31 Шілде, 2010

Абай есімін асқақтатқан абзал

584 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақ халқы өзінің ар-намы­сына айналған ұлдары мен қыз­да­рын лайықты құрметтеп, әрқа­шанда ұмытпайды. Бір Алладан кейінгі сиынары да, арқа сүйері де солар. Аруақтарды әспеттеу ежел­ден қа­лыптасқан игі дәстү­рі­міз. Халқымыз жақсылыққа, па­расаттылыққа және имандылыққа үндейтін данышпан­дарын, ақыл-ойдың шамшырағын жаққан ғұла­маларын және ел қорғаған батыр­ларын үнемі мақтан етіп, артқа қалдырған өсиеттерін рухани азық етеді. Сондықтан да еліміз әлемдік өркениеттің төрінен лайықты орын алып, өміршеңдік қадір-қасие­тімен дүние жүзіне барған сайын кең таныла түсуде. Осындай теңдесі жоқ тұлғала­рымыздың алдыңғы сапында ұлт ұстазы атанған ұлы ақын-философ Абай Құнанбаев тұр. Бұл даныш­панды тек қазақ халқы емес, елі­мізді мекендеген басқа да көптеген ұлт өкілдері орынды мақтаныш ете­ді. Сол кісінің гуманистік өсиет­теріне әрқашанда сай болуды олар өздеріне зор абырой санайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігінің арқа­сында Абайдың даңқы бүгінде дү­ние жүзіне кең жайылды. Ол тәуел­сіз қазақ елінің бірден-бір ны­ша­нына айналды. Абай десе, шетел­дік­тер қазақты бірден танитын бол­ды. Президентіміздің бастамасымен әлемдік ұйым – ЮНЕСКО ше­ң­бе­рінде ғұламаның 150 жылдық ме­­рей­­тойы салтанатпен атап өтіл­гені бел­гілі. Тағы да Нұрсұлтан Әбіш­­­ұлының үлкен беделі арқа­сын­да Ресей мем­лекетінің төрі – Мәс­кеуде Абайдың тамаша ескерт­кіші бой көтерді. Ақын есімі тең­десі жоқ тұлға ретінде көптеген шет­е­лдерде әс­петтеліп отыр. Атап айт­сақ, Еги­пет­те, Түр­кияда, Гер­манияда, Фран­ция­­да және басқа достас мемлекеттерде. Тәуелсіз Қазақстанда Абай есімі үлкен құрметке бөленген. Бізде мек­тептер, жоғары оқу орындары, мә­дениет мекемелері, қала мен ау­дандар және көшелер ақын атымен аталады. Соның бірі – Жамбыл облысындағы қазақ драма театры болатын. Бұл мәдениет орталығына Абай есімі 1945 жылы берілген. Ал сол облыстық қазақ драма театры қазір Абай есімімен аталмайды. 1974 жылғы Қазақ Совет энцикло­пе­диясының 4 томындағы 254 бет­те: “Абай Құнанбаевтың 100 жыл­ды­ғына орай 1945 жылы Жамбыл об­лыстық қазақ драма театрына Абайдың есімі берілді” деп тайға таңба басқандай жазылған. Осы тақырыпта 2004 жылдан бері жеті мақала жаздым. Олар республи­ка­лық басылымдарда жарияланды. Менің мақалаларыма үн қосып республикалық басылымдарда бір­неше мақала да жарық көрді. Оның бәрін көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Бір айта кететін жайт, менің Абайға қатысты баспасөзде жарық көр­ген мақалаларымның бәрі Мә­дениет министрлігіне жіберіліп, хат жазылды. Мұрағаттардан алынған құжаттар да қоса жолданылды. Амал не, Абай есімін театрға қай­тартуға ешбір әрекет жасалмады. Мен осы маңызды мәселе жө­нін­де облыстың жаңа әкіміне де, әкім­нің орынбасарына да айттым. Қолымдағы дәлел-дәйектерді көр­сеттім. Содан бері жарты жыл өтсе де “баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер түкті байқамастың” кебі келді. Орын алған кемшіліктерді түзетуге ешбір шара қолданылған жоқ. Міне, ұлы Абайдың туғанына 165 жыл толуын тойлайтын кезең де ке­ліп жетті. Өкінішке қарай, Жам­был об­лыстық қазақ драма теат­ры 2004 жыл­дан бері ақын есі­мін­сіз жетім­сі­реп, иесіз қалған күндерді бастан кешуде. Сағат АРЫНҰЛЫ, соғыс және еңбек ардагері. Тараз.