Редакциямызға белгілі меценат, еліміздің көк байрағын екі полюстің кіндігіне қадаған, халқым десе жанын берер азамат Әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс атындағы қоғамдық қордың президенті, “Тлеп” ЖШС директоры Сапар Ысқақов келді. Шаруасы – Сирия Республикасының астанасы Дамаск қаласында салынып жатқан Әл-Фараби бабамыздың мемориалдық кешенінің құрылысы мен Мысыр еліндегі Сұлтан Бейбарыс бабамыздың кесенесінің қайта жаңғырту жұмысының барысына 25-28 шілде арасында бақылау жүргізіп қайтқан делегация сапарынан ой бөлісу екен.
– Сапар Ысқақұлы, жақсы жолдан келген екенсіз, әңгімелей отырыңыз.
– Онда әңгімені осыған дейінгі тарихтан бастайын. 2005 жылы отбасымызбен туристік сапармен Мысырға жол тарттық. Киелі топыраққа табаның тиген соң даланың даңқты ұлының басына соқпай, зияратымызды жасап, тәу етпеуге қалай дәтіміз барады. Содан Сұлтан Бейбарыс мешітін іздеп тауып алдық. Аты әлемге әйгілі қолбасшы бабамыз Әз-Захир Бейбарыстың мешітін көргендегі көңіл күйім, несін жасырайын, пәс болды. Мешітте күрделі жөндеу жұмысы басталып, бірақ аяқсыз қалған екен, құрылысшылардан қалған қоқыстан кесене іші аяқ алып жүргісіз. Маңдайшасында 1990 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды деген тақтадағы жазуы бар екен. Содан елге оралған соң Сыртқы істер министрлігіне әдейі барып, еліміздің, халқымыздың атына ұят болады, мен бір-екі бригада жігіттерімді жіберейін, ең болмағанда тау-тау қоқысты тазартып қайтсын дедім. Әрине, дипломаттар бұл ойымды қолдамады. Себебі, қазақстандықтардың барып, қоқыс тазалауы арабтардың намысына тиіп, көңілдеріне келуі мүмкін, сондықтан да ол үшін арнайы барудың қажеті жоқ. Сонда оқитын студенттеріміз, елшілік қызметкерлері сенбілік өткізіп өздері-ақ тазалайды, деді.
Келесі жылы Сирияға барып, қазақтарға ежелден Шам атымен белгілі Дамаскідегі Әл-Фараби бейітіне соғып, құран оқуды арнайы мақсат тұттық. Барсақ, бабамыздың басы құр топырақпен ғана жасырылып жатыр. Елге қайта салысымен біресе Сыртқы істер министрлігіне, біресе Мәдениет министрлігіне барып, ондағы азаматтарға не істей аламыз десем, ондағылар шарасыз күй танытты. Біз осы шаруаны жылда қаржыландыруды сұраймыз, бірақ жылда ол кейінге қалады. Бұл – бір, екіншіден – Қазақстаннан сырт жердегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға, жөндеуден, қайта жаңғыртудан өткізуге қаражат бөлу жағы заңдастырылмаған, сол себептен біздің ықтиярымыздағы жұмыс емес деді. Содан не керек, жағдайды айтып, Парламентке бардым. Сенатор Кенжеғали Сағадиев ағамыз: “Биылғы бюджеттен қалып қойды, амандық болса келер жылы қарастырамыз”, деді. Бірақ менің тағы бір жылды “өлтіріп” қарап отырғым келген жоқ. “КТК” телеарнасына барып, онда қазір Алматыда тұратын сириялық азамат Самир Дерехті сөйлеттік. Ол: “Егер дәл қазіргі күні Қазақстан жағы басын ашып алмаса, Бейбарыс сұлтанды меншіктегісі келетіндер көп, қазақтар асықпаса батыр бабаларынан айрылып қалуы мүмкін”, деп ашық айтты. Осы өте дұрыс болды. Депутаттарды жағалағанымызда, олар жоғарыдағы әңгімені естіп, құлақтанып, елеңдеп отыр екен. Содан ол кездегі Мәдениет министрі Ермұхамбет Ертісбаевқа депутат Төлеген Мұхамеджанов бауырыммен қайта бардым. Нәтижесінде үлкен топ болып, Үкімет басшысына барамыз деп шештік. Сөйтіп, ішінде депутаттар, Мәдениет министрлігінің өкілдері, архитекторлары бар 15-20 шақты адам Даниал Ахметовтің қабылдауына кірдік. Ахметов барлығын тыңдағаннан кейін: “Жарайды, сіздер мені әбден сендірдіңіздер, қанша қаражат керек болса да табамыз”, деді. Содан жігіттер алғашқы жұмыстар үшін биыл 70 млн. қажет деп, ол алынатын болды. Ал біз оның алдында оншақты азамат қосылып, оның ішінде екеуі сириялық жігіттер “Бейбарыс Сұлтан мен Әл-Фараби атындағы қоғамдық қайырымдылық қорын” құрған болатынбыз. Сол қорға 30 млн. теңгенің сыртында қаражат жинадық. Жалпы құрылыс жұмысында алдын ала жобалау-ізденіс жұмыстары болады. Соған қажетті қаражатты осы қордан жұмсадық, ал қалғанын Үкімет қолдау көрсетпесе, әрі қарай апару қиын. Өйткені, Фараби бабамыздың басының маңайында көптеген ескі үйлер болды, оларды қиратып, жерін сатып алып, баба басына баратын жол салу қажет. Осы жұмыстарға қорда жинақталған қаражат жұмсалды. Обалы не керек, келесі жылы Үкімет Каирге бір млн. доллар, Дамаскіге бір млн. доллар бөлді. Одан Елбасының сол елдерге сапары болды. 2008 жылы жұмыс қызу жүргізіліп кетті. Біз барып осы жұмыстардың қалай атқарылғанын өз көзімізбен көріп қайттық. Жұмыс қазір өте жақсы жүріп жатыр. Сұлтан Бейбарыс өзі сол арадан әуелде мешіт салған екен, мешітінің жанында медресесі бар. Мешітінің ішінде өзі жатыр да, медресесі кітапхана. Жөндеу жұмыстары жоғары дәрежеде жүргізілген, басына екі үлкен көктас қойылған. Және бұл қабыртас Қазақстан Республикасының атынан қойылды деген жазу ойылған. Туристер де жол салып қойыпты. Бұрын, 2006 жылы барғанда мұнда қазақтар келе ме деп сұрағанымда, былтыр бір кісілер келген, онан кейін ешкім ат басын бұрған емес деген жауап алған болатынмын. Содан олардан Әл-Фарабидің, Сұлтан Бейбарыстың тегін білесіздер ме, олар қазақ баласы десем маңайлатпаған, жоқ, олар араб, ал Сұлтан Бейбарыстың қарашай, шеркеш, күрд болуы мүмкін деп бой бермеген. Ал бұл жолы олай емес. Соған қуанып отырмын.
Жаңа айттым ғой, мешіт жанында кітапхана бар екен деп. Соны асықпай араладым. Ішінен Әл-Фарабидың 3-4 кітабын кездестірдім. Менің ойымша, осы қасиетті орынға турист есебінде барып-кету жеткіліксіз, мемлекет деңгейіндегі қарым-қатынасымызды жолға қоймайынша, Бейбарысты қыпшақ даласының ұланы деп сырттай иемдену ұшпаққа жеткізбейді. Астанадағы Еуразия университеті мен Сирия универсиететі студенттер алмасып, жастарды оқыту жөнінен шарт жасасса, жақсы болар еді ғой деп ойлаймын.
– Қуанышыңызға біз де ортақпыз. Отырарда туған, әлемде екінші Аристотель атанған ұлы ұстаздың да осы топырақтың ұланы екенін дәлелдеу кезінде қиынға соқты емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Кеңес дәуірінде одақтас республикалар аясында ұлы ұстаздың біздің бабамыз екенін дәлелдегенімізбен, өзгелерге ол толық жетті деуге болмайды. Оған мысалды жоғарыда айтып кеттім ғой.
Біз бір өнбейтін даудан қашпайтын болып барамыз. “Тисе терекке, тимесе бұтаққа”, деп ұлттық идея жайында түрлі пікірлер де айтамыз. Меніңше, ұлттық идеяға бастайтын алтын көпірдің бірі –осы. Бабаларымыз өшпес ерлігі мен асқан ғұламалығы арқасында әлемге мәшһүр болды. Ал енді оның соңындағы ұрпағы осыны неге жалғастырмайды. Ұлы тектен жаратылғандығын әлем алдында неге мойындатпасқа?! Әл-Фарабидей ғұлама өзге туғандарда бар ма? Иә, жуырда бабамыз жатқан жерден топырақ әкелініп, туған жеріне жеткізілді. Топырақ алып келген жақсы, бірақ бұл шешілген түйін емес қой. Осында келгеннен бері Сирияға барып келген азаматтардың бәрімен хабарластым. Бабамыздың басын қарайту шаруасын бірігіп қолға алайық дедім, суырылып шыққандары шамалы. Ал баба басы жұпыны, турасына көшкенде мұсылмандық белгісі шамалы.
Жуырда жақсы жаңалық естідім, Үкімет басшысы баба басын жаңартуға қажет қаржы бөлінетіндігін айтыпты. Кесененің жобасы дайындалып жатыр. Бірақ Әл-Фарабиге “құда түсушілер” осы күндері де жетіп артылады. Иран ба, әлде Түркия ма, баба жерленген жерді түгелімен заңдастырып, сатып алса қайтпексің? Түйткілді мәселелер жеткілікті. Тағы бір жайды айта кетейін. Моңғолияға барған сапарымда Күлтегін ескерткіші жанынан қыбырлап-тырбанып еңбек етіп жатқан түріктерді көрдім. Жол салып, қонақүй құрылысын бастап жатыр. Ертең сол тарихи орындармен заңдық негізде туристік байланыстарды ретке келтіреді. Барыс-келіс жеңілдейді, кейінгі ұрпақ өздерінің арғы тегі туралы біліп шығады. Ал түрік баласы қазірдің өзінде осы өмірге түрік болып келгеніне қуанады. Олардың ұлттық рухы мықты. Қазақ баласының барлығы қазақ болып туғанына мақтанады деп айта аламыз ба?
– Сіз көп елді аралаған жансыз. Айтыңызшы, осы көріп жүргеніңізде ұлтымызға үлгі болар ел көрдіңіз бе? Өзіңіз айтқандай, ұлттық рухы мұқалмаған елдің қатарына қай жұртты жатқызар едіңіз?
– Маған жапондар ұнайды. Солардан үйренуіміз қажет. Олар өздерінің мәдениетін, дәстүрін сақтай отырып, бүгінгі заманауи өзгерістерден еш кейін қалып жатқан жоқ. Қайта, ғылым-білім, жаңа технология дегендеріңіз өркендеп жатыр. Бірақ осыдан жапон халқының тілі, мәдениеті еш зардап көріп жатқан жоқ. Жапон тілін білмейтін жапондықты кездестірмейсіз. Өздерінің мәдениеті мен дәстүрін сыйлау тұрғысында жапондықтарды бүгінде әлем мойындайды. Жапонияға барған адам жапондарша иіліп сәлемдесіп жатады. Соның кимоносын киеді.
Олар кішкентай балаларын жөргегінен жапон етіп тәрбиелейді. Жапон әйелдерінің көпшілігі үйлерінде бала тәрбиесімен шұғылданады. Біздер де әжелеріміздің, аналарымыздың тәрбиесінде өсіп едік қой. Біздің рухымызды әжелеріміз айтқан аңыздар тербетіп өсірді. Әке айбар болатын. Ал қазір бізде ерлі-зайыптылардың екеуі де ертеден қара кешке дейін жұмыста. Балалардың тәрбиесімен айналысуға да уақыт жоқ. Қазіргі күні қалада өскен бала мен ауылда өскен баланың арасында айырма көп. Ауыл баласының ұлттық рухы мықты ма деймін. Сондықтан қала баласының рухын нықтау үшін реті келсе, жазда демалыста ауылға жіберу қажет. Сосын интернет, теледидар және өзге де ақпарат желістерінде жүйелі түрле жұмыстар атқарылуы тиіс.
Бізге осы жапондардың моделі дұрыс болар еді деп топшылаймын.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.