Астана әкімдігі мен «United4» продюсерлік орталығы елорда мерекесін тойлау аясында «International Street Dance Session» көше биінің VI халықаралық фестивалін ұйымдастырды. 4-5 шілде аралығында өткен би жарысының қатысушыларының қарасы қалың.
Жалғыз және топпен сайысқа түскен бишілердің жас мөлшеріне шектеу қойылмайды. Сондай-ақ, алаңда өнерпаздар көше билерінің хип-хоп, поппинг, локинг, вакинг, крамп және хаус сынды түрлерін көрсетеді. 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан осынау би сайысы Астана мерекесі қарсаңындағы жарқын оқиғалардың бірі болып табылады.
Ал аталған фестивальдің басты қонағы «Шаг вперед 3D» фильмінің жұлдызы Мэдд Чэдд. Сонымен қатар, жарыста жеңімпаздарды анықтап, әділ бағасын берушілердің, яғни қазылар алқасының құрамында танымал хореографтар бар. Атап айтқанда, ТНТ арнасындағы «Танцы», MTV-дағы «Звезды танцпола-2» шоуларына қатысқан Злата Масло мен Джастин Бибердің, Майли Сайрус пен Пинктің клиптеріне түскен Aja George бар. Осындай беделді әрі тәжірибелі тұлғалармен тығыз байланыстың арқасында бишілер жылдан-жылға кәсібилене түседі.
Және де айта кетерлігі, бұл фестивальдің жүлде қоры 2,5 млн.теңгеден асады. Ал бас жүлдеге 1 млн.теңге тағайындалған. Жаңа бастағандар мен кәсіби бишілер үшін бидің әр бағыты бойынша номинациялар қарастырылғандықтан оларға қойылар талап та жоғары.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».