21 Қазан, 2015

Қоғамның тірегі – бірлік

465 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
19-08-hatshi-386x500 Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болып, бірқатар нысандарды аралады. Қоғамдық ұйым өкілдерімен, бюджеттік мекеме қызметкерлерімен, студенттер қауымымен кездесті. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысына қатысып, Елбасының ұлтаралық, конфессияаралық саясатының тағылымды тәжірибелерімен ой бөлісті. Мемлекеттік хатшының ал­ғаш­қы танысқан нысаны рес­пуб­ликалық маңыздағы Жезқазған – Петропавл бағытындағы тасжолдың күрделі жөндеу барысы болды. «К-Дорстрой» АҚ-тың директоры Александр Луценко ені 18 метрге жететін төрт жолақты күре жолды қалпына келтіру жұмыстары кесте бойынша атқарылып жатқанын, жоба құны 5,1 миллиард теңгені құрайтынын, келесі жылы көктемге салым толық аяқталатынын жеткізді. Жаңғырту жұмыстарына 100 техника, 170 адам тартылған. Бұдан кейін Г.Әбдіқалықова ке­шенді спорт сарайының ашы­лу шарасына қатысып, жинал­ған­дарға құттықтау лебізін арнады. Облыс тұрғындарының 27 пайы­зы спортпен айналысып, сала­матты өмір салтын серік еткен. Олимпиада чемпионы, даңқты велошабандоз Александр Винокуров, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, жеңіл атлетші Маргарита Мұқашева, жұдырығы гүрзі боксшы Жанат Жақиянов, тағы басқалары мақтаныштар саналады. Сән-салтанаты келіс­кен екі қабатты ғимараттың жоба­лық құны – 3 миллиард теңге. Он­да жеңіл атлетика манежі, 500 орындық спорт, тренажер, көр­кем гимнастика, акробатика, оқу-жаттығу залдары, 1000 орын­дық жасанды мұз айдыны, велоша­бан­доздарға арналған екі трек алаңы орналасқан. Н.Погодин атындағы орыс драма театрында Мемлекеттік хатшының қатысуымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оның жұмысына Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Анатолий Башмаков, облыс әкімі Ерік Сұлтанов, этномәдени бірлестік жетекшілері мен қо­ғамдық ұйым өкілдері қатысты. Кеңейтілген отырыста сөйлеген сөзінде Г.Әбдіқалықова тәуелсіз Қазақстанның табысы халықтың бірлігі мен татулығының жемісі екеніне жиналғандардың назарын аударды. Ассамблея жылы аясында ауқымды шаралардың атқарылғанын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Мәңгілік Ел» жал­пыұлттық патриоттық идеясын насихаттау, «Ұлы Дала елі» ел­дік брендін ілгерілету бойын­ша қоғамдық тұрақтылықты сақтау­дағы маңызды рөлін атап өтті. Алқалы басқосуда сөз алған шешендер облыстық ассамблея мен қоғамдық жұмыстардың ат­қарған жұмысына оң баға берді. Эт­носаралық қарым-қатынас саласында мемлекеттік саясатты, қа­зақстандық біртектілік пен бір­лікті күшейту және дамыту жөнінде кешенді жұмысты іске асырудың жолдарын, жаңа қазақ­стандық патриотизмді қалып­тастыру мәселелерін ортаға салды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс» акциясы барысында облыста 260-тан астам шара жүзе­ге асқан. 9 мыңға жуық адамға 28 миллион теңгенің көмегі беріл­ген. Облыс орталығындағы әзер­байжан қоғамдық бірлес­тігінің, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев ау­дан­дарында жұмыс істейтін этно­мәдени ұйымдардың тәжіри­белері таныстырылды. Кеңесті облыс әкімі Е.Сұл­та­нов қорытындылап, Президент алға қойған міндеттер мен тапсыр­маларды орындауға солтүстік­қа­зақ­стандықтар барлық күш-жігер­лерін жұмылдыратынына сенім білдірді. М.Қозыбаев атындағы Сол­түс­тік Қазақстан мемлекеттік уни­­вер­­ситетінде «Серпін-2050» бағ­дар­ламасына қатысушылармен өткен кездесуде сапалы білім, са­налы тәрбие алу, теріскейде орнығу, бейімделу, студенттердің шы­ғар­машылық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. 2014 жылдан бері «Мәңгілік Ел жас­тары – индустрияға» атты «Сер­пін-2050» мемлекеттік жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы кезең ішінде Оңтүстік Қазақстан, Қы­зылорда, Маңғыстау, Алматы об­лыстарынан келген 600-ге жуық жас өңірдегі кәсіби және жоғары оқу орындарында білім алады. Сіз­дердің білім қуып, Мағжан еліне келгендеріңіз қуантады. Оқу­ды жақсы аяқтап, білікті маман бо­лу­ларыңызға тілектеспін, деді Мемлекеттік хатшы. Жұмыс сапары аясында Мем­лекеттік хатшы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шең­бер­інде салынып жатқан 320 орын­дық балабақша құрылысымен та­нысты. Әйелдер қауымының өкіл­дерімен жүздесуде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруда нәзік жандардың белсенділігін арт­тыру, әйелдер кәсіпкерлігін қол­дау, рухани-отбасылық құн­дылықтарды нығайту, отбасылық-демографиялық саясатты ор­нықтыру мәселелері негізгі тақы­рып арқауына айналды. Г.Әбдіқалықова БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында Ел­ба­сының тапсырмаларын орындау жолында мемлекеттік орган­дар алдына іргелі міндеттер жүк­те­летінін, Қызылжар өңірінде нақ­тылы шаралар атқарылып жат­қанын атап көрсетті. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.