04 Тамыз, 2010

Құрамадан құйылған құрыш

446 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Астана қаласындағы Журналистер үйінде Қостанай жерінде құрастырылып шығарылған оңтүстіккореялық “Ssang Yong” көлігінің алғашқы тобын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне таныс­тыруға арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Бір жағы аталмыш көліктің тұсаукесері ретінде түңдік көтерген бұл жиынға екі елдің осы өнімді шығаруға қатысы бар мекемелерінің жетекшілері қатысты. Баспасөз мәслихатының кіріс­пе­сін­де Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Бақберген бірінші болып сөз алып, Қазақстан мен Оңтүстік Корея мемлекеттері арасындағы ав­томобиль өнеркәсібі бағытындағы байланыс­тың бастауына тоқталды. Мұның өзі Президент Н.Назар­баев­тың аталмыш елге ресми са­пар­мен барған кезінен арналы ар­қау тарта­ды. Сол жолғы мемле­кет­аралық уағдаластық нәти­жесінде Қостанай­дағы “Қазақстан Агро­маш­холдингі” АҚ кәсіпорны­ның базасында “Ssang Yong” көлігін құ­растырып шығаруға негіз қалаудың мүмкіндігі туды. Оны көп жыл­дар­дан бері өзара ынтымақты жұмыс жасасып келе жатқан кореялық көлік шығарушы “Ssang Yong Motors Cor­po­ratіon” компаниясы мен қазақ­стан­дық “Allur Auto” автомобильдер компа­ниясы тобы бірге ұйымдас­тыр­ды. Жоба еліміз­дің отандық эко­но­миканың қуатын арттыруды көздей­тін өндірісті жетілдіруге арналған мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігіне жатады. Сонымен бірге ол Елба­сының “Қазақстанда жасалған” атты патриоттық бастамасын жү­зеге асырудың бірден-бір нақтылы жолы болып табылады. – Біз Қазақстан аумағында қазіргі заманауи автомобиль құрас­тыру өндірісінің құрылуын үлкен та­рихи оқиға деп бағалаймыз, – деді төрағаның орынбасары. – Елі­мізде жаңа көлік құрастыру кон­вейе­рінің қатарға қосылуының өзі әлемдік мәшине жасаушылардың келешек біздің республикамызда тиімді жұмыс жасасу мүмкіндігінің бары­на сеніп отырғанын көрсетеді. Бұл – бір. Екінші жағынан, жоғары тех­­­­нологиялы көліктерді құрас­ты­рып шығару отандық автомобиль өнеркәсібінің Ресей және Беларусь елдерімен кедендік біртұтас кеңіс­тік жағдайындағы бәсекелестікті арттыруға тың серпін береді. Айтатыны жоқ, бұл шынында да еліміздің автомобиль құрастыру са­ла­сындағы үлкен жаңалық болып отыр. “Сүйегі корейлік, еті біздікі” бо­лып отырған сол көліктердің бір­нешеуін Журналистер үйіне жеткен бойда өзіміз де тамашалап көргенбіз. Ғи­мараттың алдына қаңтарылып қой­ылған олар көзге әсем көрінді. Құ­рамадан құйылған құрыштай бе­рік, сүліктей көрікті көлік тоты­дайын таранып-ақ тұр. Орыс тілінде “вне­дорожник” деген сипаттамаға ие бұл жолсызбен жүре алатын көлі­к­тер­дің қазақ даласы­ның кез келген пұшпағы үшін бөтен бола қоймасы анық. – Біз Қазақстанда жинасты­рыл­­ған “Ssang Yong” автомоби­ль­­дерінің сапасына ризамыз, – деді “Ssang Yong Motors Corporatіon” компа­ния­сы­ның ТМД елдері бойынша ме­неджері Ру Йон Хон біздің осы ойы­мызды қуаттағандай баспасөз мәс­ли­хатында. – Қазірдің өзінде мамандар мен тұтынушылар олар­дың Оңтүстік Кореяда құрас­тырыл­ған нұсқасынан кем түсе қой­май­тынына көз жеткізе алады. Қазақ­стандағы кәсіпорында барлық технологиялық талаптар сақталып, өнеркәсіп және сапа менеджменті жүйесі іске қосылды. Бұған кәсіп­орынға жұмысқа тартыл­ған көпте­ген мамандардың Оңтүстік Корея зауыттарында арнайы оқу курста­рынан өтіп қайтқаны да оң әсер еткен сияқты. Ал сөзінің басында Ру Йон Хон мырза екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсудегі өте маңызды қадам болып табылатын жобаның жақсы бас­тал­ғанына қуанышты екендіктерін білдіре келіп, осыған жәрдем жа­саған Қазақстан Үкіметіне, сондай-ақ Индустрия және жаңа техноло­гиялар министрлігіне ал­ғыс сезімін жеткізді. Осы жерде кө­ңілге түй­геніміз, Қостанайда “Ssang Yong” автомобилін құрас­ты­рудың бірінші кезеңі ірі торап­тық әдіс бойынша жүргізіледі. Содан кейін кәсіп­о­рын­­­ның көлік шығарудағы жеке үлесі 50 пайызға дейін жеткізетін шағын тораптық тәсіл қолға алы­нады. Алғашқы жы­лы мұнда 1000 автомобиль шы­ғару жоспарланып отыр. Бірлескен жұмыстың бесінші жылында бұл мөлшер 7500-ға дейін жеткізіл­мек­ші. Енді бұл автомо­биль­д­ер “Ssang Yong” маркасының ресми дис­три­бьюторының желісі болып сана­латын “Allur Auto” автомобильдер компаниясы арқы­лы сатылатын болады. Олар сондай-ақ еліміздегі ең ірі көлік сату орындары бойынша да саудаға шығарылады. Мәслихатта аталмыш жобаға 16 млн. доллардан астам инвести­ция құйылғаны баян етілді. Соның ішінде “Allur Auto” компаниялар тобы мен “Қазақстан Агромаш­хол­дингі” акционерлік қоғамы бөл­ген қаржы 10 млн. долларды құ­райды. Ал өндірісті құрастыру же­лісін сатып алуға арналған 6,5 млн. доллар мөлшеріндегі қара­жат­­т­ы “Қазақстан транспорт ли­зинг­тік компаниясы” АҚ шы­ғарған. Бұл ак­ционерлік қоғамның 100 пайыз­дық акциялар пакеті Көлік және ком­муникация ми­нистр­лігіне қарайды. – Қазақстанда “Ssang Yong” көлігін құрастырып шығару отан­дық тұтынушылар үшін олардың бағаларын төмендетіп ұсынуға мүм­кіндік береді, – деді “Allur Auto” автомобильдер компаниясы тобы­ның бас директоры Андрей Лав­рентьев өз кезегінде. – Бұған қоса біз еліміздің барлық ірі қала­ларында сапалы да тиімді бағамен автомо­биль қызметін көрсететін боламыз. Біз сіздермен бұдан бұ­рын да осы құрамда жолыққан едік. Онда осы жобаның іске қо­сыл­ғанын мәлім еткен болатын­быз. Енді сол жо­ба­дан шыққан көліктерді әкеліп тұр­мыз. Ал алда Қазақстанның жолда­рымен авто­жү­ріс өткізу ойымызда бар. Ол аталмыш көліктердің біздің жолдарымызға қаншалықты шыдас беретініне сынақ болмақ. Жиында “Қазақстан Агромаш­хол­дингі” акционерлік қоғамының президенті Дин Ким кәсіпорын­ның алдағы уақыттарда да сапалы өнім шығару үшін күресе беретінін айтты. Таяудағы 5 жыл ішінде кәсіпорын тағы 300 жаңа орын ашады. Жақын келешекте мұнда жылына шығатын көліктер санын 25 мыңға дейін жеткізу де межеде бар. Ол кезде, әлбетте, жақын шет­елдерге экспортқа шығару жү­зеге асатын болады. Мәслихатты жүргізушілер со­ңында журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Серік ПІРНАЗАР, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.