Туған өлкеміздегі жер-су, елді мекен атауларының отаршылдық-тоталитарлық дәуірлерде қандай өзгерістерге түскені бізге тарихтан белгілі. Біз, бүгін, осы жер-су (топонимикалық) атауларының шығу тарихына тереңірек үңілсек, онда үлкен сыр жатқанын білеміз. Ендеше, ескі атауларды қалпына келтіру тарихи әділеттілікті орнату деген сөз. Міне, сондықтан да, Оңтүстікте ономастика мәселесіне үлкен мән беріледі. Біздің облыста байырғы жер-су атауларын қайтару жұмысына аса маңызды әлеуметтік мәселе деп қарайды. Тәуелсіздігімізге тәубе дей отырып, облыс аумағындағы отаршылдық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан біртіндеп арылып келеміз. Республика бойынша бүгінгі таңда бір мыңнан астам елді мекеннің атауы өзгертілсе, соның 404-і біздің облысқа тиесілі. Бұндай көрсеткішке зиялы қауым мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің және жергілікті ономастика комиссиялары тарапынан ұзақ жылдар бойы тынымсыз жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде қол жеткіздік.
Ономастика саласының барлық жетістіктері мен кемшіліктерін әйгілейтін құжат – ол Қазақстанның және облыстардың әкімшілік-аумақтық карталары. Бұрын Кеңес Одағы тұсында Қазақстанның әкімшілік-аумақтық картасы Ресейдің картасына ұқсайтын, себебі жер-су, елді мекен атауларының басым бөлігі өзге тілде болатын. Еліміздің картасы да өзге тілде жасалатын. Енді Қазақстанның картасын қазақ тілінде жасайтын уақыт келді. Ол үшін, байырғы жер-су атауларымызды қайтару бүгінгі күннің басты міндеті! Еліміз егемендік алғалы Қазақстанның картасы да едәуір өзгеріп, қазақшаланып келеді. Дегенмен, еліміздің солтүстік, шығыс, орталық облыстарында орысша атаулар әлі де сіресіп тұрғаны картадан байқалады. Соның ішінде, Петропавл мен Павлодар қалаларының атаулары сол күйінде өзгермей келе жатқаны біздің де жанымызға аяздай батады. Бұл атауларды ауыстыру жөнінде жергілікті билік орындарына Елбасы тарапынан тапсырма берілгенінен де хабардармыз. Бұл енді намыстың ісі болып тұр! Алайда осы атауды ауыстыруға кейбір басшылардың батылдығы мен рухы жетіңкіремей жүр немесе намысы мен рухы бір арнаға тоғыспай тұрған сияқты. Петропавл қаласын – Қызылжар қаласы деп өзгертуге әркім шама-шарқынша қолдау көрсеткені жөн. Бәріміз қолдап-қуаттап, жабыла кірісіп Қызылжар атауын қайтара алсақ, онда қазақтың бір ұлттық мүддесі орындалар еді.
Тәуелсіздік алғанымызға 18 жылдан асқанымен, мұндай мыңдаған атаулардан әлі де арыла алған жоқпыз. Өткен ғасырдағы отаршылдық заманды, одан кейінгі кешегі кеңестік кезеңді еске салатын республикамыздағы бірнеше қала мен ондаған ауданның және жүздеген елді мекеннің атаулары орыс тілінде екендігі өкінішті-ақ. Осы орайда, мына бір сөздің есіме түсіп тұрғаны. Әлемге әйгілі саясаткер Уинстон Черчилль бірде: “Саясаттың да серті болады. Оның біріншісі – кешікпеу. Ұлттық мүдде ұтатын жерде ешуақытта кешікпеу керек. Шешімді тез қабылдаған жөн... Екіншісі – асықпау. Ұлттық мүддеге нұқсан келетін, я болмаса аяқасты етілетін жағдайда шешім қабылдауға ешуақытта асықпау керек. Сағыздай созып, сөзбұйдаға салып, оны келесі буынның үлесіне қалдырып кету керек деген екен.” Біз бәріміз осы сөзден міндетті түрде қорытынды шығаруымыз керек. Өйткені, бұл ұлт үшін, болашақ ұрпақ үшін аса қажет дүние!
Оңтүстік Қазақстан облысында 873 елді мекеннің 404-ін (7 аудан, 2 қала, 85 ауылдық және кенттік округ, 310 ауыл ) өзгерткеннің өзінде әлі 33 ауылдың атауы тәуелсіз заман талабына сай болмай отыр. Өздеріңізге белгілі, былтырғы жылы еліміздегі халық санағына байланысты 2008 жылдың 1 шілдесінен бастап елді мекен, көше атауларын қайта атау Үкіметтің қаулысымен уақытша тоқтатылды. Халық санағынан кейін Мемлекеттік хатшының хатына сәйкес, объектілер атауын өзгертуге үстіміздегі жылдың 1 наурызына дейін мораторий жарияланды. Сол себепті облыстағы 33 ауылдың атауы өзгертілмей қалды.
Шындығын айтсақ, облыстық ономастика комиссиясына байырғы жер-су атауларын қайтару туралы ұсыныстар келсе қуана қолдаймыз. Сол арқылы еліміздің ұлттық келбетін қалыптастыруға үлес қосатынымызды білеміз. Ұлттық атаулар тәуелсіз мемлекетіміздің бет-бейнесі болса, ал шекара маңындағы елді мекен атаулары Қазақстанның бет-пердесі іспетті. Сондықтан да, өзіміз түгілі өзгеге де қазақтың жері мен суын, қаласы мен даласын, тілі мен тарихын танытатын ұлттық атауларымызды қайтарып, тарихи-географиялық атауларымызды қалпына келтіруге білек сыбанып кірістік.
Қазіргі кезде ұлттық ономастика жай тарихи-мәдени мұра ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси маңызды мәселе болып отыр. Ономастика жұмысының маңыздылығын ескеріп, ауыл, аудан (қала) әкімдерінен тәуелсіз елдің топонимикасы да тәуелсіз болуы үшін, әсіресе, Қазақстан шекарасы төңірегіндегі әрбір елді мекеннің атынан ұлттық болмыс пен ұлттық тарихтың иісі сезіліп тұратындай, ол атауды оқыған отандасымыздың бойын мақтаныш сезімі билейтіндей атына заты сай, мән-мағыналы қазақы атаулар ұсынуын талап еттік. Осы мақсатта Өзбекстанмен шекаралас жатқан аудан, кент, ауыл атауларын ауыстыруды бірінші кезекте қолға алдық. Соған байланысты, облономкомның мүшелерінен құралған топ (құрамында ономаст-ғалым, заңгер, тарихшы, тілшілер бар) 2006 жылы Сарыағаш, Мақтаарал, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандары мен Түркістан, Арыс қалаларына қарасты ауылдарға барып, ономастика саласындағы заңнамаларды тұрғындарға түсіндіріп және бұқараның бүгінгі таңдағы ономастикаға деген ынта-ықыласын демократиялық, құқықтық, өркениетті ұйғарымдар жасауға икемдеп, ономастика мәселелерінде шынайы әділеттіліктің орнығуына және “атамның атын ауылға, көкемнің атын көшеге” деген тар пиғылдан арылып, келешекті ойлауға бағыттадық.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы аудандық, қалалық ономастика комиссияларына әдістемелік көмек ретінде соңғы 4 жылда ономастикалық жұмысқа қатысты 7 түрлі нұсқаулық, анықтамалық кітаптар шығарып, аудан, қалаларға таратты. “Қазақстан” РТРК АҚ “Қазақстан-Шымкент” ОҚО филиалымен бірлесіп “Тіл мен діл” хабарын ұйымдастырып, телехабарда ономастика мәселелері бойынша жергілікті ономком төрағалары мен хатшыларының эфир арқылы сөз алуына мүмкіндік туғызылды.
Облономком 2006 жылдан бастап, аудан, қалалардағы ономастикалық жұмыстың жағдайына тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша аудандық, қалалық ономком төрағаларының есептерін тыңдауды тәжірибеге енгізді. Облономкомның 2006 жылғы мәжілісінде Мақтаарал ауданы мен Түркістан қаласы әкімдері орынбасарларының, ал 2007 жылғы мәжілісінде Сарыағаш, Сайрам аудандық ономастика комиссиялары төрағаларының есептері тыңдалып, олардың ономастика саласындағы атқарған жұмыстарына “қанағаттанарлықсыз” деген баға беріліп, комиссия төрағаларына тәртіптік шара қолдану жөнінде аудан әкімдеріне ұсыныс берілген болатын. Дәл осындай жұмыс аудандар мен қалаларда жүргізілетін болса, онда ауыл әкімдері көшеге кім болса соның атын қоймас еді...
Үш жыл ішінде облономком тарапынан 6 аудан мен 3 қаланың ономастика саласындағы атқарған жұмыстарының жай-күйіне тексерулер жүргізіліп, оларға практикалық көмек көрсетілді. Комиссияда 12 аудандық, қалалық ономком төрағаларының есептері тыңдалып, оларға тиісті шаралар қолданудың және талап етудің нәтижесінде 1 қала мен 2 ауданда ономастикалық олқылықтар жойылды. Түркістан, Кентау, Шымкент қалалары мен Мақтаарал, Сарыағаш, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында 92 елді мекен мен 14 мектептің тарихи атаулары қайтарылып, екі мыңдай көше аттары өзгертіліп немесе жаңадан ат қойылды. Облыста 2008 жылы 48 ауылдың атаулары ауыстырылса, соның екеуі ғана адам аттары, ал 46-сы тарихи атаулар. Келешекте елді мекендерге адам аттарын бермеу бағытында батыл қадам жасау міндеті туындап отыр. Яғни, облономком тарапынан жүргізілген есеп тыңдау, түсіндіру, тексеру, үгіт-насихат, ұсыныс хаттар жазу, әдістемелік құралдар шығару және өткізілген түрлі іс-шаралардың барлығы да өз жемісін берді. Атқарылған жұмыстың нәтижесі ретінде “Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық картасы” мемлекеттік тілде жасатылып, әкімдіктер мен басқармаларға таратылды. Осы карта сызбасын оқырмандарға да ұсынып отырмыз.
Ономастика жұмысының маңыздылығын ескеріп, 2009 жылғы облыс әкімдігінің қаулысымен облономком төрағалығына облыс әкімі Асқар Мырзахметов бекітілді. Соған байланысты, аудандар мен қалаларда да жергілікті комиссиялардың төрағалары болып, аудан, қала әкімдері бекітілді. Облономком төрағасы Асқар Исабекұлы былтырғы жылы объектілерді атауға және қайта атауға мораторий жариялануына орай, облыс аудандары мен қалаларында елді мекен, мектеп, көше атауларына талдау, сараптау жұмыстарын жүргізуді облыстық тілдерді дамыту басқармасына тапсырған. Облыс әкімі биыл осы тапсырманың орындалуы жөнінде басқарма бастығының есебін тыңдай келе, тиісті органдардың басшыларына 33 ауылдың байырғы атауын қайтаруды, тәуелсіздік талаптарына сай келмейтін 597 көшенің атын өзгертуді және жаңадан салынған 506 көшеге ат қоюды міндеттеді. Сонымен бірге, А.Мырзахметов аудан, қала басшылары мен зиялы қауымға, ономастика саласына рухани сілкініс қажет екенін айтып, ұлттық мәдениетіміздің феномені болып отырған көне атауларды тілдік мұра, тарихи жәдігер ретінде сақтап қалу, қалпына келтіру мәселелері бүгінгі күннің басты назарында болатындығын жеткізді.
Былтыр облыстағы жер-су, елді мекен аттарының пайда болуына, шығуына байланысты аңыз-әңгімелер мен ол атаулардың қалыптасу, өзгеру тарихынан қысқаша мәліметтер қамтылған “Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы” туралы кітап жарық көрді. Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті студенттерінің қатысуымен “Қазақстан-Шымкент” телестудиясында “Атаулар сыры” атты телеойын өткізіліп, ол республикалық “Мемлекеттік тіл және БАҚ” байқауында ІІ орынды иеленді.
Биылғы 1 наурыздан 2009 жылы жарияланған мораторийдің аяқталуына байланысты, облыс әкімі А.Мырзахметов облономкомның кезекті мәжілісін өткізіп, оның қорытындысы бойынша 6 ауылдың байырғы аттарын қайтару, жаңадан құрылған 2 елді мекенге ат қою жөнінде ұйғарым қабылдады. Комиссия отырысында Шымкент, Кентау қалалық, Шардара, Бәйдібек аудандық ономастика комиссияларының атқарған жұмыстары туралы аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалып, олардың ономастика саласында атқарған жұмыстары қанағаттанарлықсыз деп танылды. Облономком мәжілісінің хаттамалық шешімімен Шымкент қаласындағы отаршылдық-тоталитарлық дәуірлерден қалған 200-ден астам көше аттарын лайықты атаулармен өзгертуді, көшелер мен ғимараттардағы маңдайша, жарнама жазулары мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің тілдік, көркемдік, архитектуралық жағынан заңнама талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі жұмыстарға тиісті органдардың барлығын жұмылдырып, нақтылы шараларды іске асыруды және елуден астам аялдаманың атауларын бүгінгі заман талаптарына сәйкестендіруді 1 шілдеге дейін реттеуді қала әкіміне тапсырды. Аудандар мен қалаларға қарасты елді мекендердегі атауы жоқ көшелерге өркениетке сай ат қою үшін арнайы ереже әзірлеуді, Шымкенттегі кәсіпкерлік нысандардың атауларына мониторинг жүргізіп, олардың шет тілдеріндегі аттарын қазақша атаулармен ауыстыру үшін ұлттық атаулардың тізімін жасап, оларға ұсынуды және ономастика саласындағы проблемаларды шешу мақсатында “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді облыстық тілдерді дамыту басқармасына жүктеді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының 2010 жылға арналған жұмыс жоспарында нақты 14 іс-шараны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұдан былай комиссия мәжілісі ай сайын өтетін болып келісілді. Алайда, ономастика жұмыстарына байланысты заңнамалардағы олқылықтардан бірқатар мәселелерді нормативтік құқықтық тұрғыдан шешу жағы күрделі күйінде қалып келеді. Сондықтан, осындай күрмеуі қиын проблемаларды арнайы жаңа заң қабылдау арқылы іске асыруға болады. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, топонимика саласында жүргізіліп отырған тілдік саясат тәуелсіздікті нығайту, мемлекеттік сәйкестікті қалыптастырудағы басымдықтардың бірі болғандықтан, ономастикадағы қордаланып қалған проблемаларды шешу үшін елімізге “Ономастика туралы” арнайы заң қажеттігі күн өткен сайын айқын сезілуде.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ, ОҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы, облыстық ономастика комиссиясының хатшысы.