07 Шілде, 2015

Аспаздар шеберлігін шыңдаған шара

394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Астана қаласының 17 жылдығын тойлау шеңберінде «Аспазшылар өнері – сүйікті қалаға» атты шара өтті. Бұл мерекелік шараға  «Ассорти», «Усадьба», «Париж», «Лагуна», «Жас Әмір», «Сұңқар», «Алтын ғасыр» сынды қаланың беделді мейрамханалары мен дәмханалары қатысқан болатын. Жобаның негізгі мақсаты – елорда кәсіпорындарындағы қоғамдық тамақтандырудың сапасын күшейту, қала мейрамханаларының мамандандырылған даяшылары шеберлігімен елорда тұрғындары мен қала қонақтарын таныстыру және келушілерге қызмет көрсету деңгейін жоғарылату, әр елдің ұлттық тағам түрлерімен таныстыру,  шеберліктерін жан-жақты қырынан көрсету. Фестиваль шеңберінде байқауға қатысушылар «Ең үздік тағам»,  «Ең үздік мейрамхана» аталымдары бойынша бақ сынады. Сондай-ақ, арнайы әділ қазылар сайланып, тағам құрылымы мен оның әсемдігіне, дәміне яғни, арнайы талаптарға сай болуын қадағалап, әділ бағасын берді. Сайыс қорытындысы бойынша «Ең үздік тағам» номинациясын – «Ассорти» мейрамханасы жеңіп алды. Ал  «Ең үздік мейрамхананы» – «Усадьба» иеленді.  Қос жеңімпаз тарапқа   теледидар тарту етіліп, барлық қаты­сушыларға Алғыс хаттар мен дипломдар тапсырылды. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ.