25 Мамыр, 2015

Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебін 176 түлек бітірді (фото)

443 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
5-05-2015-NISH 03АТЫРАУ. 25 мамыр. Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебін бітіретін алғашқы 176 түлек соңғы қоңырау салтанатына қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұдан екі жыл бұрын, яғни, 2013 жылдың қыркүйегінде ашылған ерекше білім ордасы химия-биология бағытында білім береді. Ерекше деуіміздің бірнеше себебі бар. Алдымен айтарымыз, мұнда «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» дегендей, ең талантты шәкірттер оқиды. Осы оқу ордасына қабылдануға өтініш берген 2 978 оқушының әрқайсысы әуелі екі кезеңнен тұратын пәндік тестілеу сынағын тапсырды. Сол сыннан жоғары балл жинаған оқушылар арасында конкурстық іріктеу өткізілді. Сөйтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өркен» гранты барлық сыннан сүрінбей өткен 697 оқушыға берілді. Екіншіден, бұл білім ордасында дәріс беретін ұстаздар да конкурстық іріктеуден өткізілді. Мұғалімдердің біліктілігін жете зерделеген конкурстық комиссия ұйғарымымен 74 ұстаз ерекше мектептің дарынды шәкірттеріне дәріс беру құқығын иеленді. Олардың арасынан 33 мұғалім үш деңгейлі білім жетілдіру курсынан өтті. Ал «Болашақ» бағдарламасының төрт түлегі Назарбаев университетінің базасында бір жылдық курста білімін одан әрі шыңдапты. Үшіншіден, мұндағы пәндік дәрістер тек қазақ және орыс тілінде ғана емес, сонымен бірге, ағылшын тілінде де жүргізіледі. Сол себептен, әр ұстаздың ағылшын тілін білуіне баса көңіл бөлініп, тіпті, АҚШ, Ұлыбритания, Румыния, Ирландия және Оңтүстік Африка Республикасы секілді шет мемлекеттерден жоғары санатты бірнеше ұстаз шақыртылған. Сондай шетелдік маманның бірі Хасан Сабиг шәкірттерге биология пәнінен ағылшын тілінде дәріс жүргізеді. Назарбаев зияткерлік мектебінің материалдық-техникалық базасының жарақтандырылуына тоқталсақ, өзге мектептерден оқ бойы озық тұратындығымен ерекшеленеді. Себебі, мұнда бір мезгілде 720 шәкірттің оқитындығы өз алдына, білім ордасындағы 60 кабинеттің барлығы да компьютер және интерактивті тақтамен қамтылған. Бұдан өзге, оқушылардың дербес жұмыс жасауы үшін 650 ноутбук орнатылып, 15 тілдік кабинеттің әрқайсысында он оқушыдан отыруға лайықталған. Бұл мектеп химия-биология бағытында болғандықтан, әсіресе, нанотехнология, биотехнология кабинеттері оқушылардың ғылыммен тереңірек айналысуына мол мүмкіндік береді. Сонымен бірге, робот техникасы кабинеті де дарынды өрендердің ой ұшқырлығын жетілдіре түсуіне септігін тигізетіні даусыз. Білім ордасының кітапханасы бай, спорттық алаңдарына оқушылардың қауіпсіздігін сақтайтын арнайы гетерогендік жабын төселіп, мұнда спорттың бірнеше түрімен шұғылдануына жол ашылып отыр. Ал алыс ауылдардан келген шәкірттер үшін ашылған жатақхананың да жабдықталуы көрген жанның көңіліне қуаныш ұялатады. Айта берсе, Назарбаев зияткерлік мектебінің ерекшелігі көп. Осы орайда, мұнда сынып жетекшісі болмайды екен. Әр сыныптың өз кураторы бар. «Білім – инемен құдық қазғандай» екенін терең сезініп, біліктілікпен, білімділікпен алдан көрінуге ұмтылған Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары мен шәкірттері ерекше үлгідегі білім ордасын мақтан тұтады. Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешовтің айтуынша, биыл білім ордасын алғашқы 176 түлек бітіргелі отыр. Бүгін олар өздері білім алған алтын ұясындағы соңғы қоңырау салтанатына қатысты. Олардың арасында 16 оқушы «Алтын белгі», ал 4 түлек «Үздік аттестат» алуға үміткер болып отыр. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек, сурет:egemen.kz. 5-05-2015-NISH 01 5-05-2015-NISH 04 5-05-2015-NISH 02 5-05-2015-NISH 05 5-05-2015-NISH 06