Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болып, бірқатар нысандарды аралады. Қоғамдық ұйым өкілдерімен, бюджеттік мекеме қызметкерлерімен, студенттер қауымымен кездесті. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысына қатысып, Елбасының ұлтаралық, конфессияаралық саясатының тағылымды тәжірибелерімен ой бөлісті.
Мемлекеттік хатшының алғашқы танысқан нысаны республикалық маңыздағы Жезқазған – Петропавл бағытындағы тасжолдың күрделі жөндеу барысы болды. «К-Дорстрой» АҚ-тың директоры Александр Луценко ені 18 метрге жететін төрт жолақты күре жолды қалпына келтіру жұмыстары кесте бойынша атқарылып жатқанын, жоба құны 5,1 миллиард теңгені құрайтынын, келесі жылы көктемге салым толық аяқталатынын жеткізді. Жаңғырту жұмыстарына 100 техника, 170 адам тартылған.
Бұдан кейін Г.Әбдіқалықова кешенді спорт сарайының ашылу шарасына қатысып, жиналғандарға құттықтау лебізін арнады. Облыс тұрғындарының 27 пайызы спортпен айналысып, саламатты өмір салтын серік еткен. Олимпиада чемпионы, даңқты велошабандоз Александр Винокуров, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, жеңіл атлетші Маргарита Мұқашева, жұдырығы гүрзі боксшы Жанат Жақиянов, тағы басқалары мақтаныштар саналады. Сән-салтанаты келіскен екі қабатты ғимараттың жобалық құны – 3 миллиард теңге. Онда жеңіл атлетика манежі, 500 орындық спорт, тренажер, көркем гимнастика, акробатика, оқу-жаттығу залдары, 1000 орындық жасанды мұз айдыны, велошабандоздарға арналған екі трек алаңы орналасқан.
Н.Погодин атындағы орыс драма театрында Мемлекеттік хатшының қатысуымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оның жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Анатолий Башмаков, облыс әкімі Ерік Сұлтанов, этномәдени бірлестік жетекшілері мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Кеңейтілген отырыста сөйлеген сөзінде Г.Әбдіқалықова тәуелсіз Қазақстанның табысы халықтың бірлігі мен татулығының жемісі екеніне жиналғандардың назарын аударды. Ассамблея жылы аясында ауқымды шаралардың атқарылғанын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын насихаттау, «Ұлы Дала елі» елдік брендін ілгерілету бойынша қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Алқалы басқосуда сөз алған шешендер облыстық ассамблея мен қоғамдық жұмыстардың атқарған жұмысына оң баға берді. Этносаралық қарым-қатынас саласында мемлекеттік саясатты, қазақстандық біртектілік пен бірлікті күшейту және дамыту жөнінде кешенді жұмысты іске асырудың жолдарын, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелерін ортаға салды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс» акциясы барысында облыста 260-тан астам шара жүзеге асқан. 9 мыңға жуық адамға 28 миллион теңгенің көмегі берілген. Облыс орталығындағы әзербайжан қоғамдық бірлестігінің, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аудандарында жұмыс істейтін этномәдени ұйымдардың тәжірибелері таныстырылды.
Кеңесті облыс әкімі Е.Сұлтанов қорытындылап, Президент алға қойған міндеттер мен тапсырмаларды орындауға солтүстікқазақстандықтар барлық күш-жігерлерін жұмылдыратынына сенім білдірді.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Серпін-2050» бағдарламасына қатысушылармен өткен кездесуде сапалы білім, саналы тәрбие алу, теріскейде орнығу, бейімделу, студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. 2014 жылдан бері «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» атты «Серпін-2050» мемлекеттік жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы кезең ішінде Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан келген 600-ге жуық жас өңірдегі кәсіби және жоғары оқу орындарында білім алады. Сіздердің білім қуып, Мағжан еліне келгендеріңіз қуантады. Оқуды жақсы аяқтап, білікті маман болуларыңызға тілектеспін, деді Мемлекеттік хатшы.
Жұмыс сапары аясында Мемлекеттік хатшы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан 320 орындық балабақша құрылысымен танысты. Әйелдер қауымының өкілдерімен жүздесуде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруда нәзік жандардың белсенділігін арттыру, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, рухани-отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасылық-демографиялық саясатты орнықтыру мәселелері негізгі тақырып арқауына айналды.
Г.Әбдіқалықова БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Елбасының тапсырмаларын орындау жолында мемлекеттік органдар алдына іргелі міндеттер жүктелетінін, Қызылжар өңірінде нақтылы шаралар атқарылып жатқанын атап көрсетті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.