Уақытпен үндескен үрдіс
Біріккен Ұлттар Ұйымы әзірлеген электронды үкіметке жаһандық дайындықтың жыл сайынғы рейтингі бойынша Қазақстан Ресей (59-орын), Беларусь (64-орын) және Украина (54-орын) елдерін артта қалдырып, әлемдік рейтингте жоғары сатыға көтерілу арқылы бірқалыпты алға басушылықтың айқын нышандарын танытуда. Елде 70 мыңға жуық (заңды да, жеке де тұлғалар) “Е-үкімет” қызметін пайдаланушылар тіркелген.
Азаматтардың электронды мемлекеттік жобаларға “электронды қатысуы” көрсеткіші бойынша классификациялауда Қазақстан 0,5270 индексімен (24-орын) әлемдік орташа деңгейден айтарлықтай алға шығып, 2008 жылмен (106-орын) салыстырғанда 18-орында тұр.
Әлем елдерінің электронды үкіметті пайдалануға дайындық деңгейін бағалау БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік даму департаментінің қызметі аясында жүзеге асырылады. Ол жыл сайын әлемдегі 192 ел бойынша осы технологиялардың әлеуеті мен даму мүмкіндіктерін көрсететін есепті жариялап отырады.
БҰҰ рейтингі көшбасшыларының алғашқы бестігінде бұрынғысынша Оңтүстік-Шығыс Азияның, Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың, Корея, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Нидерланды сияқты жетекші елдері тұр.
Қазақстан рейтингінің көтерілуіне жалпы пайдаланымдағы ақпараттық жүйелер мен желілерді модернизациялауға және жаңаларын енгізуге бағытталған тиімді технологиялық саясаттың тұрақты түрде жүргізіліп отыруы, сол сияқты, қазіргі заманғы және жоғары сапалы қызметтер рыногының дамытылуы өзінің оң ықпалын тигізді.
ІCT-Marketіng зерттеу компаниясының жыл сайынғы жүргізетін зерттеулеріне сәйкес, 2009 жылдың соңында 3,16 миллион адам немесе Қазақстан Республикасы халқының 19,8 пайызы интернет қызметін пайдаланған. Осылайша, оның алдындағы бір жылмен салыстырғанда аталған көрсеткіш 30 пайыздан астамға ұлғайған. Мәселен, 2008 жылдың соңында ең болмағанда айына бір рет интернет қызметін пайдаланатын тұрақты интернет аудитория Қазақстан қалаларында интернет пайдаланатын ересек адамдардың 84 пайызын құраса, бұл сан өткен 2009 жылдың соңында 92 пайызды құраған.
Интернет пайдаланылатын негізгі орын бұрынғысынша үйлер, яғни пәтерлер болып қалып отыр. Егер 2008 жылдың қазан айында 70 мыңнан асатын тұрғыны бар қалалардағы ересек интернет пайдаланушылардың 56 пайызы интернетті өз үйлерінде қолданса, 2009 жылдың соңында бұл көрсеткіш 61 пайызға жеткен. Оның есесіне жұмыстағы интернет 2008 жылғы 17 пайыздан 2009 жылы 14 пайызға төмендеген.
Мемлекет пен азаматтар үшін “Электронды үкімет” қызметін ұсынуда да елеулі нәтижелер бар. “Электронды үкімет” порталы тұрақты жұмыс істеуде, сол сияқты, оны дамыту ісі де одан әрі жүргізілуде. 2009 жылдың өзінде 15 түрлі қызмет қосымша іске қосылған. Оған қатысушылар қатары қазіргі кезде 1,6 миллион адамнан асып отыр. Бүгінде порталда барлығы 59 электронды қызмет жүзеге асырылып, оларды 45 мыңнан астам адам пайдаланған.
Мәселен, электронды қызмет арқылы сотталмағандығы туралы, жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқ екендігі туралы, ӘДК мен СТН туралы анықтамалар алуға болады. Бұларды электронды-сандық қолтаңбаның көмегі арқылы ғана жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталығының 28 Тіркеу орталығы ашылды. Бүгінде Ұлттық куәландырушы орталықтың 53 мыңнан астам электронды-сандық қолтаңбалары шығарылды.
Орталық мемлекеттік органдардың электронды мемлекеттік қызметтерін дамытудың сыртында, жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік қызмет көрсетуді дамыту жөнінен де елеулі жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, 2009 жылдың қарашасында “Е-әкімдік” жүйесі тәжірибелік пайдалануға қосылды, ол қазіргі уақытта 5 электронды сервистер ұсыну арқылы Павлодар облысы әкімдігінде сынақтан өтуде.
“Электронды үкімет” мәселелері және инфрақұрылымның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінен нормативтік актілер пакеті әзірленіп, элктронды қызметті қарқынды алға бастыру жолымен мемлекетті дамытуға бағытталған Шеберлік-жоспар бекітілді. “Электронды үкіметтің” жаңа компоненттерін құру және дамыту жөнінен де белсенді жұмыстар жүргізілуде.
16 әкімдік, оның ішінде Астана мен Алматы қалалары бар, Электронды құжат айналымының бірегей жүйесіне қосылды, ведомствоаралық құжат айналымы орталығына модернизациялау жұмыстары жүргізілді.
“Электронды үкіметтің” Төлем шлюзін дамыту шеңберінде екінші деңгейлі банктермен интеграция жолға қойылып, төлем карталары және ағымдағы банктік шоттарды пайдалана отырып төлем төлеудің тетіктері жүзеге асырылды. Сол сияқты, төлем карталары, банктік шоттар және СМС арқылы мобильді оператордың қысқа нөмірі бойынша төлем төлеу тетіктері де қарастырылды. Екінші деңгейлі төрт банкпен қызметтестік жолға қойылды. Олардың қатарында Казкоммерцбанк, БТА, Нұрбанк және Ресей жинақбанкі сияқты қаржы ұйымдары бар. Қазірдің өзінде төлем шлюзін пайдалана отырып Салық комитетінің 120 түрлі салықтары мен Әділет министрлігінің қызметтеріне ақы төлеуге болады.
“Электронды үкімет” пен электронды қызметті дамыту бағыты бойынша 2009 жылдың желтоқсан айында Астана қаласында қанатқақты аймақта “Е-нотариат” Бірегей нотариалдық ақпараттық жүйе инвестициялық жобасы өнеркәсіптік пайдалануға қосылды. Ол нотариустардың тиімді жұмысын және олардың республикалық, аумақтық нотариалдық палаталармен, Әділет министрлігімен, халықпен арадағы тиімді жұмысын қамтамасыз етіп, сапалы да уақытылы нотариалдық қызмет көрсетуге әрі нотариалдық іс-қимылдардағы есептіліктің нақтылығын қамтамасыз етуге жағдай жасайтын болады. 2010-2012 жылдары бұл тәжірибе бүкіл республикаға таратылады деп жоспарланып отыр. Аталмыш жобаның жүзеге асуы мәмілелер жасаған кезде заңды және жеке тұлғалардың құжаттарын, жылжымайтын және жылжыйтын мүліктерді, сондай-ақ жер учаскелерін салыстыру мен тексеру есебінен алаяқтықтың орын алу тәуекелдерін төмендетпек.
Өткен жылдан бастап “Е-лицензиялаудың” Мемлекеттік мәліметтер базасын құру жөнінен жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде жүйеге 10-шақты мемлекеттік орган қосылды, биылғы жылы тағы да осынша меморгандар қосылатын болады. Жоба толығынан 2012 жылы аяқталады деп күтілуде. Қазірдің өзінде лицензияр мемлекеттік органдар лицензияларды электронды түрде беруді қолға алды.
Мемлекеттік электронды сатып алулар порталы қазіргі таңда еліміз бойынша ең көп пайдаланылатын порталдардың бірі болып отыр. Автоматтандырылған интеграцияланған “Электронды мемлекеттік сатып алулар” ақпараттық жүйесі тапсырыс берушілер мен өнім жеткізушілердің мұқтаждарын бірегей ақпараттық ортада үйлестіре отырып, “Электронды үкіметтің” жалпы бейнесінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Мемлекеттік сатып алуларды электронды жолмен жүзеге асыру осы саладағы сыбайластық заң бұзушылықтарды болдырмауға, процедуралардың ашықтығын қамтамасыз етуге, сонымен бірге, адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге жағдай туғызып, шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарының мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізуіне жол ашатын болады.
Уақытпен үндескен қызмет түрінің бүгінгі таңдағы даму көкжиегі міне, осындай. Бұл бағытта қазірдің өзінде қомақты табыстарға жетіп отырған Қазақстанның болашақта бұдан да зор асуларды аларына күмән жоқ. Оған бүгінгі қол жеткізілген жетістіктердің өзідері-ақ дәлел бола алады.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.
Электронды жүйенің мүмкіндіктері мол
Жақында Жоғарғы Сот аппараты басшысының орынбасары Болат Сақалов Шығыс Қазақстан облыстық сотына арнайы қызмет сапарымен келді. Оның мақсаты – “Сот істерінің анықтамалығы” атты жаңа электронды жүйенің тұсаукесерін өткізу. Аталмыш шараға облыстық сот алқаларының төрағалары, аудандық соттардың, соттар әкімшісінің, облыстық соттың қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар тұсаукесерге құқық қорғау органдарының, прокуратураның, ШҚО бойынша ҚРБП ҚС және АЕКБ-ның, өзге де мемлекеттік органдардың, адвокатураның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.
Соңғы жылдары Жоғарғы Сот Қазақстанның сот жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен және жоспарлы түрде енгізу жұмыстарын жүргізуде. “Электронды үкімет” бағдарламасы аясында барлық соттарда “ҚР сот органдарын бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі” бағдарламасы орнатылған. Аталған бағдарлама сот жүйесі ішінде де, сол сияқты оның сыртында да электронды құжат айналымын қамтамасыз ете отырып, сот істерін жүргізуді бір жүйеге келтіріп отыр.
– Бағдарламаның авторы және оны әзірлеуші Жоғарғы Сот аппараты басшысының орынбасары Болат Сақаловтың қажырлы еңбегінің арқасында сот жүйесі жаңа техникалық жетістіктерді пайдалану арқылы дамудың жаңа сатысына ауысып, қарқынды жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта сот отырыстары дыбыс-бейнежазу жүйесін пайдалану арқылы өткізіледі, бейнеконференцбайланыс жүйесі ойдағыдай жұмыс істеуде, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Мұхамеджан Пақырдінов тұсаукесер рәсімінде.
Сонымен қатар, облыстық соттың төрағасы Мұхамеджан Пақырдінов, Елбасымыздың республика судьяларының V Съезінде ақпараттардың айқындылығы мен тұрғындардың қолжетімділігі, сот жүйесінің жариялылығы мен ашықтығына үлкен мән берген, сондықтан сот жүйесін барлық жерде ақпараттандыру аталған міндеттердің жүзеге асуына алғышарт болады деп аталған шараның тұсауын кесті.
Болат Сақалов қатысушыларды жоғарыда аталған бағдарлама аясында “Сот істері анықтамалығының” негізгі жұмыс істеу қағидаларымен таныстырып, Шығыс Қазақстан облыстық сотының ресми сайтында осы қызметтің техникалық мүмкіндіктерін көрсетті. Болат Сақалов әлемнің көптеген елдерінің арасында сот жүйесіндегі іс жүргізу тек қана Қазақстанда толық түрде электронды (қағазсыз) жүйеге ауысқанын атап өтті.
Шараның соңында қатысушылар Болат Сақаловқа оның белсенді азаматтық ұстанымы, жоғары отансүйгіштік қасиеті үшін, қолданыстағы электрондық бағдарламаға жаңалықтар енгізу арқылы сот өндірісін ақпараттық және технологиялық қолдаумен қамтамасыз еткені үшін алғыстарын білдіріп, еңбегіне табыстар тіледі.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.