21 Қазан, 2015

Атағы қыр асқан «Атлетико»

433 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
atletico-madrid-1Бүгін отандық футбол жанкүйерлерін тағы бір ұйқысыз түн күтіп тұр. Себебі, «Астана» командасы Еуропа Чемпиондар лигасының топтық сайысы шеңберінде өзінің үшінші кездесуін өткізеді. Бұл жолы елордалық клуб Испания астанасы – Мадрид қаласында жергілікті «Атлетикомен» сынға түседі. Тарихы ғасырдан асатын «Атлетиконың» атан түйеге жүк болатын атағы бар. Соның ішінде 10 дүркін Испания чемпионы атанғанын және 10 рет ел кубогын иемденгенін еске алсақ, команданың шама-шарқы қай деңгейде екенін аңғару қиынға соқпайды. Себебі, әлем футболының алпауыттары – «Реал Мадрид» пен «Барселонаның» да испандық командалар екенін білеміз. Ал сол екі клубты бірдей артта қалдырып, атойлап төске өрлеу шын мықтының ғана қолынан келеді. «Атлетиконың» негізі ХХ ға­­сырдың басында, 1903 жылы қа­ланды. Алайда, ол кезде дербес футбол командасы деген мәр­тебесі болған жоқ. Себебі, ол Биль­баоның «Атлетик» коман­дасы­ның Мадридтегі филиалы ретінде құрылған болатын. Негізін қалаушылар ретінде Испания аста­насында оқыған үш баск сту­дентінің есімдері аталады. Өз­дерінің сүйікті командаларына деген сағыныштан шағын ғана ұжым құруды көздеген сол студенттер ол кезде сан тараудан тұратын жаңа бір тарихтың алғашқы парақтарын жазып жат­қанын білмеген еді. Ал 1907 жылдың 20 ақпанынан бастап команданың тілеуін ті­лейтін мадридтіктердің саны еселеп артты. Енді оған ат төбе­ліндей болған басктерден бөлек, испандар мен Мадридті мекен еткен өзге де халықтар жанкүйерлік ете бастады. Себебі, дәл осы күні «Атлетико» «Атлетик Клаб де Мадрид» деген атаумен Испа­ния футбол федерациясына ресми түрде тіркелді. Соған байланыс­ты аталған федерация ұйым­дас­тырған кез келген додаға қа­тысуға мүмкіндік алды. Команда 1926 жылы тари­хын­дағы алғашқы жеңісіне сынық сүйем қалған кезде сүрінді. Атап айтқанда, сол жылы Испания ку­богының финалына дейін жеткен «Атлетиконы» шешуші ойында 3:2 есебімен жеңген «Барселона» тоқ­татты. Ал арада екі жыл өткенде, «Атлетик Клаб де Мадрид» Ис­пания чемпионатының ең жоғары дивизионына шақырту алды. Тұ­саукесер маусымды алтыншы орынмен аяқтаған жасақ келесі жылы көштің соңында қалып, элиталық лигадан шығып қалды. Мықтылар санатына 1934 жылы қайта қосылған клуб жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа созылмады. Бұл жолғы сәтсіздікке елдегі азамат соғысы се­беп болды. Сегіз ойыншысы ұрыс даласында қаза тапқандықтан жа­сақ әскери-әуе жауынгерлерінің командасымен бірігуге мәжбүр болды. Нә­ти­жесінде, 1939 жылы «Атлетик Авиасьон де Мадрид» деген жаңа атаумен жоғары лигаға қайта қо­сылды. Салған жерден қарсылас біткенді қоғадай жапырып, ел чем­пионы атанды. Бұл атағын келесі 1940-1941 жылғы маусымда қорғап қалып, аз уақыттың ішінде Испанияның екі дүркін чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Генералиссимус Франконың 1941 жылғы жарлығына байланыс­ты елдегі шетелдік атаулардың бар­лығы мемлекеттік тілге ауыс­тырылды. Соған орай команданың атауы да «Атлетико Авиасьон де Мад­рид» деп өзгертілді. Ал со­ғыс аяқталып, елдегі жағдай тұрақ­­талған 1947 жылы клуб бас­шылығы атаудағы әскери сөзді алып тас­тап, команданың атын «Атлетико де Мадрид» деп бекітті. Бұл атау бүгінге дейін сақталып келеді. «Атлетико» еурокубоктық бә­се­келерде үш мәрте топ жарды. Алғашқысы 1961-1962 жылғы мау­сымда Кубок иелерінің кубогы турнирінде тіркелді. Сондай-ақ, екі рет осы турнирдің финалында ойнағанын атап өткен жөн (1962-1963, 1985-1986). Ал кейінгі екі жеңіске Еуропа лигасының 2009-2010 және 2011-2012 жылдарғы маусымдарында қол жеткізді. Одан бөлек, 1973-1974 және 2013-2014 жылдарғы маусымдарда Еуропа Чемпиондар лигасының (бұрынғы Еуропа чемпиондарының кубогы) финалына дейін жетті. Осы ретте, аталған екі фи­нал­­дық кездесулерге аз-кем тоқ­талып өтейік. Өткен ғасырдың ен­шісінде қалған алғашқы финал­да мадридтіктер Мюнхеннің «Ба­вариясымен» кездесті. Бұл сында командалар жеңімпазды анықтау үшін екі рет ойнауға мәжбүр болды. Бірінші кездесу 1:1 есебімен тең аяқталса, екінші айқаста немістер 4:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Алғашқы ойында соңғы минутқа дейін испандар алда болғанын айта кетейік. Ал турнирдің өткен жыл­ғы финалында «Атлетиконың» қарсыласы оның «атажауы» саналатын Мад­ридтің «Реалы» болды. Клуб жанкүйерлерінің өкінішіне қарай, бұл матчта да соңғы минутқа дейін басым болып, нәтижесінде, жеңіліске ұшырады. Сол сында «корольдік клубтың» пайдасына 4:1 есебі тіркеліп, «Реал» тарихында 10-шы рет Чемпиондар лигасын жеңген еді. Бір қаланың намысын қор­ғайтын қос команда бүгінге дейін 165 рет кездескен. Соның 40-ында «Атлетико» жеңіске жетсе, 36 кездесу тең аяқталды. Қалған 89 ойында «Реал» ойыншыларының мерейі үстем болды. Жалпы, команданың алтын дәуірі 1964 жылы клуб бас­шы­лығына Висенте Кальдеронның келуімен басталды. Оның тұсында «Атлетико» төрт рет Испания чемпионы атанып, елдегі ең беделді үш команданың біріне айналды. Сондай-ақ, Кальдеронның кезінде қатарға көптеген аргентиналық легионерлер қосылды. Олардың арасында Рубен Айяла, Рамон Эреди, Рубен Диас сынды белгілі футболшылар бар. Бұл ойыншылардың арғы тегі үндістер болғандықтан, жан­күйерлер командаға «үндіс­тер» («indios») деген жаңа лақап ат қойды. Содан бері «үндістер» Еуропа футболындағы белді ұжымдардың қатарынан түсіп көрген емес. Талай үздіктің томағасын сыпырған ко­манда әлем футболына Луис Ара­гонес, Диего Симеоне, Диего Форлан, Давид Вилья, Фернандо Торрес сынды саңлақтарды сыйлады. Бүгінде Симеоне клубтың бас жаттықтырушысы болса, Тор­рес оның көшбасшы ойын­шысы. Қазіргі күнге дейін биылғы мау­сымдағы Испания при­мера­сының 8 туры өтті. Әзірге 16 ұпайы бар «Атлетико» 4-орында келеді. Клуб қол жеткізген жеңіс­тердің қата­рын­да 1985 және 2014 жылғы Ис­пания суперкубогы, 1974 жылғы Құр­­лықаралық кубок, 2010 және 2012 жылғы УЕФА суперкубогы бар. Биылғы Чемпиондар лига­сының алғашқы екі турынан кейін «Атле­тико» топта екінші орында ке­леді. Бірінші ойында қонақта Түр­­кияның «Галатасарайын» 2:0 есебімен жеңгенімен, екінші турда өз алаңында Португалияның «Бенфикасына» 1:2 есебімен есе жіберді. Сондықтан Симеоненің шәкірт­тері қазақстандық коман­даға қарсы тістерін қайрап отыр. Дегенмен, Қазақстан футбол тари­хының жаңа тарауын бастаған «Астана» да бүгінгі ойында жігер көрсетеді деп үміттенеміз. Әзір­ге біздің команда екі турдан 1 ұпай жиып, өз тобында «Гала­таса­раймен» бірге үшінші және төртінші орындарды бөлісіп тұр. «Атлетико» – «Астана» матчы Мадридтегі 55 мың орындық «Висенто Кальдерон» стадионында өтеді. Айқас Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады. Ойынды отандық «Таң» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».