нарлан, Әділ Рысдәулетов, Тұрсын Азат бастаған тұрғындарға жаңа баспананың кілтін тапсырды. Облыстық ардагерлер ұйымы ке­ңе­сінің төрағасы Егеубек Далға­баев, Қызылағаштағы әжелер ан­сам­блінің жетекшісі Бақжамал Нұр­мұхамбетова халық атынан Ел­басына, облыс әкіміне, құрылыс­шы­ларға жүректерінен шыққан аталық, аналық алғыстарын жет­кізді. Жиында Жетісу халқының аты­нан тасқыннан зардап шеккен Қы­зылағаш ауылын қалпына келтіруге атсалысқан қазақстан­дықтарға ал­ғыс айтып, үндеу тастау жөнінде де бастама көтерілді. Өйткені, тасқыннан кейінгі жаңарған елді мекен көп ұлтты Қазақстандағы бірлік пен ынтымақты айғақтайды. Осылай­ша Қызылағашта соңғы қоныс тойы өтіп, ауыл тұрғындары қуаныштарын көппен бөлісті. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.